Қауіпсіздік пен экономикаға заманауи көзқарас

ПРИНСТОН – Әлем сауда соғысының қарсаңында тұрғанда, Батыс нағыз соғысқа бір қадам қалғанда біз бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардың арасындағы жағдайдың сабағын ескеруіміз керек.

Дағдарыс пен депрессия

Қазіргі экономика және қауіпсіздік мәселелері үшін біз 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысын кінәлаймыз. Дәстүрлі экономикалық саясаттың олқылықтарын көрсетумен қатар, бұл дағдарыс және оның салдары жаһандағы тепе-теңдікті Атлантикадан Азия-Тынық мұхит аймағына қарай бұрды және Батыста саяси наразылық пен истеблишментке қарсы қозғалысты күшейтті.

Дәл осы жағдай сияқты 1930 жылдардағы “үлкен депрессия” да адамзаттың экономикалық ойлау жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелді деп саналады. Дәстүрлі түсіндірмеге қарасақ, сол замандағы саясаткерлер дағдарысқа әкелген қателіктерді ешқашан қайталамауға уәде беріп, ұзақ экономикалық тоқыраудан шығудың жолдарын ұсынған.

Дағдарыстан кейінгі экономикаларды концептуалдық және институционалдық қайта құрудың авторы ретінде әдетте көрнекті ғалым, британ экономисі Джон Мейнард Кейнс аталады. Ол 1936 жылы “Еңбек, пайыздық үстеме және ақшаның жалпы теориясы” кітабын жазған. Ол, сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық валюта қорының құрылуына және соғыстан кейінгі монетарлық саясаттың қалыптасуына негіз болған 1944 жылғы Бреттон-Вудс конференциясын ұйымдастыруға ат салысқан.

Кейнстің әріптесі және оның өмірбаянын жазған автор Рой Харродтың айтуынша, Бреттон-Вудс конференциясында Кейнс жұрттың үлкен қошаметіне бөленген. Алайда, британ экономисі Джоан Робинсон сияқты кей замандастары жаңа тәртіп енгізгені үшін Кейнсті соншалық қолпаштай беруге болмайды дейді.

Кейнс теориясының үстемдік етуінің шынайы себебі – оның жалпы тұтыну, инвестиция және қор көлемін өлшеу әдісі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Америка мен Британияның әскери жоспары үшін оңтайлы болды.

Бірізді есеп жүргізгеннің нәтижесінде үкіметтер ресурстарды дұрыс жұмсап, өндірісті азаматтық мақсаттан әскери мақсатқа бағыттай алды, инфляциялық қысымды азайтып, тұтынуды бір қалыпты ұстады, сол арқылы халықтың қарсылығын баса білді.

Соғыстан кейінгі экономикаларды  көбірек тұтыну жағына қарай бағыттағанда да дәл сол әдістердің пайдасы тиді. Бірақ мұндағы басты мәселе – соғыстан кейінгі жетістіктермен қатар жүрген экономикалық революция бейбіт кезеңдегі емес, соғыс уақытындағы есептеудің нәтижесі болды. Қауіпсіздік мәселелері, ішкі және сыртқы тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігі саясаткерлерді бұрыннан қалыптасқан экономикалық дәстүрді бұзуға итермеледі.

Ол кезеңнің қазіргі заманға үйретер сабағы көп. Қазір экономистердің көбі “қаржы дағдарысы дәстүрлі экономикалық ойлау жүйесін қайта таразылауға түрткі бола алмады” дегенді көп айтып жүр. Бұл заманда Кейнске балама болар ешкім жоқ. Оның орнына экономикалық және қаржылық мәселелер көбіне қауіпсіздік мәселелеріне, ұлттық және халықаралық мақсат-міндеттердің арасындағы қарым-қатынасқа аз көңіл бөлетін интеллектуалдық орталарда талқыланып жатыр.

Екі дүниежүзілік соғыс арасындағы сияқты қазір де экономикалық долбарлар жасауға итермелейтін, тіпті соған мәжбүрлейтін қауіпсіздік мәселелері бар. Қаржы дағдарысы толық экономикалық қайта құруға алып келмесе де, 2016 жылдан бері либералдық халықаралық тәртіпке үш түрлі сын-қатер төніп келеді.

Климат, жұмыс және блокчейн

Бірінші қатер – климат өзгерісі қаупі, оның ұзаққа созылатын геосаяси салдары болады,  ол әсіресе су тапшылығынан жапа шегіп жатқандарға, тропикалық елдер мен теңіз деңгейінің жоғарылауынан қиындық көріп жатқан жағалаудағы қалаларға әсер етіп отыр. Ал кей елдер жылы маусымның ұзаруынан, поляр аймағындағы минералды ресурстарға, көмірсутегіне қолы жете бастағандықтан, климат жылынуының уақытша игілігін көріп жатыр.

Атмосферадағы жылыжай газының көлемін азайтсақ бұл бәріміз үшін жақсы болар еді. Жылынып жатқан ғаламшардан ең көп жапа шегетіндерге өтемақы берудің халықаралық механизмін қарастырмаса, кей елдер жылыжай газының көлемін азайтуға байланысты ұсыныстарды әркелкі түсінеді.

Екінші жаһандық мәселе – жасанды интеллект (ЖИ) және оның еңбек нарығына кері әсер ету ықтималдығы. ЖИ тек жұмыс орындарына ғана емес, қауіпсіздікке де кесірін тигізіп жатыр, себебі ол мемлекеттердің өз халқын қорғау үшін және шабуылдың алдын алу үшін қолданып отырған ескі технологияларын іске алғысыз етеді. Бір қызығы, АҚШ, Қытай сияқты ірі державалар ЖИ және басқа да big data технологияларында үстемдік етуге жанталасып жатыр. Олар бұл әрекеттерін жалғастырған сайын қауіпті де тұрақсыз ойын өрши түседі, мұндағы әрбір технологиялық бетбұрыс саясатты өзгертіп, бұрынғы қорғаныс жүйелерін керексіз етіп тастайды.

Үшінші мәселе – блокчейн сияқты таратылған реестр технологияларының арқасында ақша революциясы жүріп жатыр, ал бұлар еш мемлекетке қатысы жоқ ақша түрін жасауға бекініп отыр. Бреттон-Вудс заманынан бері әсіресе АҚШ үшін қаржы саласындағы үстемдік биліктің бір түрі саналып келген еді. Ал ақшаның балама түрлерінің пайда болуы үкіметтерге де мемлекеттік емес ойыншыларға да қазіргі бар билік құрылымдарын айналып өтіп, билік ету тетіктерін табуға мүмкіндік береді. Биткоин сияқты криптовалюталар қазірдің өзінде нарыққа кесірін тигізіп жатыр, олар бір күні қазіргі өндірістік қоғамдардың құрылуына негіз болған қаржы қатынастарын өзгертіп жіберуі мүмкін.

Жаңа саяси географияда Қытай, Ресей, Үндістан және басқалар бұл сын-қатерлердің әрқайсысын жаһандануды өз қалауларына қарай өзгертудің мүмкіндіктері ретінде қарастырады. Олардың қиялындағы болашақ 20 ғасырдың соңындағы модельден әлдеқайда өзгеше болмақ. Мәселен, Қытай ЖИ-ді жаппай бақылау және мемлекеттің айтуымен ойлатқызу арқылы саяси тәртіпті өзгертудің құралы деп түсінеді. Индивидуализмді коллективизммен алмастыру арқылы Қытай жаһан саясатын мүлде иллиберал бағытқа бұрып жіберуі мүмкін.

Балама ретінде

Бағымызға қарай, басқа балама жолдар да бар. Экономика мен қауіпсіздік жайын қайта қарағанда біз бірлесе отырып болашақтағы әлеуметтік және саяси механизмдерді қалыптастыру тұрғысынан әрекет етуіміз керек. Біз адамзаттың қиялы мен өнертапқыштығын тек жаңа технологияны құруға емес, сол технологияларды басқаратын жүйелер қалыптастыруға да пайдалануымыз қажет.

Ең жарқын болашақ – үкімет пен мемлекетаралық корпорациялар ақпараттың барлығын бақылауға ұстамайтын болашақ. Демек, мұндағы басты міндет – балама көзқарастарды жоюға емес, ынтымақтастыққа негізделген, баршаға оңтайлы шешімдер қабылдау.

Қауіпсіздік пен экономикаға заманауи көзқарасГарольд Джеймс – Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынастар профессоры, Халықаралық инновациялық басқару орталығының аға ғылыми зерттеушісі.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz