14.10 | Илон Маск жайлы сериал, YouTube-тың жаңа жобасы және смартфондағы коронавирус

Америкалық HBO компаниясы “Илон Маск, Tesla, SpaceX және болашаққа апарарар жол” кітабының негізінде SpaceX жайлы сериал түсіреді. Бұл туралы Variety сайты хабарлады.

Дереккөздің мәліметінше, HBO компаниясы 6 сериядан тұратын мини-сериалды дайындауға тапсырыс берген. Сериалда әлемге танымал Илон Масктың белестерді бағындырғаны, оның ғарыш нарығында SpaceX жобасын дайындағаны, Falcon 1 зымыранын жасауға инженерлерді жинақтағаны туралы көрсетіледі.

Биыл 28 қыркүйекте Falcon 1 зымыранын ұшқанына 12 жыл болды. Осыған дейін 5 рет ұшып, алғашқы үшеуі апатпен аяқталған еді. Бұл жағдайдан кейін Falcon 1 моделін Falcon 9 зымыранына ауыстырды. Қазір АҚШ-та бұл зымыранды жиі қолданады. Алдағы уақытта Falcon 9 моделін Super Heavy-ге ауыстыруы мүмкін.

Коронавирус телефон бетінде қанша өмір сүреді?

Австралияның зерттеушілері COVID-19 коронавирусының смартфон экранында ұзақ өмір сүре алатынын анықтады. Зерттеушілер коронавиристың тұмау вирустарына қарағанда смартфондарда ұзақ болатынын зерттеген.

Австралия ғылыми агенттігінің зерттеушілері қатаң бақыланатын ортада COVID-19 28 күн, ал дәстүрлі тұмау вирусы 17 күн смартфонда өмір сүре алатынын байқады. Жағдай өте қауіпті болып көрінгенімен ескеретін жайт бар. Бұл жерде зертханадағы жағдай туралы айтылып отыр. Қалыпты өмірде жағдай басқаша.

Зерттеушілер коронавирустың тым тұрақты екенін, телефон бетінде айтарлықтай ұзақ өмір сүре алатынын анықтаған.

YouTube өнімдерді видеодағы белгі арқылы сатып алу мүмкіндігін тексеруде

YouTube әкімшілігі платформадағы арналарының кейбір иелеріне видеода көрсетілген тауарларды белгілеуді сұрады. Осылайша, видеохостинг оларды Google ұсынатын сауда және талдау құралдарымен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Bloomberg-тің хабарлауынша, жобаның түпкі мақсаты YouTube-ты тек видео көру үшін емес, көрген нәрселеріңіздің бәрін сатып алуға болатын платформасын құру. Видеохостинг өкілінің айтуынша, арна иелері видеоларында қандай өнімдер көрсетілетінін толық бақылауға алады.

Alphabet холдингінің бас директоры Сундар Пичайдың пікірінше, YouTube бұл жобаның жұмысын бастап, табысын арттыра алады. YouTube-тың былтырғы табысы 15 млрд долларды құраған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz