2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім

Биыл коронавирус пандемиясы өршіген тұста инфодемия да ушығып, Factcheck.kz жүздеген ақпаратты тексерді. 2020 жылы көп тараған 10 фейктің екінші бөлімін ұсынамыз. Ал бірінші бөлімін мына сілтемеден оқи аласыз.

10. Фейк: Қытай премьер-министрі мешітте намаз оқыды

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мешітке классикалық костюмде келіп, намаз оқыған адамдардың видеосы тарады. Видеоның сипаттамасында құлшылық еткендердің бірі Қытай премьер-министрі екені жазылған.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім

Бұл видео осыған дейін 2015 жылдың шілденің 21-і YouTube-та 2,23 млн жазылушысы бар ақпараттық агенттіктің каналында жарияланған. Видеоның атауы «Премьер-министр астанадағы мешітке келді».

Видеоның сипаттамасында бес күндік іссапары барысында Малайзия премьер-министрі Абдулла Ахмад Бадави Пекиндегі Нан Ся По мешітіне барып, жұма намазға қатысты делінген. Мешіт —  Цин династиясы кезінде үш жүз жыл бұрын салынған Қытайдағы ең көне құлшылық орны. Бадави мешіттің имамы Чжан Ван Чунмен кездесіп, онымен он минут сөйлескен.

9. Жалған | Жириновский: «Қытайлар Қазақстан арқылы өтіп жатыр»

Ресей депутаты және РЛДП партиясының көшбасшысы, өзінің даулы әрекеттерімен танылған Владимир Жириновский коронавирустың таралу қаупіне байланысты Ресей мен Қазақстан арасындағы автожолдарды жабуды талап еткен еді.

«Шекараны жаптық – жақсы, үкіметтің бағыты дұрыс, біз қолдаймыз. Бірақ бір үлкен «тесік» қалып кетті: қытайлар күні-түні Қазақстан тасжолдары арқылы автобуспен өтеді.

В. Жириновский

Қазақстан билігі Жириновский мәлімдемесіне дейін қауіпсіздік шарасы ретінде Қытаймен транспорттық байланысты тоқтатқан болатын. Сондықтан да оның мәлімдемесінде ешбір дәлел жоқ.

8. Фейк | Қытайлар ислам дінін қабылдап жатыр

24 ақпанда, Қытайда коронавирус өршіген тұста, Youtube және Whatsapp-та “Қытайлар ислам дінін қабылдап жатыр” деген видео тарай бастады.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім

Бұл видеоның короновирусқа мүлдем қатысы жоқ. Қытай азаматтары бұл вирустың кесірінен ислам дінін жаппай қабылдап жатыр деп айта алмаймыз. Видео алғаш рет 2019 жылдың 5 маусымында жарияланған.

Facebook қолданушысы Mak Mohamed видеоны Қытайдың Иу қаласынан жариялады (Иу Қытайдың оңтүстік шығысында Чженцзян провинциясының орталығында орналасқан). Youtube және Whatsapp-та тарап жатқан видео айт намазы оқылып жатқанда түсірілген.

Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарлауынша, видео жарияланған күні (5 маусым) бүкіл Қытай мұсылмандары Ораза айт мейрамына жиналған.

7. Фейк | Қытайда канализациядан жүзден аса құран табылды

Биыл қазақстандық интернет сегментінде “Қытайда канализациядан жүзден ас құран табылғаны” жайлы сурет жарияланды. Желідегі жазбаның қазақша аудармасы:

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім

Қытайда канализациядан 100-ден астам құран табылды. Міне, сондықтан осындай қайғылы жағдайдың жалғасуына себеп болып отыр. Алла оларды бұл әрекеті үшін кешірмейді. Егер сіз бұл ақпаратты әлем бойынша тарата алмасаңыз, бұл біз үшін қарғыс саналады. Егер сіз мұсылман болсаңыз, бұл хабарламаны бөлісуіңізді сұраймын.

Желідегі жазбадан

Суреттің Қытайға еш қатысы жоқ, 2013 жылы Сауд Арабиясында түсірілген. Таиф қаласының Әл Салам ауданында мектеп оқушысы канализация тесігінен судың атқылап жатқанын байқап, әкесіне қоңырау шалған. Оқиға орнына келген полиция канализациядан 50-ден астам құранды су күйінде алып шыққан.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім
Фото: falsoo.com

6. Мақтаралдағы мешітті су басты ма, жоқ па?

Көктемде, Түркістан облысы Мақтарал ауданында тасқын болған кезде, су шайған Өргебас ауылындағы мешітті “Алланың құдіретімен су баспады” дегендер көбейді.

Әлеуметтік желіде тараған видео

“Бұл ауылды тұтас су басқанымен, су мешітті баспай, маңайына да жоламаған”, – деп айтып жатқан адам да болды.

Таралған суреттерден кейін желі қолданушылары исламның құдіреті жайында жиі жазып, тылсым күш жайында айта бастады. Шынында су мешітті де басқан. Бұған оқиғадан хабар таратқан БАҚ суреттері мен видеолары дәлел бола алады. Ал желіде таралған фотолар су тартыла бастағанда түсірілген. Бұған жердегі ылғалдан қалған дақтар дәлел бола алады.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім
Сурет: Азаттық радиосы, Дилара Иса

5. Манипуляция | Астанадағы EXPO-2017 көрмесі басқа елдердегіден арзан болды

Instagram әлеуметтік желісіндегі 1 миллионнан астам аудиториясы бар танымал парақшада Астанада өткен EXPO-2017 көрмесі басқа қалалардағы – Милан мен Шанхайдағы – осындай іс-шаралармен салыстырғанда мемлекетке арзан түскенін хабарлаған пост жарияланды.

Айта кеткен жөн, осы секілді көрмелер әлемдік, мамандандырылған, бағбандық және Миланда өткен триеналле (Trienalle di Milano) сынды бірнеше санатқа бөлінеді. Әр санатқа арналған өзіндік тәртіп бар. Онда өткізу мерзімі, рұқсат етілген ауқымы, кезеңі және тағы басқалары көрсетіледі. Астанадағы EXPO-2017 мамандандырылған көрме, ал Милан мен Шанхайда ұйымдастырылған көрмелер әлемдік көрмеге жатады, сол себепті мұндай салыстыру қате және манипуляция болып есептеледі. Толығырақ мына сілтемеде.

4. Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?

2020 жылы әлеуметтік желіде “Борат 2” фильміне Түркияда тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада Еродоғанның өзі фильмді көрсетпеуге пәрмен бергені жазылған.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім

Түрік тілді сайттар мен қазақстандық ресми органдарының сайтынан осымен мазмұндас жаңалық табылмады. Бір қызығы, бұл ақпаратты Tau news сайты ғана әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған және дерекөзді көрсетпеген. Аталмыш сайттың өзінен мұндай ақпарат таппадық. Түркия президентінің ресми парақшасы мен елдің ресми сайттарында да мұндай ақпарат жоқ.

3. Манипуляция | Еуропа соты Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізу қылмыс деді

Биыл әлеуметтік желіде Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотының пайғамбарға тіл тигізу қылмыс екені және «сөз бостандығы» ұғымына жатпайтыны айтылды.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім

Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты мұндай контексте мәлімдеме жасамаған. Мұнда жаңалық авторы манипуляцияға жол берген. Бұдан бөлек оқырманды шатастыратын ақпарат таратқан. Мұндай сот шешімінің мәлімдемесі Австрия тұрғынының талабынан кейін айтылған еді. Бұл жердегі басты назар аударатын мәселе — жаңалықтың контексі жазылмаған. Ал Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты еш негізсіз пайғамбарды қорлау қылмыс екенін мәлімдемейтінін ұмытпайық.

2. ДДСҰ басшысы түнгі клубта билегені рас па?

Twitter желісінің қолданушылары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) басшысы Тедрос Аданом Гебреисус “түнгі клубта билеп жүр” деген видеоны бөлісті. Кейін, конспирологияны жақтайтын Михаил Делягин бұл видеоны таратқан соң, қазақстандық желі қолданушылары да видеоны жариялады. Factcheck.kz желіде тараған видеоның түпнұсқасы қайда түсірілгенін тексеріп, жалған екенін анықтады.

Бұл видеомонтаж Бразилияда жасалған, ал видеоны желіге таратқан адам мұның тек қалжың үшін жасағанын айтты. Алайда видео басқа елдерде лезде тарала бастады.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім
Жоғарыда көрсетілген суретте – Тедрос Адханом Гебрейсус, астындағы суретте – желідегі адамның суреті

Бразилияның Journal O Globo журналистері ақпараттың рас-өтірігін 22 маусымда жазған еді: видео 2020 жылы ақпанда Бразилияның Сантос қаласында түсірілген. Видеода ДДСҰ басшысы емес, мүлдем басқа адам билеп жүр.

1. Ердоған Қазақстан шекарасына қатысты пікір білдірді ме?

Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстанның қазіргі шекарасына қатысты “Қазақстан бұрын болмаған, ал Қазақстанның солтүстік аймағы бос қаңырап тұрған еді” деп даулы мәлімдеме жасады. Осыдан соң әлеуметтік желілерде Режеп Тайып Ердоғанның “пікірі” тарай бастады. Ердоған “Түркия Қазақстанды қиын жағдайда тастап кетпейді, әрқашан да қолдау көрсетеді” деген сарындағы ойын білдіріпті-міс.

2020 жылы көп тараған 10 фейк — II бөлім

Біз Түркия президентінің ресми сайтынан да, Түркияның Сыртқы істер министрлігінің сайтынан да, Ердоғанның Twitter парақшасынан да мұндай ақпарат таппадық. Ресей депутаттарының сөзіне Түркия тарапынан ешқандай реакция болмаса да, бұл фейк тез тарап жатыр. Біздің байқағанымыз, хабарды таратушылардың көп бөлігі Назар Хақназар атты Facebook қолданушысына сілтеме жасаған. Алайда оның парақшасынан қандай да бір дереккөзге сілтеме таба алмадық.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz