Сауд Арабиясының қауіпті сәті

ИЕРУСАЛИМ – Француздың 19 ғасырдағы мемлекет қайраткері әрі тарихшысы Алексис де Токвильдің “нашар үкімет өзін-өзі реформалай бастаса, әдетте ең қауіпті сәт – сол” деген сөзі бар. Реформаның басталуы дәстүрлі нормалар мен институттарға сенімнің жоғалғанын, ал оған балама құрылымдардың әлі толық қалыптаспағанын аңғартады.

Токвиль Луис XVI режимін классикалық мысал ретінде келтіреді. Ол жүргізген реформа көп ұзамай Француз революциясына алып келіп, ақыры 1793 жылы корольдің өзі өлім жазасына кесілді. Михаил Горбачевтың 1980 жылдары Совет одағын реформалау әрекеті де жарқын мысал бола алады. 1991 жылдың соңында Совет одағы тарап, Горбачевтың өзі биліксіз қалды. Сауд Арабиясының крон-принці Мұхаммед бин Салманның (көбіне MBS деп атайды) елді модернизациялау әрекеті дәл осындай жағдайға ұшырауы мүмкін.

Крон-принц пен Сауд жүйесі

Сауд Арабиясы аста-төк мұнай байлығын ел азаматтарына үлестіріп, қоғамға Исламның уаххабизм дәстүріне негізделген фундаменталистік қағидаларын сіңіру арқылы (салыстырмалы түрде) ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етіп келді. 1932 жылы Корольдік құрылған соң саудиялықтардың көбі бұрын-соңды болмаған байлыққа кенеліп, король әулеті шөл даланың шейхтары деңгейінен халықаралық қауымдастықтың ең ауқатты элитасының қатарына көтерілді. Араб дәстүріне сәйкес корольдіктің негізін қалаған Абдулазиз ибн Саудтың есімімен аталған мемлекетті оның ұлдары кезекпен басқарып келеді (Иордания Хашемит Корольдігі – осындай тағы бір ел). Ал Мұхаммед бин Салман бұл “месседжді” қабылдап, 2017 жылдың маусымында крон-принц болып жарияланғалы Сауд жүйесіне үлкен өзгерістер енгізе бастады.

Бин Салманның кейбір әрекеттері, мәселен әйелдердің көлік жүргізуіне рұқсат беруі, көп уақыттан бері қоғамдағы киім кию тәртібін қадағалап келген діни полицияның өкілетін шектеуі әлемдік БАҚ-та үлкен қолдауға ие болды. Бұл – Корольдікті уаххабизмнің қатты шеңгелінен құтқару жолындағы оң қадамдар. Крон-принцтің христиандарға, еврейлерге және басқа да өзге дін өкілдеріне толерантты болуға үндеуі де, Израильмен байланысты нығайта түсуі де жақсы ырымға баланды.

Жемқорлардан “тазалау”

Дегенмен, бұдан басқа жаңа саяси бастамалар проблема тудыруы мүмкін. Бин Салманның мұнайға тәуелділіктен құтылып, экономиканы әртараптандыру жоспары әлі де жазылып жатыр. Оның эвфемистік түрде “жеморлықпен күрес” деп атаған науқанды бастауы сырттағы бақылаушыларды секем алдырды. Былтырғы қарашадан бері бин Салман Саудия элитасының жүздеген өкілін, соның ішінде принцтер мен халықаралық беделге ие бизнесмендерді заң үстемдігі принципін сақтамастан, күмәнді негіздермен тұтқынға алып жатыр.

Анығын айтқанда, Сауд Арабиясында заңды негізде қабылданған құқық жүйесі жоқ. “Тазалау” кезінде ұсталғандардың қысым барысында заңсыз жолмен жинаған байлығын қазынаға “қайтаруға” келіскеніне билікке өкпелі саудиялықтардың көбі қуанғаны рас. Ал қазына крон-принцке қарайтыны айдан анық.

Бірақ бин Салман билігін нығайтып, аз уақыт болса да халықтың көңілінен шыққанымен, әкесі – Салман бин Абдулазизи әс-Саудтың орнына король болғанда авторитар деспот ретінде билік ететіні айқындалып келеді. Бұл принцтердің арасында билікті өзара бөлісуге негізделген, орталықсыздандырылған дәстүрлі жүйеден мүлде ауытқу болары анық.

Сүнниттер мен шейіттер арасы алшақтауда

Бин Салманның қатаң саяси басқару стилінің халықаралық салдары да бар. Біріншіден, ол Иранға және оның аймақтық амбицияларына қатысты тым қатаң саясат ұстанып отыр, соның кесірінен сүнниттер мен шейіттер арасы алшақтап барады. Бин Салманның ұстанымын, соның ішінде Иран режимін нацистік Германияға теңеген негізсіз мәлімдемелерін Египет, Йордания сияқты сүннит елдермен қоса АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қолдап отыр. Ал бұл аймақтағы тұрақтылыққа ешқандай жақсылық әкелмесі белгілі.

Бұған қоса, бин Салманның Йеменге әскери интервенциясы сәтсіз аяқталды және оның Саудия үстемдігіне қарсы шығып жүрген Парсы шығанағындағы шағын, бірақ бай ел Катарга эмбарго қою шешімі кері әсер берді. Сол сияқты, оның былтыр Ливан премьер-министрі Саад Харириді биліктен кетіруге талпынысы нәтижесіз болды.

Сауд Арабиясының қайда бара жатыр?

Сауд Арабиясының қайда бара жатқанын болжау қиын. Бұл елге жан-жақты реформаның қажет екені анық. Бірақ бин Салманның әдісі дұрыс па,  жоқ па, ол жағы белгісіз. Егер сәтті болса, оның реформатор ретінде беделі көтеріледі. Бірақ оның өкілдік институттарды қалыптастырып, заң үстемдігін орнатуға ешқандай құлқы жоқ. Сондықтан бұл ел ол жеке билеп-төстейтін диктатура болмақ.

Оның үстіне, бин Салманның авторитарлық тенденциялары және оның сыртқы саясаттағы ұят жеңілістері өзі көзін құртпақ болған дәстүрлі элитаның және Корольдіктің Шығыс аймағында тұратын, Иранды өздерінің қорғаны санайтын ауқымды шейіт азшылығының қарсылығына тап болуы мүмкін.

Ал, сыртқы мәселеге келсек, Иранмен арадағы ушыққан жағдай бин Салманның бақылауынан шығып кетуі мүмкін. Жақында АҚШ-тан қару сатып алғанына қарамастан, Сауд Арабиясының әскери әлеуеті Ирандікінен төмен. Егер әскери қақтығыс бастала қалған жағдайда бұл кең ауқымды аймақтық соғысқа ұласып кетпесін деп үміттенуден басқа амал жоқ.

Сауд Арабиясының қауіпті сәтіШломо Авинери – Иерусалимдегі Еврей университетінің саясаттану профессоры және Израиль Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы бас директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz