22.10 | Инстаграмдағы жазбасы үшін жазаланған атыраулық, Трамптың Қытайға ызасы, 2025 жылы роботтар жаулап ала ма?

Атырау тұрғыны Instagram-да жариялаған жазбаcы үшін әкімшілік жауапқа тартылды

Атырауда 22 жастағы қала тұрғыны Instagram-да жариялаған аудио және бейнематериалдары үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Polisnews.kz хабарлады.

Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атыраудың 22 жастағы тұрғыны Instagram парақшасында теолог Ибн әл – Джаузидің идеяларын насихаттайтын аудио мен видеоларды жариялаған. Дінтану сараптамасының қорытындысына сәйкес мұндай контентті Қазақстанда пайдалануға және таратуға тыйым салынған.

22 жасар жігіт Қазақстан әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Сот қаулысымен оған 20 АЕК (55 560 теңге) айыппұл салынып, әлеуметтік желідегі парақшасы жабылды.

Трамп Қытайға қарсы “көп нәрсе жасауға” уәде берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды америкалықтардың маска тағуына мәжбүр етті деп айыптады. Бұл туралы Ақ үйдегі қолдаушыларымен кездесу кезінде айтты.

America This Week бағдарламасының жүргізушісі Эрик Боллинг Трамптан егер сайлауда жеңген жағдайда Вашингтон мен Пекиннің қарым-қатынасы қандай болатынын сұрады. Трамп жауап беруден бас тартып, бірақ Қытайға қарсы “көп нәрсе жасайтынын” айтты.

«Олардың [Қытай] бізге істегендері — ұят нәрсе», – деді Трамп.

Бұған дейін Дональд Трамп “Қытай коронавирусты әлемге таратқаны үшін” жауап беретінін айтқан. Сонымен қатар, COVID-19 пандемиясы үшін үлкен сома төлеу керек екенін мәлімдеген еді.

2025 жылға қарай жаңа технологиялар 85 млн жұмыс орнын ығыстырады

Дүниежүзілік экономикалық форумның есебінде 2025 жылы адам мен технология арасындағы жұмыс теңдей бөлінеді делінген. Сонымен бірге жұмыс берушілердің 43% автоматтандыруға байланысты жұмыс орындарын қысқартуды қолдайды.

22.10 | Инстаграмдағы жазбасы үшін жазаланған атыраулық, Трамптың Қытайға ызасы, 2025 жылы роботтар жаулап ала ма?
Ауылшаруашылық жұмыстарына арналған Bonirob роботы. Фото: DW. Көрнекі сурет

Технологиялық прогресс нәтижесінде 2025 жылға қарай экономиканың 15 саласында 85 млн жұмыс орны қысқартылуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, «роботтардың революциясы» 97 миллион жаңа жұмыс орнын ашуы мүмкін.

Құжатта айтылғандай алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ұзақ уақыт кетіп, ал қазіргі еңбек орындарының жойылып кетуіне көп уақыт кетпеуі мүмкін.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz