2 қыркүйектегі жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданатыны туралы дерек келтірді. Президент шын сөйледі ме? Factcheck.kz редакциясы жылдағы дәстүрге сай тексерді.
Мәлімдеме: Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Ескерту: Тоқаев жолдаудың бұл тұсында орысша сөйледі. Ол «В Казахстане ежегодно обрабатывается около 150 тысяч тонн авиагрузов» деді. Ал aqorda.kz сайтындағы қазақша нұсқада «обрабатывается» деген сөз «тасымалданады» деп аударылған. Сәйкессіздік үкімге әсер етпеу үшін, біз президент сөйлеген тілде, яғни орыс тіліндегі нұсқасын тексердік.
Үкім: Манипуляция
ҚазАвтожол дерегіне сәйкес 2023 жылы әуежайларда өңделген жүк көлемі 145 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ, көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 15%-ке өсті. Демек, 2022 жылы 126 мың тонна болған. Ал, ашық НПА деректерінде бұл сан 2021 жылы 130 мың тонна болғаны жазылған.
Кейінгі 5 жылдың статистикасын қарасақ, көрсеткіш ешқашан 150 мың тоннаға жетпеген. Әуежайларда өңделген жүк көлемі 2019 жылы 140,4 мың тонна, 2020 жылы 87,1 мың тонна болған.
Егер, «тасымалданады» деген сөйлеммен тексерсек, деректер сәйкес келмейді. Себебі, ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес әуе көлігі арқылы 2023 жылы 23,8 мың тонна жүк тасымалданған. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстандағы әуе арқылы тасымалданатын жүк көлемі 150 мың тоннаға ешқашан жетпеген. Елімізде бұл көрсеткіш бойынша 2018 жылы ең көп жүк тасымалданған, яғни 44 мың тонна болған.