10.11 | Инстаграмдағы техникалық ақау, РБК атын жамылған алаяқтар, Facebook-тың жаңа ережесі

Бірнеше елдің Instagram қолданушылары техникалық ақауға шағымданды

10 қарашада бірнеше елдің Instagram қолданушысы желіні қолдану барысында қиындық туындағанын айтты. Бұл туралы танымал интернет-ресурстардың жұмысын бақылайтын Downdetector сервисі хабарлады.

Ең көп шағымданған қолданушылар АҚШ, Мексика, Ұлыбритания, Франция және Италия тұрғындары. Сервис дерегінше, көбінесе жаңалық қарауда қиындық туындаған.

  • Жаңалық қарау кезінде — 51%
  • Stories қарау кезінде — 36%
  • Пост жариялау кезінде — 12%

Соңғы рет әлеуметтік желідегі техникалық ақау 22 қазанда болды. Көбінесе АҚШ, Мексика, Бразилия, Чили, Аргентина, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Хорватия, Украина тұрғындары шағымданған. Ресейде Instagram-дағы техникалық ақау туралы көбінесе Мәскеу қолданушылары ескертеді.

Facebook жаңа ережені бұзған топ әкімшілігіне 60 күн сынақ мерзімін береді

Facebook жалған ақпаратқа қарсы күресу үшін әкімшілік ережелерін бұзатын көп хабарламалары бар топтарға сынақ мерзімін белгілейді. Бұл туралы The Washington Post хабарлады.

Компания 60 күн ішінде топ иелері мен модераторларының хабарламаларды қалай өңдейтінін мұқият қадағалайды. Егер топ әкімшілігі бірнеше рет адамдарды қорлайтын хабарламаларды жариялауға жол берсе, Facebook топты толығымен өшіру туралы шешім қабылдай алады. Бұл ереже топтардың әкімшілігі жұмысына жауапкершілікпен қарау үшін жасалып отыр.

Осы аптаның басында Facebook 300 мыңнан астам қолданушысы бар Stop the Steal тобын өшірді. Топта АҚШ-тағы сайлау жайлы және дауыс беру нәтижесінің бұрмалануы туралы жалған ақпарат жарияланған.

РБК сайтының атын жамылған алаяқтар

2-8 қараша аралығында алаяқатардың РБК сайтының дизайны мен мазмұнын имитациялаған жүзге жуық сайты анықталды. Бұл туралы РБК хабарлады.

10.11 | Инстаграмдағы техникалық ақау, РБК атын жамылған алаяқтар, Facebook-тың жаңа ережесі
Фото: РБК. Көрнекі сурет

Жалпы, сарапшылар РБК префиксі бар 1,5 мыңнан астам доменді тапты. Жалпы rbc-***.ru форматындағы домендер көбейген. Сайтта мемлекет газ компанияларына “бірыңғай табыс жобасын құруды міндеттеді” деген жалған жаңалықтар жарияланған.

Материалдағы гиперсілтеме пайдаланушыны “Газ Руси” атты алаяқтардың брокерлік ресурсына әкеледі. Мұнда пайдаланушыға мұнай мен газ саудасынан ақша табуға болатыны жазылған.

Сонымен бірге, РБК-ның жазуынша, мұндай сайттар пайдалушылардың ақшасын ұрлауға немесе трафикті көбейту үшін жасалады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz