28.09 | Қарабақ қақтығысы, Меркель мен Навальный, Трамп салық төлемей ме?

27 қыркүйекте Таулы Қарабах маңында Армения мен Әзірбайжан әскерлері арасында қақтығыс болды. Бұл туралы BBC басылымы жазды.

Армения 16 адам қайтыс болғанын және 100 адамның жараланғанын хабарлады.

Әзірбайжан мен Армения бір-бірін “қарапайым тұрғындарды өлтірді” деп айыптап отыр. Ереван екі адамның өлімі туралы хабарласа, Баку тарапы бес адамның ажал құшқанын жеткізді. Екі ел де әскери төтенше жағдай енгізді.

28.09 | Қарабақ қақтығысы, Меркель мен Навальный, Трамп салық төлемей ме?
Таулы Қарабах

Армения премьер-министрі Никол Пашинян айтуынша, Әзірбайжан Арменияға соғыс жариялады. Әзірбайжан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Арменияда 550 жуық әскери қызметкер өлді. Ал Армения тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ереван мен Баку арасындағы Таулы Қарабахқа қатысты дау 30 жылдан бері жалғасып келеді. Таулы Қарабахта армяндар басым. Олар 1991 жылы Әзірбайжаннан тәуелсіздігін жариялады. 1992-1994 жылдар аралығында Әзірбайжан Таулы Қарабахты қайтаруға тырысты. Кейін атысты тоқтату туралы келісімге келді. Әзірбайжан тарапы Таулы Қарабах Республикасының тәуелсіздігін мойындамайды.

Екі ел арасындағы қақтығыс 2020 жылдың шілдесінде күшейе түсіп, әскери күштері шекарада атысты. Армения мен Әзірбайжан бір-бірін оқ ату туралы келісімді бұзды деп айыптады.

Трамп салық төлемеді ме?

АҚШ президенті Дональд Трамп кейінгі 15 жылда он жыл бойы табыс салығын төлемеген. Бұл туралы Трамптың 20 жылдық салық декларацияларын зерттеген New York Times хабарлады.

Бұған дейін Дональд Трамп табыстан гөрі шығыны көбейгенін айтқан еді. Расымен президенттің кейбір компаниясы мен кәсіпорындары шығынға ұшырады. Атап айтсақ, Trump National Doral Miami курорты және Вашингтондағы Trump International Hotel отелі шығынға батқан.

28.09 | Қарабақ қақтығысы, Меркель мен Навальный, Трамп салық төлемей ме?
Dominick Reuter/Reuters

АҚШ президенті 2018 жылы “Ученик” реалити шоуының үлесін сатып, кем дегенде 603 млн доллар табыс тапты. Басылымның хабарлауынша, бұл табыстан Трамп 100 млн доллардан астам салық төлеуі керек. Сонымен қатар, президенттің 100-ден астам компаниясы бар екенін де жазылған.

Трамп президент болған 2016-2017 жылдары 750 доллар табыс салығын төлеген. 2018-2019 жылдары қанша салық төлегені белгісіз.

Ал Дональд Трамп NYT жариялаған материалдың жалған ақпарат екенін айтты. АҚШ президенті табыс салығы туралы декларацияны жариялауға уәде берді. Бірақ ол үшін салық қызметкерлері “дұрыс қарым-қатынас жасамауды” тоқтатуы керек деді.

Меркель Навальныйдың халін сұрады

Алексей Навальный Германия канцлері Ангела Меркельдің ауруханаға халін сұрауға келгенін растады. Бұған дейін Der Spiegel неміс басылымы Меркельдің ресейлік оппозиционеріне жолыққанын хабарлады. Бірақ кездесудің қашан өткені айтылмаған еді.

Кездесу болды. Бірақ оны “жасырын” өтті деп айтуға келмейді. Керісінше, жеке және отбасылық әңгіме айтылды. Ауруханада жатқанымда халімді сұраған Германия канцлері Меркельге алғысым шексіз.

Алексей Навальный

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады. Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты, 22 тамызда Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды.

“Новичок” тобына жататын умен уланған ресейлік оппозиционер 23 қыркүйекте емханадан шықты. Навальный клиникада 32 күн емделді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz