13.01 | CPJ сайлауда журналистерге қысым болғанын хабарлады, YouTube vs Трамп, АҚШ-та телеграм қолданушысы көбейді

YouTube Дональд Трамп каналының жұмысын уақытша тоқтатты

YouTube АҚШ президенті Дональд Трамптың арнасын кем дегенде бір аптаға бүғаттады. Бұл туралы CNN арнасы хабарлады. YouTube әкімшілігінің хабарлауынша, бұған Трамптың арнасында «зорлық-зомбылыққа шақырған» видео себеп болған.

YouTube нақты қандай видео үшін уақытша бұғатталғанын түсіндірмеді. Әзірше YouTube Трамп аккаунтын толықтай бұғаттамаған жалғыз желі. Енді апта ішінде каналда жаңа видео жүктеуге немесе тікелей эфирлер жүргізуге тыйым салынды.

Бұған дейін туиттер желісі Трамптың аккаунтын біржола бұғаттаған. Әлеуметтік желі дерегінше, Трамп туиттер желісін зорлық-зомбылыққа шақыруға қолдануы мүмкін.

Телеграм АҚШ-тағы ең көп жүктелген бағдарлама арасында екінші орынға шықты

Туиттер желісі Трамптың аккаунтын біржола бұғаттағаннан кейін телеграм АҚШ-тағы ең көп жүктелген бағдарлама арасында екінші орынға шықты. Бұл туралы The Daily Telegraph сайты хабарлады.

Желінің жүктеу саны бойынша екінші орынға шығуына, Apple мен Google Parler бағдарламасын қосымша дүкенінен өшіргені де себеп болған.

6 қаңтардан бастап АҚШ-та ​​шамамен 550 мың телеграмды жүктеген. Сонымен бірге, Parler әлеуметтік желісіндегі хабарламада пайдаланушыларды телеграмға ауысуға шақырылған еді.

CPJ: Билік сайлау кезінде хабар таратқан журналистерді қудалап, жұмысына кедергі келтірді

“Журналистерді қорғау комитеті” (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстанда парламент сайлауы кезінде “билік ақпарат құралдары өкілдерін қудалап, жұмысына кедергі келтірді” деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

12 қаңтарда жариялаған хабарламасында ұйым Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің бірнеше тілшісінің сайлау кезінде кедергілер мен қысымға ұшырағанын жазған.

10 қаңтар мәжіліс және мәслихат сайлауы өткен күні Қазақстанның түрлі аймақтарында тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелеріне кіре алмай, бірнеше қалада полиция наразыларды ұстаған.

Нұр-Сұлтанда полиция қызметкері белсенділердің ұсталуын түсірген Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің телефонын тартып алып, кейбір видеоларды өшіріп тастаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz