1,5 млн адамның кредиті кешіріледі ме?

11 мамырда мәжілістің пленарлы отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова стресті активтер нарығын дамыту жөніндегі заң жобасын ұсынған болатын. Заң жобасында жеке тұлғалардың несиесі туралы да сөз қозғалды. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде түсініспеушіліктер көбейіп, тіпті “1,5 млн халықтың кредиті кешірілгелі жатыр” деген де ақпарат лезде тарады. Осы орайда Factcheck.kz сайты бұл заң жобасын толығырақ түсіндіріп өтуді жөн көрді.

Еліміздегі кредиттерге жауапты Мадина Әбілқасымова 1,5 миллион адамның несиесін кешіруге ұсыныс жасапты.

Әлеуметтік желідегі ақпарат

Үкім: Фейк

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова мәжілісте несиені кешіру туралы емес, банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторға проблемалық қарызы барларды (ресми тіркелген 1,5 млн жеке тұлға) азайту және жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке жоспардың әзірленіп жатқанын айтты. Желіде тараған хабарламада проблемалық қарызы бар адамдардың жалпы саны мен Мадина Әбілқасымованың парламенттегі сөзі бұрмаланып, жаңа фейктің тууына әсер еткен.

Заң жобасының мақсаты қандай?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, стрестік активтерге төлеу мерзімі 90 күннен асқан несиелермен қатар қайта құрылымдалған несиелер, өндіріп алынған мүлік және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері жатады. Ал осы заң жобасы аясында құны 50 миллион теңгеден асатын активтерді сатып алған инвесторға оны дербес басқаруға рұқсат беру көзделген. Атап айтқанда, жұмыс істемейтін стрестік активтерді экономикалық айналымға енгізу, жаңа инвесторлар тарту, қосымша жұмыс орындарын ашу.

Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберіндегі кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылатын болады.

Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы

11 мамырда мәжілісте танстырылған заң жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдап, сенатқа жолдады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz