14.01 | Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда заң бұзушылық болғанын хабарлады, TikTok мәлімдемесі, Трампқа импичмент жарияланды ма?

TikTok 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың парақшаларына шектеу қояды

16 жасқа дейінгі TikTok қолданушыларының есептік жазбалары автоматты түрде шектеледі. Бұл туралы ОРДА Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлады.

Хабарламада айтылғандай, әлеуметтік желі басқа пайдаланушыларға жас жігіттер мен қыздардың есептік жазбаларын автоматты түрде ұсынуды тоқтатады. Кәмелетке толмағандар өз жазбаларына кім пікір жаза алатындығын өздері шешеді. Сонымен қатар, 16 жасқа дейінгі блогерлермен видео дуэт жазуға тыйым салынады.

«Бүгін TikTok 18 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін алдын-ала орнатылған құпиялылық параметрлеріне бірқатар өзгерістер жариялады. Бұл оларға мазмұнды жариялауға негізделген көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Осы күннен бастап біз 13 пен 15 жас аралығындағы барлық пайдаланушылардың есептік жазбаларын жаңартамыз, олар автоматты түрде жекешеленеді» – деп атап өтті TikTok баспасөз қызметі.

Осылайша, әлеуметтік желі жас қолданушыларды қорғамақшы.

Жас сайлаушылар лигасы: парламентке үш емес, бес партия өтті

Жас сайлаушылар лигасы бақылаушыларының есебінше, парламентке үш емес, бес партия өткен. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында жарияланғанын Masa Media хабарлады.

Тәуелсіз бақылаушылардың дерегінше, сайлаудағы дауыс пайызының көрсеткіші мынадай.

  • ADAL — 12,8 %;
  • Nur Otan — 48,3 %;
  • Ақ жол — 20,1 %;
  • Ауыл — 8,33 %;
  • Қазақстанның халық партиясы — 8,9%;
  • Бүлдірілген бюллетендер — 3,8 %.

Қазақстанда парламентке өту үшін партия 7 % дауыс жинауы керек.

Лига бақылаушылары 181 учаскеде сайлау процесін бақылаған. Оның тек 109-нан қорытынды протокол алған. Сонымен бірге, 168 заң бұзу фактісін тіркеген.

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Трампқа екінші рет импичмент жариялады

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы президент Дональд Трампқа екінші мәрте импичмент жариялады. Президент “адамдарды бүлікке шақырды” деп айыптаған қарарды палатаның 232 мүшесі қолдаса, 197 конгрессмен қарсы дауыс берді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Шешімді қолдағандар арасында Республикалық партияның 10 мүшесі бар. Америка тарихында алғаш рет ел президентіне тағылған айыпты оның мұнша көп партияласы қолдап отыр. Мұның алдында, 2019 жылы Трампқа жарияланған импичментті Республикалық партияның бірде-бір мүшесі жақтамаған.

Бұған дейін Конгрестегі партияластарының ең көп қарсылығына ұшыраған президент Билл Клинтон болатын. 1998 жылы оған жалған куәлік берді деп айып тағылғанда, Демократиялық партиядан сайланған 5 конргессмен Клинтонға қарсы дауыс берген. Кейін солардың төртеуі Республикалық партияға ауысып кетті.

Трамп – АҚШ тарихындағы Конгрестің төменгі палатасы екі рет импичмент жариялаған алғашқы президент. Енді оны қызметінен кетіру мәселесін Конгрестің жоғарғы палатасы – сенат шешуі керек.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz