Теңге Check: Жазушылар одағы құрылтайшыларының компаниялары мен мемлекеттен алған тапсырыстары

Бұған дейін Factcheck.kz Қазақстан Жазушылар одағы (ҚЖО) мемлекеттік сатып алу арқылы қанша ақша алғанын жазған. Бұған түрткі болған ҚЖО бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің Арманжан Байтасовқа берген сұхбаты еді. Ол әңгіме барысында Жазушылар одағына мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін, тек Үкіметтік емес ұйым ретінде жоба ұсынатыны жайлы айтты.

Ұлықбек Есдаулет басқаратын одақ кейінгі бес жылда 626 511 376,8 теңгені мемлекеттік сатып алу арқылы алған. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және infonpo.gov.kz сайтынан Жазушылар одағына берілген грант пен жобалар туралы ақпарат таппадық. Ендігі кезекте Қазақстан жазушылар одағы құрылтайшыларының атында не тіркелген және мемлекеттік сатып алудан қанша ақша алғанын зерттеп көрдік.

ҚР Электрондық үкіметінің дерегінше, ҚЖО құрылтайшы құрамы соңғы рет 2019 жылдың 28 ақпанында өзгерген. Содан бері құрылтайшылар қатарында болған Жәркен Бөдешұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Берік Шаханұлы қайтыс болған. Неліктен құрылтайшылар қатарынан шығарылмағаны белгісіз.

Біз осы жағдайға қатысты заңгер Марина Абжанованың пікірін білдік. Заңгердің айтуынша, қайтыс болған адамдарды мүшеліктен шығару тәртібін бірлестікті ұйымдастыратын адамдар шешеді.

[Құрылтайшылар — ред.] құрамынан шығару заңмен де, жарғымен де белгіленеді. Біз нормативтік актті қарадық, ал нормативтік акт компания жарғысына сілтейді. Нақтырақ айтсақ, бұл қоғамдық ұйым, яғни бірлестік [Жазушылар одағы — ред.], олай болса оның мүшелері болады. Бұл жағдайда ерекшелік болуы мүмкін. Егер компанияның иесі болатын болса, онда компания мұраға қалады, өйткені компания – бұл меншік.

Ал біз қарастырып отырған одаққа бірнеше адам мүше, ал мүшеліктен шығару тәртібін осы қоғамдық бірлестікті ұйымдастыратын адамдар шешеді. Соның ішінде қайтыс болған мүшені қашан шығаратынын да өздері анықтайды. Мүшелік мұрагерлікке қала ма, [бұл да бөлек сұрақ — ред.]. Өйткені мұндай ұйымда барлығы мүшелік жарнаға, әр мүшенің жеке үлесіне құрылған. Ал мұндай салым – мүліктің бір түрі. Сондықтан, біз мұрагерлерді жоққа шығара алмаймыз және мұның заңды немесе заңсыз екенін түсіну үшін осы ұйымға мүшені қосу немесе шығару тәртібін білуіміз керек. Ал жарғысыз бұл тәртіпті біле алмаймыз.

Марина Абжанова.

Біз ашық деректерден ЖО құрылтайшылары Шаштай Жұмабай, Шарбану Бейсенова , Михайлов Валерий, Ғалым Жайлыбай, Бейбіт Сарыбаев атына тіркелген ЖШС немесе ЖК (ИП) таппадық. Алайда Несіпбек Айтұлы мен Нұрлан Оразалин иелік ететін бірнеше компания мен салық төлеушілердің есебінен қанша қаржы алғанын анықтадық. Енді рет-ретімен қарап көрейік.

Нұрлан Оразалин иелік ететін «Ан Арыс» баспасы 2016 жылы — 2, 2017 жылы — 1, 2018 жылы — 2, 2019 жылы — 1, ал 2020 жылы 2 рет мемлекеттік тапсырыс алған.

2019 жылы «Ан Арыс» баспасын Нұрлан Оразалин басқарып тұрған тұста «Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінен» 19 446 428 теңгеге тапсырыс алған. Орындалған жұмыстың актіне сай, Оразалин өзінің (5000 данамен жарық көрген) қазақ және орыс тіліндегі «Көкжал дәуір. Время волчицы» кітабына 7 071 428,57 теңге бөлген. Салық төлеушілердің ақшасы баспаға, автордың қаламақысына, яғни, Оразалиннің гонорары, редакциялау, техникалық безендіру жұмыстарына жұмсалған. Қалған 12 375 000 теңге Тұрысбек Сәукетаевтың «Желқайық» романының (5000 дана) шығынына жұмсалған.

Бұдан бөлек, «Ан Арыс» баспасы 2016 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «әдеби әлеуметтік маңызды шығармаларды» басып шығарған. Ашық деректерден 2016 жылы баспаның басшысы кім болғанын таппадық. Сол кезде де Нұрлан Оразалиннің «Шығармалар жинағының» 7-, 8-, 9-, 10-томын басып шығаруға 10 714 200 теңге бөлінген. Орындалған жұмыстың актіне сай, әр том 2 678 550 теңгеге бағаланған.

Несіпбек Айтұлы басқаратын мұражай мен мемлекеттен алған тапсырысы

Астанадағы «Сәкен Сейфуллин» атындағы мұражайына ақшаның көп бөлігі «Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасынан» «Мәңгілік – ұлт мұраты» атты республикалық жыр мүшайрасы» іс-шарасын ұйымдастыруға бөлінген — 50 000 000 теңге.

Қалған сома «Сәкен Сейфуллин музейі – ел шежіресі» мәдени іс-шарасын өткізуге — 12 700 000 теңге, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының» тапсырысымен балаларға билетке — 30 150 теңге кеткен. Бұдан бөлек 90 700 теңгеге «RJ Nur-Sultan» (Рухани жаңғыру) тапсырысы бойынша «Мұражай экспозицияларын көрсеткен».

Қорытынды

  • Құрылтайшылар қатарында болған Жәркен Бөдешұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Берік Шаханұлы қайтыс болған, бірақ материал жазылған уақытта құрылтайшылар қатарында болды.
  • Шаштай Жұмабай, Бейсенова Шарбан, Михайлов Валерий, Жайлыбай Ғалым, Сарыбаев Бейбит атына тіркелген ЖШС немесе ЖК (ИП) таппадық.
  • Алайда Несіпбек Айтұлы мен Нұрлан Оразалин атына тіркелген мұражай мен баспаны анықтадық.
  • Оразалин атына тіркелген «Ан Арыс» баспасы мемлекеттік сатып алу арқылы кейінгі 5 жылда 140 222 183.41 теңге (2016-2021 ж.) алған.
  • Ал Несіпбек Айтұлы атына тіркелген астанадағы «Сәкен Сейфуллин» атындағы мұражайға мемтапсырыс арқылы 62 820 850 теңге (2016-2019 ж.) бөлінген.
Материалды жазу барысында ҚР қолданыстағы ашық дерекқорлары мен open-base.newreporter.org деректері қолданылды.