«‎Өз көзімізбен»‎: қазақстандық банктер мүгедектерге қаншалықты ыңғайлы?

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары жөніндегі Комиссия қазақстандық банктерді мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасамады деп бірнеше рет айыптаған. Қазақстандық банктердегі кемшіліктерді Ұлттық Банкте де мойындады. Жақында оқырманымыз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін екінші деңгейдегі банктердің ыңғайлылық картасына зер салуымызды сұрады. Қазір карта түрлі банктің Алматыда 41, Астанада 22 және Шымкентте 28 бөлімшесін қамтиды — бұл бөлімшелер мүгедектігі бар азаматтар үшін жабдықталған деп көрсетілген. Оқырман барлық осы бөлімшеде расымен жағдай жасалған ба, жоқ па, тексеруімізді сұрады.

Бұл қазақстандық қоғамның дамуы тұрғысынан маңызды тақырып. 2021 жылғы шілдеде Қазақстанда 702 158 мүмкіндігі шектеулі адам болса, оның 424 мыңы еңбекке қабілетті, ал 129 мыңы жұмыс істейді. Қалай болғанда да, олардың барлығы дерлік түрлі банкті пайдаланады, көпшілігі салық төлейді және олар қаржылық қызметтерге тең мүмкіндікті талап етуге құқылы.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы Конвенциясын ратификациялады, ол құжатта қаржылық қызметтерге тең мүмкіндік туралы жазылған. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғау үшін Қазақстанда әкімшілік кодекстің 83-бабы («Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзу») бар. Заңнамаға сәйкес, мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне кіруіне кедергі жасағаны үшін 50-ден 400 АЕК-ге дейін айыппұл салынады.

Сонда, барлық әлеуметтік орынға (банктер, дүкендер, дәріханалар және т.б.) мүгедектер бөтен адамның көмегінсіз өз бетінше бара алатындай етіп жабдықталуы керек. Ал жарияланған ыңғайлылық картасына сенсеңіз, банктерде бәрі жақсы деп көрсетілген.

Factcheck.kz редакциясы «За нами уже выехали» командасы және белсенді Богдан Джепкамен бірге, өз көзімен көру зерттеу әдісі арқылы банктердің бірқатар бөлімшесіне тексеріс жүргізіп, Агенттік картасындағы деректің шындыққа жанаспайтынын анықтады. Пандустар көбіне «есеп үшін» жасалады, кейде банкоматтар ыңғайсыз, нашар көретіндер мен зағиптарға арналған жабдықтар көп жерде жоқ. Біз картада көрсетілген 41 банктің 11 бөлімшесін тексердік, бұл оның 25%-ін құрайды. Іріктеу кездейсоқ болды және ешбірі айтарлықтай жақсы деңгейде емес. Осы банктердің зерттеу нәтижесін жалпы қаладағы жағдайға экстраполяциялауға болады деп санаймыз.

Әдісі. Бөлімшелердің ыңғайлылығын қалай тексердік?

Қазақстанда мүгедектерге ыңғайлы орта құру үшін «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңға енгізілген талаптар тізімі бар. Сондай-ақ талаптар 2003 жылғы «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ғимараттар мен құрылыстардың ыңғайлылығы» туралы халықаралық құрылыс нормаларында және 2001 жылғы қала құрылысы туралы басшылыққа алатын құжаттарда жазылған.

Талаптардың толық тізімін сілтеме арқылы өтіп көре аласыз. Біз пандустардың техникалық талаптарға сәйкестігін (ені, еңісі, бетіне не төселген, адамның өз күшімен кіру мүмкіндігі), банкоматтар мен кассалардың биіктігін, нашар көретіндерге арналған рельефті жолдардың болуын тексердік. Тактильді мнемокарталарды артықшылық, тұрақта арнайы орындардың болмауын кемшілік ретінде есептедік. Мүгедектерге арналған дәретханаларды бағалауымызға қоспадық, өйткені бірқатар бөлімшеде бұл параметрді тексеруге мүмкіндігіміз болмады, ал кейбірінде қонақтарға арналған дәретхана мүлде жоқ.

Сонымен, ескертудің бәрі айтылды. Егер сіз бейнероликті қарағыңыз келсе «За нами выехали» командасы түсірген видеоны қараңыз. Егер бірден банктердің рейтиңін көргіңіз келсе — материалды инфографикаға дейін өткізіп жіберіңіз. Мәтінді оқығысы келетіндерге төмендегі егжей-тегжейлі материалды ұсынамыз.

Ал, кеттік. Банктерді тексеру

№ 1, Альфа-банк (Назарбаев, 226). Үкім: Аз жабдықталған

Мүгедектер арбасын қолданушы және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы үшін күресіп жүрген белсенді Богдан Джепка «Альфа-банк» орналасқан сауда орталығының автотұрағындағы көліктен түсіп жатып, бізбен жылы амандасты. Көп сөзсіз, іске бірден кіріскен ол мүгедектерге банктердің ыңғайсыздығы сауда орталығының ғана емес, жалпы қаланың проблемасы екенін айтады. «Альфа-банктің» алаңына кіретін пандус биік, мүгедек адам өз күшімен кіре алмайды. Ал зағип жандарға арналған тактильді сары бағыттағыштар банкке дейін ғана төселген, банк ішінде зағиптар қалай қозғалатыны, оларға қалай қызмет көрсетілетіні белгісіз. Богдан Джепканың айтуынша, мұндай құрылыс жұмыстары мүгедек адамдарсыз жасалады, тиісінше, олар нені қалай дұрыс істеу керегін білмейді, тым болмаса нақты стандарттар бойынша жұмыс істемейді.

«Біз көмектесіп, ненің қалай екенін айтып берер едік»,-дейді ол.

Банктің алдына келгенде пандустың жанында тұрған шақыру батырмасын басып көрдік. Күзетші батырма даусын естігеннен емес, бізді байқап қалғандықтан көмектесуге келді.

Банк ішінде касса биік орналасқан, мүгедектерге арналған жеке бөлме де жоқ.

Біздің түсірілім топ банктің есік алдына келгенде, күзетшілер журналистің жұмысына кедергі жасауға тырысты. Ғимарат әкімшілігін шақырып, солармен сөйлесуімізді өтінді. Бір кезде өзін ғимарат администраторы деп таныстырған адам келді де, бізге нақты не керегін сұрады. Оның сөзінше, бұл — ғимарат әкімшілігінің емес, дәл «Альфа-банк» басшылығының проблемасы.

№ 2, RBK банкі (Республика алаңы, 15). Үкім: Аз жабдықталған

Біз барған екінші банк — RBK болды. Автотұрақтан банкке апаратын пандусы жоқ, ал банктің алдына жеткен кезде пандустың жанында шақыру батырмасы да қойылмағанын көресіз. Пандустың өзі биік болғандықтан, арбадағы адам өз күшімен кіріп, шыға алмайды.

Банкке көтерілетін баспалдақта тактильді бағыттағыштар жоқ. Бөлімшенің ресепшіні де, кассасы да биік. Ал қызмет көрсету үстелдері төмен орналасқандықтан, арбадағы адам да қызмет ала алады. Банкоматтары орташа деңгейде. Бізбен сөйлесуге шыққан банк қызметкерлері жағдайды түзейтінін айтты. 

№ 3, KZI bank (Клочков, 132). Үкім: Орташа жабдықталған

Бұл банк біз көрген өзге банктерге қарағанда әлдеқайда жақсы жабдықталған, алайда толық емес екені байқалады. Мысалы, зағиптарға арналған тактильді мнемосхема бар. Шақыру батырмасы жұмыс істейді.

Алайда банктің кіреберісінде пандус жоқ. Банк қызметкерлерінің айтуынша, арбадағы мүгедектер келгенде ғана темір пандусты алып келіп, қойып береді.

Бізбен сөйлесуге шыққан банк қызметкрелері редакциялық тапсырмамызды алып, қайтарғысы келмеді. Біз оларға мұның құжат екенін, ҚР БАҚ туралы заңына кедергі жасап жатқандарын айттық. Біраз уақытқа созылған даудан соң, редакциялық тапсырманы қайтарып берді де, аз уақыт ішінде бәрін жөндеуге, стандарт талаптарына сай келтіруге сөз берді.

№ 4, VTB банкі (Төле би, 234Б). Үкім: Жабдықталмаған

Төле би көшесінің бойында орналасқан VTB банкінде мүгедектерге жағдай мүлде жасалмаған. Көше бойынан кіретін пандус тым биік, шетінде ұстанатын ештеңе жоқ, оның үстіне пандус біткен жерде көліктер тұр, арбадағы адам кіре алмайды. Одан бөлек, зағип жандарға арналған тактильді сары бағыттағыштарды мүлде көре алмадық. Банктің кіре берісіне де пандус қойылмаған.

Арбадағы адам бұл банк банкоматын пайдаланғысы келсе, пайдалана алмайды. Себебі ол жерге арбадағы адам сыймайды.

Тактильді мнемосхема туралы сөз қозғамай-ақ та қояйық.

Банктің күзет қызметі фото-видео түсірілім жасауға болмайтынын айтты, тіпті көшенің бойы қоғамдық орын екенін және банк сыртын түсіруге болатындығын түсіндірсек те, біздің жұмысымызға кедергі жасағысы келді. Бізбен сөйлесуге банк әкімішілігінен не бұған жауапты адамдардан ешкім шықпады.

№ 5, RBK банкі (Әди Шәріпов, 84). Үкім: Жабдықталмаған

Біз карта бойынша жүргендіктен, RBK банкінің Алматыда орналасқан басқа филиалына бардық, ол жерде де пандус биік, жиегінде ұстанатын ештеңе қойылмаған. Шақыру батырмасы да, тактильді сары бағыттағыштар да жоқ. Банкке кірсеңіз, тағы жоғары көтерілу үшін баспалдаққа тап боласыз, алайда ол тым биік, жанында пандус мүлде орнатылмаған. Банктің банкоматы бөлек, сыртта орналасқан, екеуі бір-бірінен алыс және орталарында кедергі бар, банкомат ғимаратына кіретін пандус та ыңғайсыз.

Банктің кассасы да биік, мұның биік болмауға тиіс екенін айтып едік, бұған жауаптымын деген адам бөлек қызмет көрсетілетінін айтып, бір үстелдің жанына алып келді. Біздің мұны алалау деп санамайсыз ба деген сұрағымызға алалауға жатқызбайтынын айтты. Жалпы, оның сөзінше, банкке жақында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шамасы, стандарт талаптарына сай болу жөндеу жұмыстарының бюджетінде қарастырылмаған.

№ 6, Халық банк (Төле би, 101). Үкім: Жабдықталмаған

Халық банктің пандусы тым биік және жанында ұстанатын темір жақтауы жоқ. Пандустың жанында шақыру батырмасы қойылмаған. Автотұрақтан банкке қарай, банктің ішінде тактильді бағыттағыш жоқ. Көзі көрмейтін адамдар қалай кіріп-шығатыны белгісіз. Банктің банкоматтары орта деңгейде орналасқан. Бірақ кіре берістегі ресепшн де, кассасы да биік. Одан бөлек, зағиптарға арналған тактильді мнемосхеманы мүлде көре алмадық. 

№ 7, Altyn bank (Төле би, 101). Үкім: Жабдықталмаған

Пандустың көлбеу бұрышы тым жоғары, сондықтан арбадағы адамның өз күшімен көтерілуі ыңғайсыз. Мұнда сізге банк қызметкерлерінің көмегі қажет болуы мүмкін, бірақ шақыру батырмасы жұмыс істемейтіндіктен сіз оларды шақыра алмайсыз. Біз оны бірнеше рет, тіпті әкімшіліктің көз алдында да тексеріп көрдік. Банк әкімшісі де, басқа қызметкерлер де мұның себебін түсіндіре алмады. Олар құрылғы батареяларының қуаты біткен шығар деп болжады, бірақ біздің көзімізше ештеңені ауыстырып көрген жоқ.

Банк бөлімшесіне кіре берісте зағип жандар бағдарлап, кіре алатындай тактильді бағыттағыштар жоқ. Бөлімше ішіндегі жағдай да соған ұқсас — көру қабілеті нашар адамдар үшін нұсқаулық орнатылмаған. Зағип адамның өз бетінше жүріп-тұруына арналған Брайль шрифті де жоқ.

Мұндай мәселелерге бөлімшенің әкімшілігі AltynBank-тің бас бөлімшесі жауапты екенін айтты, өйткені олар барлық филиалдардың жабдықталуына жауап береді. Бұл ретте арнайы комиссия банктің мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайлылығын тексергенін атап өтті.

№ 8, Альфа-банк (Масанчи, 57а). Үкім: Аз жабдықталған

Банк бөлімшесіне кіру жолмен бірдей деңгейде орналасқандықтан пандустың қажеті жоқ. Сондай-ақ, қызметкерді шақыру батырмасы орнатылған, оның нашар көретіндерге арналған Брайль қарпіндегі жазуы бар, бірақ ол, өкінішке қарай, жұмыс істемейді. Банк қызметкерлері бұған қауіпсіздік қызметі жауап беретінін айтады, бірақ олар ақпарат тасушының қайда екенін және оның жұмыс істемей тұрғанын білмейтін болып шықты.

Қуантатыны — банкке Брайль қарпі бар ақпараттық плита қойылған, ол жерден нашар көретін адамдар касса, банкомат және т.б. орналасуы туралы қажетті ақпаратты біле алады. Алайда тактильді бағытағыштардың мәселесі шешілмеген: кіреберістің өзінде тактильді бағыттағыштың үстіне қонақтар аяғын сүртіп алуы үшін кілем төселген, бұл зағиптарға қиындық туғызады. Банктің ішінде нашар көретіндерге арналған бағыттағыштар бар, бірақ олар ретсіз орналасқан және оған сеніп банкті аралау қиын.

Ал банктен шыққан кезде тактильді бағыттағыш төмпешікке келіп тіреледі, көру қабілеті нашар адам соған сүрініп құлауы мүмкін.

№ 9, Сбербанк (Сейфуллин, 498). Үкім: Жабдықталмаған

Алдымен, бұл банк арбадағы адам үшін мүлде қолайсыз екенін айтып өткен жөн. Бөлімше көшеден биік орналасқан: әуелі адам ғимарат деңгейіне шығуы қажет, одан соң банкке кіреді. Ғимарат деңгейіне көтерілуге арналған 3 баспалдақ бар, бірақ біреуіне де пандус қойылмаған. Арбадағы адамға арналған жалғыз ашық жол банкке кіре берістен жүз метр алыста орналасқан, алайда біз барғанда ол сыммен жабылған болып шықты.

Банктің есігінде пандус бар, бірақ ол ыңғайсыз және стандарттарға сай емес. Сондай-ақ, істемейтін шақыру батырмасы да қойылған. Банктің сыртында да, ішінде де тактильді бағыттағыштар жоқ. Мүгедектігі бар адам банкке өз бетінше жете алмайтын болып шықты.

№ 10, Kaspi bank (Абылай хан, 113). Үкім: Аз жабдықталған

Банк ғимаратының кіреберісінде пандус бар, бірақ тағы да стандарттарға сай емес: көлбеу бұрышы басқа банкетрмен салыстырғанда ыңғайлырақ, бірақ екі жағындағы ұстанатын тұтқалар кең қойылған, сондықтан оларға сүйену қиын. Қызметкерді шақыру батырмасы бар, алайда басқа банктердегі секілді жұмыс істемейді.

Банк ғимаратының өзі тар, әсіресе кешке жақын адамдарға лық толады. Арбадағы адамға ол жерде қозғалу айтарлықтай қиын. Банк қызметкерлері қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты, сондықтан мұндай қиындықтар уақытша дейді, бірақ бұл қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Банкке кірер алдында нашар көретіндерге арналған тактильді бағыттағыштар орнатылған, бірақ олар банк бөлімшесіне көтерілуге арналған баспалдаққа жеткенде бітіп қалады: банктің ішінде жоқ.

Сондай-ақ, арбадағы адамның банкке кіруіне кім көмектесетіні белгісіз, өйткені қызметкерлердің басым бөлігі — әйел. Оларға арбаны көтеру ауыр болады. Белсенді Богдан Джепка бір кездері мұндай мәселеге тап болғанын, ақырында банкте оған көмектесуге физикалық күші жететін адам табылмай, кіре алмай кеткенін айтты.

Бөлім әкімшісі ғимаратта арбадағы адамға көмектесе алатын күзет бар екенін айтты, бірақ тексеру кезінде біз ондай ешкімді көрмедік.

№ 11, Fortebank (Назарбаев, 100а). Үкім: Жабдықталмаған

Алматыдағы бұл банктің ғимараты заңды және жеке тұлғалар арналып екіге бөлінген. Олар ғимараттың екі бөлігінде орналасқан. Бірден айта кетейік, екі бөлім де мүмкіндігі шектеулі жандарға жарамсыз.

Заңды тұлғаларға арналған бөлімшеге барар жолда тактильді бағыттағыштар жоқ. Олар банктің ішіне де төселмеген, Брайль шрифтінде де жазылған ештеңе көрмедік. Нашар көретін адам басқаның көмегінсіз банкке кіре алмайды. Арбадағы адам үшін де жағдай жақсы емес. Кіреберістегі пандус тар және биік орнатылған, екі жағында ұстанатын тұтқа жоқ. Тек қызметкерлердің көмегіне үміт артасыз, бірақ сыртта шақыру батырмасы орнатылмаған. Егер алдыңғы банктерде ол декорация функциясын орындап тұрса, мұнда ол да жоқ.

Кедергілер бөлімше ішінде де кездеседі. Кассалар, қабылдауға арналған үстелдер арасын саты бөліп тұр, ал оларға пандус орнатылмаған. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың бұл бөлімде өз күшімен жүріп-тұруы қиынға соғады.

Жеке тұлғаларға арналған бөлімше де айтарлықтай жақсы деңгейде емес. Көзі нашар көретіндер үшін бағыттағыш жолдар да, Брайль тіліндегі жазулар да жоқ. Мұндайда банк қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге тура келеді, бірақ оларды шақыру батырмасын да таба алмадық.

Жағымды жақтардан пандустың дұрыс орнатылғанын атап өтуге болады, бірақ тұтқалары алыс орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға өз бетінше көтерілу қиынға соғады. Есесіне бұл бөлімшенің ішінде лифт бар. Біз тексеріп көрдік, ол жұмыс істейді, қабаттарға көтерілу айтарлықтай қиындық туғызбайды. Сондай-ақ, банкте мүгедектігі бар адамдарға арналған жеке касса бар.

Банк әкімшілігінен түсініктеме алуға тырысқанымызда, қызметкерлер бөлімшенің жайластырылуына кім жауап беретінін айта алмады. Күзетшілер болса, көп жыл бойы банкке мүмкіндігі шектеулі адамдардың келгенін көрмедік дейді.

Материал жазылып жатқанда бізге Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова қоңырау шалды. Ол Fortebank-пен байланысқанын және олардың шақыру батырмасы бар екенін хабарлады. Біз барғанда батырманы көрмегенімізді, тіпті күзетші оны бізбен бірге іздеуге шыққанын айттық. Олар бізге шақыру батырмасы бар фотосурет жіберді. Біздіңше, батырма біз барғаннан кейін орнатылған.

«‎Өз көзімізбен»‎: қазақстандық банктер мүгедектерге қаншалықты ыңғайлы?

Ыңғайлылық рейтиңін өлшеп көрейік

Төменде біз барған банк бөлімшелерінің рейтиңі көрсетілген. Рейтиң сегіз критерийге негізделген, орындалғаны үшін — екі ұпай, ішінара орындалғаны үшін бір ұпай, стандарт талаптары орындалмаса — нөл:

  1. Автотұрақтағы арнайы орын. Болса 2 ұпай, болмаса 0;
  2. Пандустың болуы. Болса 2 ұпай, алынып-салынатын болса 1 ұпай, болмаса 0 ұпай;
  3. Пандустың ыңғайлылығы (биіктігі, ені, үстіңгі жабыны). Стандартқа сәйкес келсе 2 ұпай/ ішінара сәйкес болса 1 ұпай, сәйкес келмесе 0;
  4. Істеп тұрған шақыру батырмасының болуы. Істесе 2 ұпай, батырма жоқ немесе бола тұра, жұмыс істемесе 0;
  5. Аумақта толықтай тактильді бағыттағыштың болуы. Толықтай бар — 2 ұпай, бар, бірақ толық емес болса 1 ұпай, жоқ — 0;
  6. Брайль тілінде тақтайшалардың болуы. Жеткілікті мөлшерде бар — 2 ұпай, бар, бірақ жеткіліксіз — 1 ұпай, жоқ— 0;
  7. Банкоматтың ыңғайлылығы (биіктігі, арбадағы адамның пайдалану мүмкіндігі) / ыңғайлы — 2 ұпай, ішінара ыңғайлы — 1 ұпай, пайдалану мүмкін емес — 0;
  8. Кассаның ыңғайлылығы/мүгедектігі бар адамдарға арналған үстелдің немесе кассаның болуы. Ыңғайлы / жеке кассасы бар болса 2 ұпай, үстелдер болса 1 ұпай, жабдықталмаса 0.

Банк ең көп дегенде 16 ұпай жинай алады.

Ресми органдар не дейді?

Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, тең мүмкіндіктер бөлімінің қызметкері Айжан Баймухамбетованың айтуынша, қаланың әр бір ауданының өзінің мониториң топтары жұмыс істейді.

Олар әр ғимараттың жеке құжатын жасайды. Мұндай толықтай аудандық әкімдікке қарайтын мониториң топтарының жұмыс істеп жатқанына 2-3 жыл болған. Олар қандай да бір стандарт талаптарын бұзғандарға бірден айыппұл салмайды, алғашында жауапты тұлғаларға ұсыныс хат береді.

Ал банктерге қатысты, қанша тексеріс болғаны, олардың қаншасына айыппұл салынғаны белгісіз, себебі бірінші кезекте мемлекеттік мекеме, аурухана орналасқан ғимараттар және тағы басқасына көңіл бөлінеді.

Ал Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкері Бауыржан Үшкемпіровтың сөзінше, өзі жұмыс істеп жатқан 4 жыл ішінде банктердің ыңғайлылығын тексеру көп болмаған. Тек Kaspi банкінің бір филиалына арыз түсуіне байланысты тексеріс жасамақ болып, арызда нақты фактілер жоқтығына байланысты тексеріс жүзеге аспай қалғанын айтады.

Мүгедек адамдарға ыңғайлылық картасы неге шын жағдайды көрсетпейді?

Мемлекеттік органдар мүгедектігі бар адамдар үшін қаланың түрлі ғимараттарының ыңғайлылығы туралы ақпаратты бірнеше рет жүйелеуге тырысқан. Алайда, ресми деректер жағдайдың шындығын көрсетпейді.

Бауыржан Үшкемпіровтың айтуынша, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті былтырдан бері Inva.gov.kz (“қолжетімділіктің интерактив картасы”) сайтында мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы деп көрсетілген ғимараттарды тексеріп келеді. Алайда, Үшкемпіровтың сөзінше, көрсетілген көп әлеуметтік орын көбінесе жабдықталмаған болып шығады (мұны біздің тексеріс те растады). Ал сайтқа мұндай ақпаратты қалалар мен аудандардың әкімдіктері енгізеді.

Бір қызығы, бұл платформа 2015 жылы құрылып, бірақ басқа доменде жүзеге асырылған. Cabar.asia басылымы жазғандай бұл платформа де факто «‎мемлекеттік органдарға арналған карта»‎ болған, мүмкіндігі шектеулі адамдар бұл сайтты іс жүзінде қолданбаған.

Біз мұндай картаны кім жасады деген сауалмен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Усенбековадан сұрадық. Оның айтуынша, картада көрсетілген деректерді банктірдің өздері ұсынған. Л. Усенбекова IT мамандар банктер берген деректерді картаға енгізерде қате кетуі мүмкін екенін айтады.

Балама ретінде біз оқырмандарымызға 2019 жылы пайда болған «‎Ыңғайлы Қазақстан»‎ онлайн-картасына көңіл бөлуді ұсынар едік. Оның басқалардан айырмашылығы, платформа мемлекеттік органдардың немесе банктердің өздерінің емес, қарапайым азаматтардың пікірлерін негізге ала отырып, әлеуметтік объектілердің ыңғайлылық деңгейін көрсетеді. Яғни, оны қоғамның өзі бағалайды. Картаның арқасында сіз ғимараттың мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаншалықты ыңғайлы екенін біле аласыз: пандустың бар-жоғы, дыбыстық құрылғылар, тактильді бағыттағыштар, арбамен жүре аласыз ба және т. б. Ғимарттар үш түсті белгішелермен айшықталады: жасыл нысан толықтай ыңғайлы, сары — ішінара ыңғайлы, ал қызыл — ыңғайсыз дегенді білдіреді.

Зерттеу қорытындысы

  • Біз алған деректерді тұтас жағдайға экстраполяциялай отырып, Қазақстанда екінші деңгейдегі банктердің басым бөлігі не мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ыңғайсыз, не ішінара ғана жабдықталған деп болжауға болады.
  • Біздің елімізде мүгедектігі бар адамдарды алалаудан қорғау үшін қабылданған бірқатар заңнамалық актілер мен халықаралық стандарттарға қарамастан, банктердің көп бөлімшесі белгіленген нормаларды сақтамайды.
  • Көп жағдайда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар толық құқылы бола тұрып, банк қызметтерін өз бетінше пайдалана алмайды. Мұны БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары жөніндегі халықаралық конвенциясын, сондай-ақ ҚР «‎Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы»‎ әкімшілік кодексінің 83-бабын бұзу ретінде қарастыруға болады.
  • ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің картасындағы деректер көп жағдайда шындыққа сәйкес келмейді.
  • Адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың көп өтініші мен осы мәселені БАҚ-та бірнеше рет көтеруіне қарамастан, мүмкіндігі шектеулі азаматтар алалауға әлі күнге дейін ұшырап келеді.

Әкімдіктердегі жауапты шенеуніктер ғана емес, сонымен қатар зерттеуімізге енген/енбеген басқа банк басшылығының өздері де осы материалға назар аударады және жағдай жақсарады деп үміттенеміз.

Factcheck.kz