БАҚ-та Қызылорда қаласына тоқпен жүретін автокөліктер жеткізілгені және олар экотакси қызметіне атқаратыны туралы ақпарат тарады (1, 2, 3). Бұл туралы жыл басында Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан. Ресми мәліметте «Қалада жолаушыларға арзан бағамен тасымал қызметін көрсету үшін 1 млрд теңгеге 100 экотакси алынуда», – делінген. Factcheck.kz авторы мемлекеттік сатып алу сайтын талдап, кім жеңімпаз атанғанын шолып шықты.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметте «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС 2024 жылдың 6 мамырында 100 автокөлік сатып алу үшін ашық конкурс жариялаған. Конкурста тапсырыс беруші ұсынған жалпы сома – 1 100 000 000 (бір миллиард жүз миллион) теңге.
Конкурсқа 4 компания қатысқан: Joldar lemi, «BusinessPartner» ЖШС, «AUTOCENTER ONTUSTIK» ЖШС, «АМЭКС» ЖШС. Алайда Joldar lemi компаниясы «конкурсқа қатысуға арналған конкурстық құжаттама талаптары мен біліктілік талаптарына сәйкес емес» деп танылған. Кейін «АМЭКС» ЖШС конкурс жеңімпазы болып, екінші орынды «BusinessPartner» ЖШС алған.
Конкурс хаттамасында конкурс комиссиясының құрамында 6 азаматтың болғаны көрсетілген. Басшылық құрылым бойынша олардың ішіндегі лауазымы жоғарысы әрі комиссия төрағасы – Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Алтынай Қуандыққызы.
Хаттамада конкурс қатысушыларының баға ұсынымы да жазылыпты. Соның ішінде екінші орын алған «BusinessPartner» ЖШС тапсырыс беруші ұсынған бағадан түсірмеген – 1 100 000 000 теңге. Бірақ «АМЭКС» ЖШС жеңімпаз атанған. Техникалық сипаттамасына сәйкес, жеткізуші автоматты трансмиссиялық, маторы 3 000 текше см көрсеткіштен аз емес Е-классты жеңіл автокөлік әкелуі шарт. Әсіресе, тапсырыс беруші қытайлық өнім және электрлі автокөлік қажетін нақтылап жазған.
Жеңімпаз компания Қызылорда қаласына әкелінетін әр көліктің құнын 11 534 880 теңгеге бағалағанын айта кетейік. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында көліктерді сатып алу нақты қай бюджет қаржысына жүргізілетіні туралы мәлімет жоқ.
БАҚ-та тараған фото және бейнежазбаларда және тауардың техникалық сипаттамасында жеткізуші қытайлық JAC SEHOL Aipao маркалы жеңіл электркөлігін әкелген. Екі тарап келісімшартты биыл 23 қыркүйекте жасағанын ескерсек, жеткізуші келісімшарт күшіне енген 60 күн ішінде көліктерді облысқа толық әкелуге міндеттелген.
Kompra.kz-тің мәліметінше, «АМЭКС» ЖШС 2019 жылдың 2 мамырында Ақтөбе облысында тілкелген. Мемлекеттік Кірістер комитетінің базасынан компанияның салыққа қарызы жоғын анықтасақ, Kompra.kz компания рейтиңін 85% деп бағалаған. Компания 2019 жылдан бері 157 394 063 теңге салық төлеген.
Мемлекеттік сатып алу порталында және өзге де ақпараттық порталдарда компания басшысы Захаров Иван Юрьевич деп көрсетілген. Сонымен қатар ашық дереккөздерден аталған азаматтың «АМЭКС» ЖШС-дан өзге тағы 3 компанияны басқаратыны белгілі болды (1, 2). Олар – өткен жылы құрылған «MIEL» ЖШС және 2019 жылы құрылған «ALFA CAR» ЖШС және «Автосбыт» ЖК. Қызығы, өзінің кәсіптік бағытын «ALFA CAR» тасымал-экспедициялық қызмет деп белгілесе, «MIEL» көтерме сауда агенттігі деп тіркеген. Тек «Автосбыт» ЖК ғана автокөлік сату бағыты бойынша жұмыс істейтітінін заңдастырған.
Ашық дереккөздегі мәліметке сенсек, автокөліктер «Қызылорда» автобус паркі ЖШС-ның балансына берілген. Бүгінде серіктестікке 52 көлік жеткізіліпті, қалған 48-і жақында әкелінбек.