2022 жылғы президент сайлауына қатысушылар туралы не білеміз?

20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа бес үміткер қатысады. Шынайы саяси бәсекелестік жоқ ортада, президенттікке үміткерлердің көп бөлігі сайлау алдында ғана көпшілік алдына шығып, белсенді бола бастағанда «Бұлар кім?» деген заңды сұрақ туындайды.

Factcheck.kz редакциясы бұл материалда билікке үміткерлер туралы деректерді жинап, сайлауда жеңіске жетіп жатса қоғамға не ұсына алатынын анықтап көрді. Аудитория Қасым-Жомарт Тоқаев туралы ақпаратпен таныс екенін ескеріп, оны бұл шолуға қоспадық. Сонымен, тіркеу реті бойынша талдаймыз.

Мейрам Қажыкен – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы»

Сайлауалды ұраны: «Жұмыс қарыз емес, табыс әкелуі керек!», «Әлеуметтік теңсіздікке жол жоқ!»

Мейрам Қажыкен – инженер, экономика ғылымдарының докторы. 1992 жылы Павлодар облыстық Экономика басқармасының бас маманы болып еңбек жолын бастаған оның мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі көп. Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі, экономика министрлігінде басқарма басшысы, ҚР премьер-министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ «KEGOC» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды. Саясаткердің еңбек жолын мына жерден көруге болады.

Бүгінгі күні Қажыкен «Заманауи қоғамды зерттеу институты» (ЗҚЗИ) ЖШС бірінші жетекшісі және алты құрылтайшысының бірі деп көрсетілген. Айта кетсек, басқа бес құрылтайшысы – ұйым. Олар: «Қазақстан еңбек конфедерациясы», «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» (Қажыкенді президенттікке ұсынған), «Машина жасаушылардың салалық кәсіптік одағы», «Қазпрофметалл» салалық тау-кен металлургиялық кәсіптік одағы, «AQNIET» Денсаулық сақтау қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы.

Институт 2015 жылдың 12 қаңтарында құрылған, 2019 жылы қайта тіркеуден өткен. 2018 жылы мемлекетке 1 759 397 теңге салық төлеген. Kompra ресурсының дерегіне сай, осы уақыт аралығында 2021 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен ашық байқау арқылы 9 328 571 теңге (бір ғана мемлекеттік сатып алу) алған. Борышкерлер тізімінде жоқ.

Сайттағы ақпарат бойынша, Институт еңбек қатынастарына қатысты тақырыптар бойынша ақылы семинар-трениңдер өткізеді. Бағасы бір адамға 20 мың теңгеден көп емес. Жүргізілген зерттеулер туралы ақпарат жоқ. «Жұмыстағы келісімшарт» не «аяқталған келісімшарттар» бөлігі бос немесе жұмыс істеп тұрған жоқ.

Институттағы жетекшілігінен бөлек, Мейрам Қажыкен 2022 жылдың сәуірінде пайда болған Yntymaq саяси партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың көшбасшысы болды. Партия ресми түрде тіркелген жоқ. Оның парақшасы ЗҚЗИ сайтының доменінде тұр. Ол Yntymaq саяси бағдарламасында «Қазақстан қоғамының модернизациясын» қалайтынын және «демократия принциптерін қатаң ұстанатынын» мәлімдеген. Партия сайлауалды кезеңінде Yntymaq үйлестіру кеңесінің төрағасы Қажыкенді үгіттейтіні анық.

Мейрам Қажыкен әлеуметтік желілерде өзінің сайлауалды кампаниясы туралы белсенді түрде есеп беріп, бағдарлама туралы айтып, елдің болашағы мен дамуына қатысты пікірін бөліседі. Байқауымызша, президенттікке үміткер қызметінің фокусын негізінен кәсіпкерлік пен кәсіподақты дамытуға аударғысы келеді. Оның сөзінше, осы салаларды жаңғырту күшті азаматтық қоғамды құрудың негізі болады.

2022 жылғы президент сайлауына қатысушылар туралы не білеміз?
Мейрам Қажыкен (ортада), фото Facebook-тағы көпшілік парақшадан алынды

Үміткерлерге үгіт-насихат жүргізу үшін берілген аз мерзім ішінде Қажыкен дау-жанжалға ілігіп үлгерді. Саясаткердің сайлауалды штабының жетекшісі Абыл Кекілбаев президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова мен қоғам қайраткері Насима Қорғанбекованың сынына Facebook-та жауап берген кезде «әйелдер ас үйде плитаның қасында тұрғанда олармен тіл табысу оңай» деп жазды. Бұл жазба желіде штабқа, Қажыкеннің өзіне деген наразылық тудырды. Себебі ол қоластындағы қызметкердің сөзі үшін әзірге кешірім сұраған жоқ.

Мейрам Қажыкеннің сайлауалды бағдарламасы сегіз блокқа бөлінген: мәдени бірлестік; білім жүйесін (әсіресе өңірлерде) дамыту; құқықтық тәртіп, қорғанысқа қабілет және ұлттық қауіпсіздік; азаматтық қоғамды дамыту; әлеуметтік саясат; экономика үлгісін жаңғырту; ішкі саясат.

Қажыкеннің негізгі ұсыныстары: басқа тілдерге қысым көрсетпей қазақ тілін дамыту; білім сапасын (әсіресе өңірлерде) арттыру; мемлекеттік басқаруды орталықтандыру, барлық дәрежедегі әкімдерді сайлау және бюджетті бөлу жүйесіне реформа жасау; жемқорлықпен күрес, құқық қорғау және сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру; ҮЕҰ қолдау және БАҚ еркіндігі; әлеуметтік қорғауды жақсарту, денсаулық сақтау шығындарын көбейту, әйелдердің зейнет жасын төмендету, еңбек шарты мен ақысына қатысты жұмысшылардың құқын қорғау.

Бұдан басқа, кандидат өнімді әртараптандыруға және бәсекеге қабілетін арттыруға, ірі бизнеске қатысты бейтараптыққа және ШОБ-ты дамытуға, шетелдік жеке меншікті шектеуге не алып тастауға, заңсыз шығарылған қаржыны қайтаруға, ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аудара отырып, ұлттық экономиканың жаңа моделін құруға уәде береді. Қажыкеннің пікірінше, Қазақстан сыртқы саудада «түрлі одақтарға экономикалық тұрғыда байланбай-ақ» пайдаға кенелуі керек және екіжақты келісімге иек артуы қажет. Ал сыртқы саясатта егемендікті сақтап қалу үшін жұмсақ интеграция форматын ұстануға тиіс деп есептейді.

Сайлауалды науқаны басталғаннан кейінгі алғашқы посттарының бірінде кандидат басты мақсаты және қалған өмірінің мәні реформалар екенін, сонымен қатар тек жеңіске жету үшін бара жатқанын жазды.

Жигули Дайрабаев — «Ауыл» партиясы

Сайлауалды ұраны: «Ауылдан шықтым!»

Жигули Дайрабаев жетпісінші жылдардың басында, 18 жасында шопанның көмекшісі және Луговой ауданындағы (қазіргі Жамбыл облысындағы Т.Рысқұлов ауданы) «Коммунизмге жол» колхоз көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеді. 1977 жылы сол колхоздағы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне көтерілді. Сол кезеңдерде мансабы бірден жоғарылай бастады. КСРО құлаған кезде Дайрабаев Жамбыл атындағы колхоздың басқарма төрағасы қызметінде болды және ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты еді. Қазір мамандығы бойынша агроном Дайрабаев «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің Төралқа басшысы, Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма басшысы, сондай-ақ “Қазақстан Фермерлер одағы” ҚБ-ның бірінші басшысы. Бұрын «Нұр Отан» (қазіргі «Amanat») және «Адал» партияларының құрамында болған.

2002 жылы «Molbal» ЖШС бірінші жетекшісі болды. Мекеме астық және дәнді-бұршақты дақылдар өсірумен айналысады. 2015 жылдан бастап «Molbal»-ды Жигули Дайрабаевтың ұлы Марат Жигулиұлы басқарады. Айтпақшы, оны туған ағасымен бірге жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап, сот ісі жүріп жатыр. Ұлдарына қатысты іске Дайрабаев былай деп пікір білдірді:

Менің ұлдарым бала емес, өз өмірі бар. Оларды түрмеге қамапты деген және соған ұқсас қауесеттер жалған. Бір ұлым егіншілікпен айналысады, екіншісі құлпынай өсіреді. Біз құқық қорғау органдары мен сот ісіне араласа алмаймыз. Бәрін уақыт көрсетеді.

5 қазанда ОСК құжат тапсыру кезінде Дайрабаев Азаттық тілшісінің «сайлауға өз еркіңізбен қатысып жатсыз ба әлде біреу міндеттеді ме» деген сұрағына «біреудің қолшоқпары болатын уақыттан әлдеқашан өтіп кеткенін» айтты. Сосын өзін енді «партия солдатымын» деп атады.

Жигули Дайрабаевтың бастамалары негізінен аграрлық секторға қатысты. Мәселен ол 2021 жылы жерді жалға алу құқын мұрагерлік жолмен беруді ұсынды. Ал биыл шілдеде фермерлер қауымдастығымен бірге Тоқаевқа ашықхат жолдап, отандық ауылшаруашылығы техникасына жеңілдетілген несие механизмін енгізу қажеттігі туралы президент ұсынысын қолдады.

Facebook парақшасындағы  сайлауалды науқаны туралы ақпаратты Дайрабаев тек қазақ тілінде таратады. Дегенмен үміткер сайлаушылармен кездесу туралы стандартты есеппен ғана шектеледі. Тек қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтағаны және Шахтинск қаласындағы «АрселорМиталл Теміртау» жұмысшыларының қазасына қатысты көңіл айтуы ғана стандарттан ерекше болып тұр.

2022 жылғы президент сайлауына қатысушылар туралы не білеміз?
Жигули Дайрабаев, фото «Ауыл» партиясының Facebook парақшасынан алынды

Үміткер оппонененттері мен басқа да қазақстандық саясаткерлер айтқан агрессияны жауапсыз қалдырмауға тырысады. Халық партиясы басшысы Ермұхамет Ертісбаев Дайрабаевты «Гиннес рекордтар кітабына 0%-пен енеді, ешкім астанасын «Жигули» деп ауыстырғысы келмейді» деді, «Ауыл» партиясы Ертісбаевтың репликасын «жексұрын амал» деп мәлімдеп, партия көшбасшысы өзін «саяси ергежейлі сынды ұстайды» деп толықтырды. Сондай-ақ Дайрабаев президенттікке үміткерлердің бірі Нұрлан Әуесбаевтың сынына да жауап берді, ол туралы толығырақ ары қарай материалдан оқисыз.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Дайрабаев негізгі ұлттық артықшылықтарды іске асыру жоспары туралы мәлімдеген, оның пікірінше, бұл – «дала демократиясының принциптері», «жоғары рухани-адамгершілік мәдениет», сондай-ақ «күшті аграрлық сала және мықты аймақтар».

Нақты ұсыныстарға келсек, Дайрабаев ауылдарды дамыту бағдарламаларын, бюджетті жоспарлаудың ашықтығын, ұлттық қорды, зейнетақы активтерін және ұлттық және квазимемлекеттік компаниялар қызметін басқару, БАҚ, қоғам белсенділері, мәдениет және ғылым қайраткерлерінің дәрежесін көтеруді жоспарлайды.

Сондай-ақ үміткер отбасы институтының рөлін қалпына келтіріп, балаларды тәрбиелеу мен білім беру тәсілдерін өзгертіп, ой еркіндігіне басымдық бере отырып ұлттық дәстүр мен құндылықтарды сақтап, мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеріп, қандастарға материалдық көмек көрсеткісі келеді.

Елді «аграрлық державаға» айналдыру мақсатына Дайрабаев АӨК мен ауылдарды жаңғырту, тұтынушы кооперативтері желісін дамыту, АӨК-ке инвестиция тарту, ауылшаруашығы жұмысшыларының дәрежесін көтеріп, әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ олардың құқын қорғау арқылы жеткісі келеді.

Сонымен қатар, журналистермен тілдескенде президенттікке үміткер көп уәде бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, биылғы сайлау кезектен тыс болғандықтан, партия өзін ұсынатынын да күтпеген.

Қарақат Әбден – Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы

Сайлауалды ұраны: «Отбасыға, қоғамға және Отаныма керегін мен білемін»

Қарақат Әбден – экономист-маркетолог, еңбек жолының көп бөлігінде мемлекеттік органдарда қызмет еткен. Мемлекеттік кірістер комитетінде жетекші маман және Қаржы министрлігінің Салық комитетінде басқарма бастығы лауазымында жұмыс істеді, Астана қаласы мәслихатының депутаты болды. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік саясат мектебі директорының орынбасары лауазымында, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясында (қазіргі «Amanat») қызмет атқарды.

2019 жылы журналист Фариза Оспан Facebook-те пост жариялап, Қарақат Әбденге тиесілі «Қазақ қызы» әйелдерді мәдени-адамгершілік ағарту институтына бөлінетін қаржы жылына 17 544 000 теңгеге жеткенін жазды. Деректер мемлекеттік сатып алу порталынан алынған. Бұл оқиғадағы үлкен соммадан бөлек мәселе – осы жариялымнан кейін Фариза Оспанға қоқан-лоқы жасала бастаған. Белгісіз біреу телефон арқылы хабарласып постты өшіруін сұраған, олай етпеген жағдайда «заңға қайшы» әрекет ететінін айтқан.

Бір қызығы, институт қазірге дейін жұмыс істеп тұрғанымен, сол уақыттан бері мемлекеттік сатып алу реестрінде «Қазақ қызы» ҚҚ мәліметі жаңармаған. Соңғы келісімшарт туралы дерек 01.29.2019 күнімен тұр. Ашық деректердегі салық төлемдері туралы ақпарат та 2019 жылмен аяқталады. Сол кезде әлеуметтік желілердегі түрлі парақша Институт 413 мемлекеттік келісімшарт жасасқанын жазған. kompra.kz сайтындағы мәлімет бойынша, бұл сан үш жылдан кейін де өзгерген жоқ.

Бұдан бөлек Қарақат Әбден «Нұр-Бөбек» ЖШС құрылтайшысы және жақынға дейін оның жетекшісі болған. 2022 жылы ұйымның мемлекеттік сатып алуы 91,3 млн теңгеге жетті. Қазір басшылықта Құлсариев Кардар Сыдықұлы отыр. «Қазақ қызы» институтының қызметі мен «Нұр-Бөбек» мекемесі туралы толығырақ біз 2019 жылдың соңында «Мемлекеттік сатып алу» айдарында жаздық.

Әбденнің пікірінше, жаһандық дағдарыс жағдайында адамдар ең негізгі құндылық отбасы екенін ұмытып кетеді. Үміткердің айтуынша, отбасы-ошақ қасын сақтауға ниеттің болмауы, ажырасуға бей-жай қарау, ер адамдармен бәсекелесу, бала тууды қаламау және үлкендерге құрмет көрсетпеу – «қазақ қоғамындағы әйелді тәрбиелеудің классикалық үлгісінің құлдырауының салдары».

Қазақ қыздарына арналған институтты құру былай түсіндіріледі:

Қазір жетім балалар, ажырасу, баласы бола тұра тастап кеткен қарттар, жезөкшелік және т.б. көптеген әлеуметтік кесапаттар артып келе жатыр. Оған қыздардың тұлға ретінде қалыптасуына дұрыс көңіл бөлінбегендігі себеп болғанын қоғам нақты түсінді. Өсіп келе жатқан қыздарды мәдени-инабатты етіп тәрбиелеу – ұлт жетістігінің кілті.

«100 жаңа есім» жобасындағы Қарақат Әбден парақшасынан

Әбден әлеуметтік желілерін белсенді жүргізеді. Мәселен, астанадағы инфрақұрылым мәселелері туралы айтады. «Әуелі тұрғын үй кешендерін толтырып тастаймыз, содан кейін барып мектеп, балабақша мен ауруханалардың, оларға апаратын жолдың керек екенін ойлаймыз»-деп жазды үміткер өзінің Facebook парақшасына.

2022 жылғы президент сайлауына қатысушылар туралы не білеміз?
Қарақат Әбден, фото Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды

Әрине, Әбден бірінші кезекте әйел мен қыздардың мәселелерін көтереді. Жалғызбасты аналар тап болатын қиындықтарды пайымдай келе ол мемлекетке тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашуды ұсынады. Соның арқасында ата-ана түнгі ауысымда жұмыста болғанда бала қараусыз қалмайды.

Әсел Жанасованы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының қызметіне тағайындалуымен құттықтай келе ол Қазақстандағы шыны төбелер (glass ceiling; метафора — қызметтегі кәсібилікке қатысы жоқ кедергілер) мәселесін қозғады: «… Ер адамдарға ешқандай наразылығым жоқ, керісінше сыйлаймын, бағалаймын. Бірақ шын мәнінде әйелдерімізге әлеуметтік және қызметтік баспалдақпен көтерілуге еш нәрсе кедергі келтірмеуі керек қой».

Қарақат Әбден көпшіліктің есінде дәстүрлі құндылықтарды жақтаушы ретінде қалған. Бұл тақырып оның посттарында да жиі қозғалады, әсіресе сайлауалды бағдарламасы басталғалы жиіледі. Үміткер дәстүрді дамыту, ұмытпау керегі туралы жиі жазады.

Қазанның соңында Сеул қаласында Хэллоуинді тойлау кезінде 150-ден астам адам қаза тауып, оның ішінде қазақстандық қыз болғаны белгілі болған қайғылы оқиғадан кейін Әбден видеожазба жариялап, Қазақстанда Хэллоуинді тойлауға тыйым салуға шақырды. Оның пікірінше, мұндай мерекелер «қазақ жастарының санасын улайды».

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Қарақат Әбден елді дамытудағы негізгі бағыт — «бай тарихи мұраны, қазақ халқының өнеге мен әдепке негізделген дәстүрі мен жетістіктерін сақтау және жаңғырту, сонымен қатар оны қазіргі заманда дұрыс пайдалану» болуы керек деп жазады.

Әр отбасы, әсіресе көпбалалы отбасы, үлкен рухани-адамгершілік әлеуетке ие, ол халықтың ғасырлар бойғы рухани құндылықтарының сақтаушысы ретінде әрекет етеді, жинақталған тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа мұқият жеткізеді, осылайша қоғамдағы этикалық нормаларды бекітеді.

Қ. Әбденнің сайлауалды бағдарламасынан

Қазақстандық әйелдер тап болатын мәселелерді үнемі көтеріп отырғанымен, Әбден өзінің бағдарламасында біздің елде «әйелдерге өмірдің кез келген саласында өзін көрсету үшін жағдай жасалған» деп атап өткен.

Әбденнің мәлімдеуінше, оның бағдарламасы әлеуметке бағытталған және негізгі бағыттарын төрт блокқа бөледі: отбасы, балалар, жастар және «алтын буын». Бірінші блокта, мәселен, мектеп бағдарламасына рухани даму арнайы курсын енгізуді, пәтер алуға немесе пәтерақыны төлеуге қаржылай сертификат беретін жүйе енгізу, кәсіпорындардағы жас отбасыларды қолдау, бала тәрбиесімен айналысуды еңбек өтіліне қосу, көпбалалы аналарға көмектесу, жәрдемақы мен әлеуметтік көмек алуды, сондай-ақ балаларды балабақша мен мектепке орналастыруды цифрландыру мәселелері айтылған.


Балаларды қолдау шараларына тегін қосымша және орта білім кіреді, сонымен қатар, балалардың дамуын қолдау жүйесін құру мен сирек кездесетін сырқаты бар балаларға көмек көрсету жүйесін бірізділендіру енген. Жастарға Әбден тегін жоғары білім мен жалақы жүйесі бойынша шәкіртақы тағайындауды ұсынады. ЖОО мен мекемелер арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық-патриоттық жастар клубы мен қыздарға арналған қолдау орталығын құру арқылы жастарға көмектескісі келеді.


Қарттарға келер болсақ, оларға Әбден ел бойынша сапарлауға жеңілдетілген тарифтер бағдарламасын, кешенді емдеу және оңалту жүйесін жасауды, сондай-ақ жобалау кезеңінде серуендеу мен демалысқа арналған көше инфрақұрылымын қарастыруды жоспарлап отыр.

Нұрлан Әуесбаев – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП)

Сайлауалды ұраны: «Халық билігі мен еркін қоғам үшін!»

65 жастағы Нұрлан Әуесбаев журналистермен көп тілдесе бермейді, сол себепті медиада ол туралы мәлімет аз. Көмекке ЖСДП сайтындағы қысқаша өмірбаяны келеді. Дегенмен үміткер әлеуметтік желілерін, әсіресе сайлауалды науқаны басталғалы бері белсенді жүргізеді.

Әуесбаевтың екі жоғарғы білімі бар – заң және экономика. Саяси қызметіне дейін Кеңес әскерінде қызмет еткен және слесарь, механик болған. Шымкенттегі қорғасын зауытында жұмыс істей жүріп «Қазақ тілі» атты алғашқы қоғамдық бірлестікті құрды. Елдің әлеуметтік-саяси өміріне қызығушылығы да сол кезде басталды. Ары қарай ол қызмет баспалдағы бойынша өсіп, ауылдық кеңес төрағасынан ЖСДП астаналық бөлімінің төрағасы қызметіне дейін көтерілді. Бір қызығы, Әуесбаев өздерін оппозициялық деп атайтын партия атынан президенттікке үміткер ретінде тіркелген алғашқы адам. 2019 жылы ЖСДП саяси тұрғыдан сайлауға қатысудың мәні жоқ екенін, ол басқарушы билікке ғана қажет рәсім деп жазған.

Президенттікке үміткердің шағын кәсіпкерлікте тәжірибесі мол. Оның атына бөлшек саудамен айналысатын ЖК (ИП) тіркелген. Сондай-ақ Әуесбаев «Аристократ» ЖШС және «Н-Арка» ЖШС күзет агенттіктерінің бірінші басшысы болды, үміткерлікке ұсынылғаннан кейін қызметін тапсырып, орнына адам тапқан.

Сайлауалды науқанының есебін белсенді түрде бөлісіп отыратын Facebook-тағы жеке парақшасында олигархтарға қарсы әрекет ету қажеттігі мен әділетті экономикалық және әлеуметтік саясат туралы жиі жазады. Сонымен қатар, президенттікке үміткер құрылыс мәселесін де жиі қозғайды. 5 қарашада оның сайлауалды штабы Астанадағы тығыз салынған құрылыстарға қарсы митиң өткізді.

2022 жылғы президент сайлауына қатысушылар туралы не білеміз?
Нұрлан Әуесбаев (ортада), фото Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды

Әуесбаев ең үлкен мәлімдемесін 27 қазанда жасады. Ол видеожазба жариялап, Жигули Дайрабаевты өзін ұсынған партияның мүшесі емес деп айыптап, Қасым-Жомарт Тоқаевты түрлі мақсаттағы үш бірдей партия ұсынғанын сынады, сонымен қатар «Ақ жол» және ҚХП көшбасшылары Азат Перуашев пен Ермұхамет Ертісбаев жақында ғана Нұрсұлтан Назарбаевты мақтағандықтан оларды тыңдаудың қажеті жоқ екенін айтты. Келесі күні Ақмол ауылының тұрғындарымен кездескенде Әуесбаев сөзін қайталап, Перуашев пен Ертісбаев астаудағы асынан айырылып қалмау үшін кез келген билікті мақтауға дайын тұратын екіжүзді адамдар деді.

Жигули Дайрабаев жауап видео жазып, Әуесбаевты өзімен кездесіп, бәрін бетпе-бет талқылауға шақырды. Әуесбаев тағы бір видео түсіріп, ешкімнен қорықпайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ОСК-дан оппонентімен республикалық дәрежеде дебат ұйымдастырып беруін сұрады. ОСК әзірге бұл өтінішке ешқандай пікір білдірмеді.

Үміткердің сайлауалды бағдарламасындағы ішкі саясат бойынша негізгі ұсыныстар: президенттіктен парламенттік-президенттік республикаға көшу, сенатты тарату, барлық дәрежедегі шенеуніктердің кірісі мен шығысы туралы міндетті жария декларация, жемқорлық үшін жазаны қатаңдату, БАҚ-ты, оның ішінде жемқорлыққа қарсы зерттеулерді қолдау.

Экономика бойынша Әуесбаев олигархатпен белсенді күрескісі келеді: ол ірі кәсіпкерлерді IPO өткізуге мәжбүрлеуді, оффшорлардағы ақшаны қайтаруды, табиғи ресурстарды өндірумен айналысатын салаларды біртіндеп мемлекет меншігіне алуды, салық саясатын қайта қарауды, нарықтың үлкен үлестерін иеленетін ірі компанияларға көбірек салық төлетуді, «сенімді монополияға қарсы тосқауыл» енгізуге мәжбүрлеуді ұсынды.

Үміткер әлеуметтік саясатқа «Қазақстандықтардың өмір сапасының стандартын» енгізу қажет, оны зерттеу арқылы анықтау мүмкін дейді. Медицина мен білім беруді бюджеттен қаржыландыру, мектеп пен ауруханаларға деген сұранысты толықтыру. Саясаткердің пікірінше, тұрғын-үй бағдарламаларын қайта қарау керек, өйткені олар үйді салушы үшін ғана пайдалы, сондай-ақ полицияны толығымен реформалауды ұсынады.

Әуесбаев – сайлауалды бағдарламасында халықаралық саясатқа да қатысты ұсынысы бар санаулы үміткердің бірі. Оның ойынша, Қазақстан әлемдік процестің бейтарап қатысушысы болып қала берге тиіс, ал ядролық қарусыздандыруды одан әрі қолдауы керек. Егер интеграциялық процестерге қатысу мемлекетіміздің мүддесіне кесірін тигізсе оны “қайта қарап, ойынның қатаңдау түрін бекіту керек».

Салтанат Тұрсынбекова — «Қазақ аналары — дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі

Сайлауалды ұраны: «Талап пен тәртіп – ашық және адал қоғамның кепілі», «Мен әр адамның амандығын қалаймын!»

Салтанат Тұрсынбекованың мемлекеттік қызметте 30 жыл тәжірибесі, екі жоғары білімі бар, тарих және заң мамандығын оқыған. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары Бас прокуратурада, Жоғарғы сотта, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Заңдылық мәселелерін зерттеу институтында жұмыс істеген. Ақпарат алаңында негізінен әлеуметтік тақырыптарды көтерген, оның ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесімен белсенді күрескен. Бас прокуратурада жұмыс істеген кезінде Тұрсынбекова «Отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын бастаған.

Қазір Тұрсынбекова түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда қызмет етеді, олардың қатарында: президенттікке үміткер ретінде ұсынған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия (төраға орынбасары қызметінде – ред.), сондай Астана қаласының Қоғамдық кеңесі бар.

Үміткер үгіт-насихат жұмыстарында әйел мен қыздардың құқын қорғауға баса назар аударады. Плакаттарында әлем бойынша әйелдерге күш көрсетуге қарсы күресті сипаттайтын қызғылт-сары түсті пайдаланады. Оның сөзінше, бұл түс жайдан-жай таңдалған жоқ, осылайша ол өзінің көзқарасын білдіреді.

Тұрсынбекованың Facebook-тағы жеке парақшасы сайлауалды науқанға дейін аса белсенді емес және негізінен басқа қолданушылар саясаткерді тегтеген посттардан тұратын. Ол 20 қазанда, президенттіке үміткер куәлігін алғанын хабарлағанда іске қосылды. Парақшаны жүргізу тәсілі басқа үміткерлердің парақшасынан ерекшеленбейді – сайлаушылармен кездесу туралы есеп, сайлауалды бағдарламасынан үзінділер, сондай-ақ өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірген жазбалар.

2022 жылғы президент сайлауына қатысушылар туралы не білеміз?
Салтанат Тұрсынбекова (ортада), фото Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды

Мәселен, Тұрсынбекова «тоқал» институтына қарсы пікір білдірді және жалпы посттардың мазмұнына қарасақ гендерлік теңдікті жақтаушы екенін байқауға болады:

Қазақстандық әйел өз алдына толық және құнды болуы қажет. Әйел ұрпақты көбейтуге арналған инкубатор емес және «пешке» қосымша құрылғы емес. Қазақ отбасында туған қыздар ұлдар арасындағы аралық апат емес. Олардың барлығы қайталанбайтын және өмірге келуімен құнды.

С. Тұрсынбекованың Facebook-тағы постынан

Тұрсынбекованың пікірінше, мемлекеттің негізгі мәселелерінің бірі «құмар ойындар, нашарқорлық және қоғамның ішімдікке салынуы»: президент болса ол осы мәселелермен күреспек. Оның ойынша, осы нәрселер әлеуметтік әлсіздікпен бірігіп тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі болады.

Блогер Ұлан Әбішевтің сұрақтарына жауап бере отырып, үміткерден қарсыласы Мейрам Қажыкен туралы сұрағанда Тұрсынбекова оны «қоғам игілігін құруда шын тәжірибесі жоқ, қолында кітабы бар теорияшыл адам» ретінде елестететінін айтты. Осы сөз Қажыкеннің сайлауалды штабы жетекшісінің жоғарыда айтып кеткен сексистік пікірінің айтылуына себеп болды.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Салтанат Тұрсынбекова «Жаңа Қазақстанның» негізгі принциптері деп «теңдіктің үстемдік құруын, басқаруға деген жауапкершілік, көппартиялылық және саяси бәсекелестікті» атады.

Негізгі ұсыныстары бес пункттен тұрады:

  1. сот-құқықтық реформа және қоғамдық қауіпсіздік, бұған, мысалы, ұрып-соғу үшін жазаны қатаңдату және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңнаманы қабылдау кіреді;
  2. билік институттарын демократияландыру және бәсеке орта қалыптастыру, сайлау заңнамасын жетілдіру және адам құқықтарын қолдау арқылы саяси жүйені модернизациялау;
  3. азаматтық қоғамды дамыту: биліктің есеп беру міндетін күшейту және қоғамдық бақылауды арттыру;
  4. отбасы институтын нығайту мен тұрғындарды әлеуметтік қорғау, оның ішінде: төмен жалақы мен күнкөріс минимумын арттыру, әлеуметтік тұрғын-үй салу және әлеуметтік дүкендер желісін құру, әйелдер мен тұлғалардың зейнет жасын 58-ге дейін төмендету, мүгедек адамдардың өмір сапасын арттыру, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын өңір әкімдерінің айлығымен теңестіру, жастарды құқықтық, әлеуметтік қорғау, оның ішінде түрлі субсидия мен жеңілдетілген несие беру;
  5. бизнесті қолдаудың және экономиканы дамытудың тұрақты құқықтық тетіктерін бекіту, оның шеңберінде, басқалармен қатар, монополиясыздандыру және бәсекелестік пен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеу ұсынылады.

20 қазан күні Салтанат Тұрсынбекова үміткер ретінде тіркелгенін хабарлаған постта «тым қиялға берілмейтінін» де жазды. Оның сөзінше, сайлау – «маңызды тезистерді қозғап, өзекті мәселелерді көтеретін мүмкіндік», ол өзіне заң бойынша тиесілі эфир уақытын тиімді пайдаланғысы келеді.

Контекст

11 қарашада президенттікке үміткерлер «Хабар» телеарнасының эфирінен дебатқа шығарды. Бір қызығы, БАҚ хабарлауынша, бұл дебаттарға Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспайды – оның орнына сайлауалды штабының жетекшісі және Amanat партиясының төрағасы Ерлан Кошанов қатысады.

Factcheck.kz