Крипто ақымақтардың алтыны ма?

КЕМБРИДЖ – Биткоин атты криптовалюта бүгінгі әлемдегі ең үлкен көбік пе, әлде жаңа ғасырдағы қаржылық технологияға салынатын керемет инвестиция ма? Менің ойымша, ұзақ мерзімді перспективада бұл технология өркендей түседі, бірақ биткоин бағасы құлдырайды.

Егер биткоинға қатысты жаңалықтардан хабарыңыз болмаса, біле жүріңіз: соңғы 12 айда оның бағасы 600%-ға, ал соңғы 24 айда 1600% -ға өсті. 5 қазандағы мәлімет бойынша, бұл виртуалды валютаның бір бірлігі 4200 доллардан асады, яғни алтынның унциясынан үш есе қымбат. Кейбір биткоин апологеттері алдағы бірнеше жылда оның бағасы әлдеқайда жоғары болады деп болжайды.

Осыдан кейінгі оқиғалар үкіметтің әрекеттеріне байланысты болады. Олар салық төлеуден жалтаруға және қылмыс жасауға көмектесетін анонимді төлем жүйелеріне төзе бере ме? Әлде өздерінің цифрлы валюталарын шығаратын бола ма? Тағы бір маңызды мәселе биткоинның «альт-коин» атты көптеген бәсекелестерінің қаншалықты нарыққа сәтті енуіне байланысты.

Негізінде, биткоин технологиясын клондау немесе жақсарту өте оңай. Бірақ, биткоинның айналасында қалыптасқан қосымшалардың үлкен экожүйесі мен оған деген сенімділік тәрізді артықшылықтарды қайталау оңай емес.

Қазіргі уақытта бұл саладағы реттеу мен қадағалау әлі де жүйесіз және әлсіз болып тұр.

Қытай үкіметі капиталды елден шығару мен салық төлеуден жалтару үшін биткоинды қолданушыларға қатысты алаңдаушылық танытып, жақында биткоин биржаларына тыйым салды, ал Жапония fintech саласында жаһандық орталыққа айналу мақсатымен биткоинды заңды төлем құралы ретінде бекітті.

Америка Құрама Штаттары да Жапония тәрізді fintech саласын реттеуге қадам жасап жатыр, алайда бұл ойынның соңы қандай болары анық емес. Ең маңыздысы, биткоинге өз жоғары бағасын ақтау үшін әрбір шайқасты жеңудің қажеті жоқ. Жапония, әлемнің үшінші ірі экономикасы және ол елде қолма-қол ақшаның табысқа қатынасы өте жоғары (шамамен 20%), сондықтан биткоинның бұл елдегі жетістігі үлкен жеңіс деуге болады.

Силикон алқабындағы басшылар биткоинге де, оның бәсекелестеріне де ақша құйып жатыр. Биткоиннен кейінгі ең маңыздысы – эфириум (ethereum). Оның Amazon-ға ұқсас амбицияшыл жоспары – өз тұтынушыларына «ақылды келісімшарттарды» талдап, оларға қол қою үшін бірдей жалпы технологияны қолдануға мүмкіндік беру.

Қазанның басында эфириумның нарықтық капиталы 28 миллиард долларға жетті, ал биткоиндікі 72 миллиардқа тең болды. Үшінші орында банк секторының банкаралық және шетелдік банк аударымдары бойынша транзакциялық шығындарды азайту үшін жасалған, 9 миллиард капиталы бар Ripple платформасы тұр. Осы үшеуінен кейін ондаған жаңа бәсекелес келе жатыр.

Көптеген сарапшылар виртуалды валютаның негізіндегі керемет технология ғаламдық қаржы жүйесінің тұрақтылығына ең үлкен қауіп-қатерлер келетін киберқауіпсіздік саласында кең қолданысқа ие болуы мүмкін деп санайды. Көптеген бағдарлама әзірлеушілері үшін биткоинның доллардың орнын басам деген ұмтылысынан арзан әрі қауіпсіз төлем механизміне қол жеткізу маңыздырақ.

Бірақ, биткоинге орталық банктер шығаратын ақшаның орнын басуға мүмкіндік беріледі деп ойлау орынсыз. Үкіметтің виртуалды валюталармен шағын жасырын операцияларды жасауға мүмкіндік беруі бұл бөлек нәрсе және әдетте бұл орынды да болады. Бірақ кең ауқымды анонимдік төлемдерге рұқсат беру мүлде басқа жағдай, бұл салықты жинау немесе қылмыстық әрекетке қарсы тұруды қиындатады. Мен қолма-қол ақшаның бұрынғы, қазіргі және келешек жағдайы туралы жазылған соңғы кітабымда ірі номиналды валюта шығаратын елдер де салық төлеуден жалтару мен қылмыс жасауды қолдау қаупіне ие болады деп айтып өткенмін. Бірақ, виртуалды валютаға қарағанда, қолма-қол ақшаның кемінде саны мен салмағы бар.

Жапондық эксперименттің алда қалай болатынын көру қызықты болады.

Үкімет биткоин биржалары қылмыстық әрекеттерді қатаң бақылап, депозиттер иелері туралы ақпарат жинауға мәжбүр болады деп мәлімдеді. Дегенмен, салықтан жалтарушылар биткоинды шетелде жасырын түрде сатып алу жолдарын іздеп, содан кейін жапон шоттары арқылы өз ақшаларының ізін жасыруға тырысатыны анық. Елге және елден шетелге қағаз ақшаны алып кіру салық төлеушілер мен қылмыскерлер үшін негізгі шығындарды тудырады; виртуалды валюталарды қолдай отырып, Жапония Швейцария сияқты салық айлағына айналуы мүмкін, тек мұнда банк құпиясы туралы заң технологияның ішіне жазылған болады.

Биткоинды анонимдігінен айырса, оның ағымдағы бағасын ақтау қиын болар еді. Мүмкін, биткоинның алыпсатарлары биткоинды жасырын қолдануға мүмкіндік беретін жеке елдердің консорциумы, тіпті, Солтүстік Корея сияқты осы анонимдікті асыра қолданатын мемлекеттер әр уақытта болады деп үміттеніп жүрген шығар.

Мемлекеттер мәмілелерді өте қатаң бақылауға алатын болса, биткоиннің бағасы нөлге дейін  түсіп қалар ма екен? Олай болуы мүмкін емес-ау. Биткоин транзакциялары өте көп электр қуатын қажет етіп, оған әлі де жетілдіру керек болғанымен, олар ірі банктер несиелік және дебеттік карталар бойынша алатын екі пайызға тең комиссиясына қарағанда әлдеқайда тиімді.

Сонымен қатар, орталық банктерге өздерінің цифрлық валюталарын шығарып және реттеу арқылы ойын ережелерін өз пайдасына өзгерту үшін қандай кедергі барын түсіну қиын. Ақшаның ұзақ тарихы, мемлекеттің жекеменшік сектордың инновацияларын ақыр соңында реттеп және иеленіп алатынын көрсетеді. Мен биткоинның бағасының келесі екі жылда қандай болатынын білмеймін, бірақ виртуалды валютаның тағдырына қатысты олай болмайды деп ойлауға ешқандай себеп жоқ.

Кеннет Рогофф, ХВҚ бұрынғы бас экономисі, Гарвард университетінің экономика және қоғамдық саясат профессоры.

Бұл мақалаға қосымша кестені осы жерден жүктей аласыз.

Factcheck.kz