Жартылай шындық | Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткер Бабанов Қазақстан азаматы болған

20 қыркүйек күні informburo.kz сайтында Қырғызстан президенттігіне үміткер Омурбек Бабанов Қазақстан Республикасының азаматы болған деген мазмұндағы материал жарық көрді. Басылым қырғыздың Zanoza.media сайтында жарық көрген материалға сілтеме жасайды, онда Қазақстан Республикасы халқының мәліметтер базасына сүйене отырып, Бабановқа 1990 жылдары Қазақстанның төлқұжаты берілгенін келтіреді.

Жартылай шындық | Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткер Бабанов Қазақстан азаматы болған
Скрин www.egov.kz сайтынан

Алайда, Бабановтың өзі Қазақстанның азаматы болмағанын мәлімдейді, бұл мәлімдемені ҚР ІІМ де растайды. Дегенмен, ҚР Электронды үкіметінде Омурбек Бабановтың жеке сәйкестендіруші нөмірі жөніндегі мәліметтер сақталған.

Біз жарияланған ақпарат пен файлдарды қайта тексеріп көрген едік. Нәтижесі шиеленісті, күрделі әрі қызық болды.

Үкім: Жартылай шындық

Омурбек Бабановта шынында да Қазақстанның төлқұжаты болған және ол оны пайдаланған, алайда заң бойынша (қазақстандық заңнамаға сай) ол Қазақстанның азаматы болмаған.

Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.

Бабанов қай елдің азаматы?

Сонымен, шындығы қайсы? Саясаткер азаматтығы болмағанын ел алдында мәлімдеп отыр. Мұны ІІМ де растайды, алайда, ҚР Электронды үкіметінің мәліметтер базасы Бабановтың ЖСН-ін көрсетіп тұр. Әрі 1995 жылдан 1998 жылға дейін Бабанов Тараз қаласындағы «Арлан», «Бизнес-Ойл», «Кыр-Кор» компанияларын басқарған. Ал саясаткердің өзі бұл жөнінде не дейді екен?

«1994 жылдан бастап Тараз қаласында тұрдым, 1995 жылы ол жерде төлқұжат ауысу шарасы жүрді. Мен де ескі үлгідегі төлқұжатымды жаңа үлгідегіге ауыстыруым керек болды. Ескі төлқұжатым бойынша кедергілер болғандықтан, жаңасына ауыстырдым. Бірақ, маған ешкім қырғыз азаматтығын жоғалтатынымды, автоматты түрде Қазақстан азаматы болатынымды түсіндірген жоқ. Ешкім менің келісімімді де сұраған жоқ. 1998 жылы Қазақстанның азаматы екенімді білген сәтте, өз бастамаммен Тараздағы тіркеу бөліміне барып, өтініш жаздым да төлқұжатымды тапсырдым. Қазақ халқын қатты сыйлаймын, бірақ ешқашан азаматтығымды ауыстырып, Қазақстанның азаматы болуды ойлаған емеспін», – деп түсіндірді Омурбек Токтоғұлұлы журналистерге.

Қырғыз депутаттар комиссиясының пікірі

2011 жылдың мамыр айында Қырғыз телеграф агенттігі Бабановтың қос азаматтығымен байланысты жағдайға орай депутаттық комиссия тексерісінің нәтижесін жариялады:

Онда былай делінген:

1995 жылы 14 қарашада Бабанов Жамбыл облысында №738963 YI-ГС сериялы КСРО паспортының орнына Қазақстан Республикасының №0138446 төлқұжаты мен №000630739 жеке куәлігін алған, Тараз қаласы, 2-Арычный көшесі, 85-үйге тіркеуге тұрған. 5 жыл бойы Бабанов Қазақстан Республикасының төлқұжатын пайдаланған және Қазақстан Республикасының азаматы болған. Мұны Қазақстан Республикасының халқына берілетін жеке куәліктер туралы мәліметтер базасынан алынған анықтама да растайды.

Комиссия мүшелері сол кезде ТМД аумағында қабылданған келісімге орай, азамат төлқұжатын тіркеуден өткізген елдің азаматы болып саналатынын баса ескертеді, ол жөнінде төлқұжатқа мөр басылатын болған. Немесе КСРО төлқұжатын өткізіп, орнына сол елдің жаңа төлқұжатын алуы тиіс. Қандай да бір елдің азаматы болу деген сөз ол адам сол елдің мүддесіне адал қызмет етуі керектігін білдіреді.

«Бабанов түсіндірме жазбасында 5 жыл Қазақстан төлқұжатын пайдаланғанын жоққа шығармайды, бірақ, Қазақстан Республикасының азаматы болғанын білмегенін айтады», – деп қорытынды жасайды комиссия.

ҚР ІІМ ұстанымы

Біздің сауалымызға ІІМ берген ресми жауабы мынадай:

20.05.1970 жылы туылған Бабанов Омурбек Токтоғұлұлы Қазақстан Республикасының азаматы емес және болмаған.

О.Т.Бабанов Қазақстан Республикасының азаматтығын алу жөнінде заң белгілеген тәртіп бойынша өтініш білдірмеген.

Жартылай шындық | Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткер Бабанов Қазақстан азаматы болған

Бабанов неліктен заң жүзінде ҚР азаматы болмаған?

Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін Заң талаптарына сәйкес өтініш білдіру керек. Шамасы, 90-жылдары Бабановтың мұның жай-жапсарын түсініп, өтініш беруге уақыты да болмаған секілді. Сондықтан оның азаматтығын ресми түрде жарамсыз деп тапқан.

Бабановтың белгілі бір уақыт аралығында Қазақстанда тұрғанына қарамастан, өтініш бермегендіктен, ол ҚР азаматтығын алуға нақты себеп бола алмайды.

Informburo.kz  сілтеме жасаған қырғыздың Zanoza.media басылымындағы анықтама суретінде Бабановтың қазақстандық төлқұжатының жарамсыздық себебі де көрсетілген: ЗАҢСЫЗ ҚҰЖАТ БЕРУ.

Жартылай шындық | Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткер Бабанов Қазақстан азаматы болған
Дерек көзі: Zanoza.media

 

Factcheck.kz