07.10 | Цойдың болжамы, OPCW мәлімдемесі, Еуроодақ Қырғызстанға қатысты не деді?

Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының (OPCW) ресми сайтында Ресей билігін сынаушы, оппозиционер Алексей Навальныйдың анализінде “Новичок” тобына жататын удың анықталғаны хабарланды. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Кремль халықаралық ұйымның есебін толықтай көрмеген. Ал Германия билігі екінші рет Мәскеуден Навальныйға байланысты түсініктеме жасауды сұрады. Бұл туралы BBC басылымы жазды.

Ұйымның ресми сайтында Навальный уланған заттың ресми түрде тыйым салынбағаны көрсетілген. Бірақ 2019 жылы қарашада тыйым салынған заттың Навальный анализінің құрамында бар екені анықталған.

Ресейлік оппозиционер ұйымның жариялаған ақпаратына байланысты пікірін жазды.

Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы ресми мәлімдеме жасап, менің биоанализдерімнен “Новичоктың” іздері бар екенін хабарлады.

Алексей Навальный

Бұған дейін “Новичок” тобының уымен уланған Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Der Spiegel басылымына берген сұхбатында өзінің улануына Ресей президенті Владимир Путиннің қатысы болуы мүмкін екенін айтты. Ресей билігі Навальныйдың улануына қатысы жоқ екенін айтып, Германиядан толық ақпарат беруді сұрады.

Оппозиция жетекшісі Алексей Навальный Еуропаны толықтай Ресейге емес, олигархтар мен президент Владимир Путиннің айналасындағы адамдарға санкция салуға шақырды.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Навальныймен АҚШ-тың ЦРУ (Орталық барлау басқармасы) қызметкерлері жұмыс жасап жатыр. Ал Навальный Песковтан дәлелдер талап етіп, сотқа шағым беретінін айтты.

07.10 | Цойдың болжамы, OPCW мәлімдемесі, Еуроодақ Қырғызстанға қатысты не деді?
Дмитрий Песков. Ресей президенті Путиннің баспасөз хатшысы. Фото: Rambler.ru

Сонымен қатар, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео “Алексей Навальныйдың улануына Ресейдің жоғары басшылығы тапсырыс беруі мүмкін” деді. Оның айтуынша, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері бастамашы әрі шешуші рөл атқаруы ықтимал.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады. Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты, 22 тамызда Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды. Навальный 32 күн емделіп, 23 қыркүйекте дәрігерлердің рұқсатымен клиникадан шықты.

2 қыркүйекте Германия үкіметі Навальныйдың “новичок” тобына жататын умен уланғанын хабарлады. Швеция, Франция және Еуропаның басқа елдеріндегі тәуелсіз ғалымдар Ресей опозиционері Алексей Навальныйдан алынған сынамаларда “Новичок” тобына жататын улы заттың барын растады. Германия үкіметінің хабарлауынша, үш тәуелсіз зертхана Навальныйдың анализін тексеріп, осындай шешім шығарды.

Еуроодақ Қырғызстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырды

Еуроодақ Қырғызстандағы барлық саяси күштерді конституцияға сай әрекет етуге және жанжалды бейбіт жолмен шешуге шақырады. Бұл туралы Қырғызстандағы Еуроодақ делегациясының баспасөз қызметі хабарлады. Бұндай мәлімдеме жасауға Қырғызстан орталық сайлау комитеті 4 қазанда өткенде парламент депутаттарының сайлау нәтижесін жоюға себеп болғаны айтылған.

Біз Қырғызстанның халықаралық міндеттемелері мен азаматтарының демократиялық құқықтарының талаптарына сай қайтадан сенімді, ашық және жалпы сайлау өткізуін күтеміз.

Еуроодақ мәлімдемесі

Бұдан бөлек Еуроодақ Қырғызстанды тәуелсіздік алғаннан бастап демократиялық жолмен дамуын қолдайтынын және одан әрі қолдау көрсететінін хабарлады.

07.10 | Цойдың болжамы, OPCW мәлімдемесі, Еуроодақ Қырғызстанға қатысты не деді?
Фото: Азаттық радиосының қырғыз қызметі. Қырғызстанның президент әкімшілігіне басып кірген наразылар

Бішкектің орталық алаңында парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін он шақты партия өкілдері митинг өткізіп, сонымен бірге, сайлау нәтижесінің күшін жоюды және қайта сайлау өткізуді талап етті. 4 қазанда Қырғызстанда VII шақырылымдағы Жогорку Кенешке (Қырғызстан парламенті) депутат сайлауы өткен еді. Сайлауға 16 партия қатысты. Азаттықтың қырғыз қызметі парламентке 7 пайыздан астам дауыс жинаған 4 партия өткенін хабарлады. Төменде сайлау нәтижесі жою алдында жеңіске жеткен партия тізімі көрсетілген:

  • “Биримдик” — 24,5%;
  • “Мекеним Кыргызстан” — 23,88%;
  • “Кыргызстан” — 8,76%;
  • “Бутун Кыргызстан” — 7,13%.

Жеңілген партиялар жаппай пара беру мен сайлауда әкімшілік ресурстарды қолдану туралы хабарлады. Азаттықтың мәліметінше, бірінші аталған үш партияны сарапшылар қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке жақын саяси ұйымдар деп санайды.

6 қазанға қараған түні наразылық білдірушілер Қырғызстан парламенті мен президент әкімшілігі орналасқан Ақ үйді басып алды. Содан кейін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратына да келді. Арнайы күштер (спецназ) митингке шыққандарды жақтайтынын айтып, қарсылық білдірмеді.

​2013 жылы қылмыскер Азиз Батукаевқа жалған медициналық қорытынды жасауға көмектескені үшін биыл 11 жыл екі айға бас бостандығынан айырылған Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты наразылық білдірушілер қамаудан босатып шығарды.

07.10 | Цойдың болжамы, OPCW мәлімдемесі, Еуроодақ Қырғызстанға қатысты не деді?
Фото: REUTERS/Vladimir Pirogov. Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев

Атамбаевтың адвокаты 11 қарашаға дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті үйқамақта болатынын айтты.

BBC-дің жазуынша, Қырғызстан оппозициясы билікті өз қолына алғанын хабарлады. Бірақ қазіргі Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбеков мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысқандар туралы ғана айтты. Қазір биліктің күші кімде екені белгісіз. Бұған қоса 6 қазанда таңертең наразылық білдірушілер Бішкек әкімдігін басып алып, жаңа әкім тағайындады. Жоошбек Коеналиев «халық әкімі» болды. Ол Парламент сайлауына “Республика” партиясының атынан депутаттыққа үміткер болған және қала өкілдерімен жиналыс та жасаған. Кейінірек Бішкектің әкімі Азиз Суракматовтың қызметінен кеткені хабарланды. Бірақ 24.kg басылымының мәліметінше, Жоошбек Коеналиевті ресми түрде кім тағайындағы белгісіз.

Саясаттанушы Досым Сатпаевтың айтуынша, Қырғызстанда олигархтар мен саяси топтарға сүйеніп билікте қалу қиын. Сатпаев Қырғызстанның Беларусь (Беларусьте екі айға жуық өзін президент ретінде жариялаған Лукашенкоға қарсы митинг тоқтамай жатыр. Лукашенко биліктен әлі кетпеді) секілді емес екенін айтты. Саясаттанушының пікірінше, әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен пара алу және пандемиядан кейінгі кризис халықтың наразылық танытуына себеп болды.

Цой карантинге байланысты болжамын айтты

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі коронавирус эпидемиясына байланысты үш түрлі болжам жасады. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Пессимистік болжам бойынша, егер тек 60 пайызы ғана маска режимін ұстанса қазан-желтоқсан айларында шамамен 190 мың адам коронавирус жұқтырады. Ауруханаға 65 мың адам жатуға мәжбүр болады. Локдаун желтоқсан айының ортасында орнайды деп болжанып отыр.

07.10 | Цойдың болжамы, OPCW мәлімдемесі, Еуроодақ Қырғызстанға қатысты не деді?
Фото: Liter.kz Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой

Министрліктің екінші болжамы бойынша, 70% маска тағу режимін ұстанса, қазан-желтоқсан айында шамамен 90 мың адам коронавирус жұқтырып, 30 мың адамның ауруханаға жатуына тура келеді.

Егер қашықтық сақтау шаралары сақталып, маска тағу режимі 100 пайыз көрсеткішке жетсе, қатаң карантин шаралары енгізілмейді. Бұл болжам жүзеге асқан жағдайда қазан-желтоқсан айында шамамен 40 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға 15 мың адам жатуға мұқтаж болады.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пандемиясының екінші толқыны қараша-желтоқсан айына келеді деп болжаған еді. Еуропаның кейбір елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталғаны хабарланды. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Багдат Коджахметовтың айтуынша, Қазақстан бас дәрігерінің талаптары орындалмаса қайтадан қатаң карантин енгізіледі.

Қазақстанда 108 362 адам коронавирус жұқтырып, 103 465-і жазылды. Ал 1746 адам вирустан қайтыс болды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz