11.01 | Туиттер Трамптың аккаунтын бұғаттады, Батыс ұйымдары сайлауды сынады, ОСК-ның алдын ала қорытындысы

Туиттер Трамптың аккаунтын біржола бұғаттады

Twitter әлеуметтік желісінің әкімшілігі АҚШ президенті Дональд Трамптың аккаунтын бұғаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Әлеуметтік желі дерегінше, Трамп туиттер желісін зорлық-зомбылыққа шақыруға қолдануы мүмкін. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

Бұған дейін 7 қаңтарда президенттік сайлаудағы жеңілісін “дауыс ұрлаудың салдары” деген жазба жариялағаны үшін туиттер Трамп аккаунтын уақытша бұғаттаған еді. Әлеуметтік желі мұндай жағдай қайталанса аккаунтын біржола бұғатталуы мүмкін екенін ескерткен болатын.

Алайда, 8 қаңтарда Трамп жаңа жазбаларында өзінің миллиондаған сайлаушыларына құрметсіздік жасамайтынын, ал екіншісі жазбасында Байденнің ұлықтау рәсіміне бармайтынын жазған еді.

Туиттер қызметкерлері мұндай мәлімдемелер 6 қаңтарда Капитолийде болған секілді “тәртіпсіздіктерге” себеп болуы мүмкін деп санайды.

Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды

Орталық сайлау комиссиясы парламент мәжілісінің депутаттарын сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады.

Сайлаудың алдын ала нәтижесі:

  • “Нұр Отан” – 71,09%;
  • “Ақ жол” – 10,95%;
  • Қазақстанның халық партиясы – 9,1%;
  • “Ауыл” – 5,29%;
  • ADAL – 3,57%.

Қазақстанда парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар өтеді. ОСК хабарлауынша, сайлаудың түпкілікті нәтижесі хаттамалардың түпнұсқасы келгеннен кейін жарияланады.

Азаттық радиосының дерегінше, сайлау күні белсенділер мен тәуелсіз бақылаушылар көптеген заңсыздық тіркелгенін хабарлады. Тәуелсіз бақылаушылар түрлі себеппен сайлау учаскесіне жіберілмеді, кейбір учаскелерде бақылау камералары жабылды.

11.01 | Туиттер Трамптың аккаунтын бұғаттады, Батыс ұйымдары сайлауды сынады, ОСК-ның алдын ала қорытындысы
Полиция қоршауында қалған Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева. Алматы, 10 қаңтар 2020 жыл. Фото: Азаттық радиосы

Бірнеше қалада “әділетсіз” сайлауға қарсылық білдірмек болған саяси күштер жақтастары ұсталды. Алматыда кейбір белсенділерді арнайы жасақ қоршап, 6-10 сағат аралығында аязда ұстап тұрды. Кейбір белсенділер ауруханаға түсті. Батыс ұйымдары полицияның әрекетін айыптады.

Билік сайлауда өрескел заңбұзушылық болмағанын мәлімдеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) елдегі саяси науқанда “шынайы бәсеке болмады және үгіт-насихат бәсекеге сай өтпеді, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады” деп бағалады.

Батыс ұйымдары полицияның белсенділерді қоршауын “репрессивті әдіс” деп атады

Батыс құқық қорғаушылары 10 қаңтарда Алматыда арнайы жасақтың сайлауға наразылық білдірген белсенділерді алаңда бірнеше сағат ұстауын айыптап, оларды жылжытпау үшін қолданған әдіс – кеттлингті “бейбіт демонстранттарға бағытталған репрессивті тактика” деп атады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Норвегиялық Хельсинкі комитетінің кеңесшісі Ивар Дале президент Қасым-Жомарт Тоқаевты “адам құқығын таптауды тоқтатуға шақырды”. Дале полиция қоршауында қалған адамдардың видеожазбасын ретвиттеп, “Қазақстан сайлаудың әділ әрі ашық өтуін талап еткен адамдарға репрессивті стратегия қолданып жатыр. Егер полиция бұрын бейбіт демонстранттарды жаппай ұстаса, қазір оларды далада тар жерге тықсырып, сағаттап ұстап жатыр” деп жазды.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман да Twitter-де полицияның “бейбіт демонстранттардың шағын тобына репрессивті тактика” қолданып жатқанын айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz