12.11 | Гонконг депутаттарының отставкасы, Facebook пен Google шешімі, қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс аяқталды

Facebook пен Google АҚШ-тағы сайлауға байланысты саяси жарнамаға тыйым салуды жалғастырып жатыр

Facebook және Google корпорациялары саяси жарнамаға тыйым салуды біраз уақытқа ұзартуға шешім қабылдады. Бұл туралы CNBC хабарлады.

Бұл шектеуді қос компания АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында енгізген еді.

Facebook жарнама берушілерге шектеудің бір айға ұзартылғаны туралы электрондық хаттар жіберді. Google қанша уақытқа дейін тыйым салғаны белгісіз.

27 қазаннан бастап Facebook және Google саяси жарнамаға өтінім қабылдауды тоқтатты. Бұл шешім 3 қарашада өткен АҚШ-тағы президент сайлауы тұсында жалған ақпаратпен күресу үшін жасалған.

Гонконг оппозициялық депутаттары әріптестерін қызметінен босатқаннан кейін толықтай отставкаға кетті

Гонконг билігі төрт оппозиция депутатын “патриоттық әрекетке сай емес” әрекеттері үшін парламенттегі қызметінен босатты. Гонконг заң шығару кеңесінің 15 демократиялық оппозиция мүшесі наразылық ретінде толықтай отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл туралы DW сайты жазды.

12.11 | Гонконг депутаттарының отставкасы, Facebook пен Google шешімі, қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс аяқталды
Отставкасын жариялаған Гонконг заң шығару кеңесінің депутаттары

Германия мен Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі депутаттарды қызметінен босату туралы шешімді сынға алды. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб “Гонконг автономиясы мен бостандығына жасалған тағы бір шабуыл” деп, ал Германия тарапы “сөз бостандығын жою тенденциясының жалғасы” деп атады.

АҚШ Қытайды “халықаралық міндеттемелерді және Гонконг халқына берген уәдесін бұзды” деп айыптады. Вашингтон бұл әрекет үшін “санкция енгіземіз” деп қорқытты.

Қазақстанда қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс аяқталды

Қазақстанның ішкі істер министрлігі “Гарант 24 Ломбард” қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық істі тергеуді, сонымен бірге, ЖШС “Gold company LTD”-ға қатысты тергеу әрекетін жүргізуді аяқтады. Азаматтарға келтірілген залалдың жалпы сомасы 23,5 млрд теңгеден асты. Бұл туралы ІІМ тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов айтты.

Гарант 24 Ломбард”, “ЕЅТАТЕ Ломбард” және “Выгодный займ” қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. 17 мыңнан астам азамат өтініш білдірді. 22 млрд теңгеге залал тіркелді”

Санжар Әділов

Ол аталған ұйымдардың басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс тіркелгенін, 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz