Назар аударыңыз: Бұл материалда өлім, суицид және қатыгездік туралы айтылады. Осы мәселелерге сезімтал болсаңыз, мақаланы оқымауды ұсынамыз.
13 қыркүйекте Қазақстандағы жаңалық сайттары Алматыдағы көп қабатты тұрғын үй кешендерінің бірінің 13-қабатынан құлап қаза тапқан 12 жасар қыз туралы жаңалық таратты (1, 2, 3, 4). Баспасөз құралдарының көбі мұның суицид екенін жазды.
Үш күннен кейін, 16 қыркүйекте қазақстандықтарды көпқабатты тұрғын үйден құлап қаза тапқан 7-сынып оқушысы болған екі қыздың өлімі туралы жаңалық есеңгіретіп тастады (1, 2, 3, 4, 5). Екі күн өткен соң ҚР ІІМ басшысының орынбасары Игорь Лепеха журналистермен әңгімеде олардың өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді.
Қыздардың өлімі әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірді. WhatsApp-тағы ата-аналар чаттарына қыздардың неліктен суицид жасағаны туралы хабарламалар тарай бастады.
Factcheck.kz редакциясына балалардың өліміне «өлім топтары, мобильді ойындар және әдебиет» кінәлі деген қорытынды жасауға болатын хабарламалар легі келді. Олардың арасында 16 қыркүйекте қаза тапқан сыныптас қыздарға тиесілі кітаптардың фотолары да тарап кетті. Кең тараған хабарламалардың кейбірі telegram-арналарға да жетті.
Біз қолда бар материалды зерттеп, олардың суицидті насихаттайтын-насихаттамайтынын, балалар үшін қаупі бар-жоғын зерттеп көрдік.
Дисклеймер (мақала не туралы): бұл мақалада біз трагедияны талқыламаймыз және оның себептері туралы спекуляцияға бармаймыз. Мәтін жазылып жатқанда оқиғаның себептері тергеліп жатты. Біз тараған хабарламаларды оқиғадан тыс қарастырып, фактілерді келтіреміз.
Қысқаша қорытынды
- Біз тексерген кітаптар мен видеоойындарда қауіпті әрекетке шақыратын немесе суицидті насихаттайтын ақпарат жоқ. Бірақ олардың кейбірі 16 жастан асқан оқырманға арналған. Сонымен қатар контентті қабылдау баланың эмоциялық күйі мен жеке ерекшеліктеріне де байланысты екенін түсінеміз. Осыған байланысты ата-аналарға әдебиет пен ойын таңдаған кезде балалардың жеке қажеттіліктерін ескеруді ұсынамыз.
- «Қызыл дельфин» мен RNBWN онлайн-қауымдастығымен байланысты басқа да топтарда расымен адам өлтіру мен суицидті қалыпты деп көрсететін ақпарат бар. Алайда бүгінгі күні бұл ресурстардың шынайы ықпалы толық түсінікті емес. Жалпы, өлім топтарының ықпалы қатты асыра сілтенетінін тарих көрсетіп отыр. Әрі бұл контенттің балаларға арналмағаны да анық.
- Суицид – сыртқы ықпалды да, адамның ішкі күйін де қамтитын күрделі құбылыс. Ол ешқашан бір ғана фактордың немесе оқиғаның нәтижесі болмайды. Мұндай қиындықтарға тап болғандарды қалай қолдауды түсіну үшін барлық аспектіні ескеру қажет.
Бұдан әрі толық талдауға көшеміз.
Тарап жатқан хабарламаларда үш үлкен тақырып айтылатындықтан (өлім топтары, видеоойындар және әдебиет), біз мақаланы үш бөлімге бөліп, әрқайсысында бір компонентті қарастырдық. Кітаптардан бастайық.
Кітаптар
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде 16 қыркүйекте қаза тапқан қыздарға тиесілі деп айтылған кітаптардың фотолары тарап жатыр. Олар суицидке әсер еткен факторлардың бірі ретінде көрсетілген. Хабарламаларда фотоның «биліктің рұқсатымен таратылғаны», олардың тек маркетплейстерде ғана сатылатыны, офлайн сатылымда жоқ екені айтылған.
«Балаларды суицидке жеткізудің тұтас жүйесі жұмыс істеп тұр» деп жазады хабарлама авторы.
Біз төрт кітаппен танысып, оларда балалар үшін қауіпті ақпараттың бар-жоғын түсінуге тырыстық.
Алдымен, бұл кітаптардың қыздарға тиесілі екенін ресми түрде расталмаған. Бірақ қалай болғанда да бұл әдебиет туралы хабарламалар желіде тарап, үрей тудырғандықтан, тексеруді қажет етеді.
Кітаптардың офлайн сатылымда бар екенінен бастайық. Олардың тек маркетплейстерде сатылатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Алдын ала қорытынды: Біз фотодағы кітаптардан қауіпті әрекеттерге шақыратын немесе суицидті насихаттайтын ақпарат таппадық. Алайда олардың екеуі 16 жастан асқан оқырманға арналған, яғни, балалар әдебиетіне жатпайды. Оларды қатыгездік пен агрессия көріністері бар. Үш кітаптағы сюжет желісі адам жанының басқа біреуге қонуы туралы. Алайда мұның фэнтези жанры үшін танымал тақырып екенін де айта кеткен жөн.
Сонымен, басынан бастайық.
Фрауке Шойнеман: «Уинстон, сақтан! “Мысық-детективтің басынан кешкендері” сериясынан» («Уинстон, берегись! Серия “Приключения кота-детектива”»)
Қысқаша сипаттамасы: Кітап Уинстон деген мысық пен оның иесі туралы оқиғаны баяндайды.
Жас шектеуі: 12+
Flip.kz сайтындағы сипаттамасы: «Десе де, бұл отбасылық кешкі асты Уинстон басқаша елестеткен. Профессор Вернердің оңбаған жиендері құйрығынан тартуға дайын тұрады. Одан жаман не болуы мүмкін? Бірақ кішкентай азаптаушылардың қорлауынан да жаманы бар екен. Кешкі астан соң Уинстон іші ауырып өліп қала жаздады. Қатты шу болды: ветеринар біреудің детективті улағысы келгеніне сенімді!».
Лэй А.: «Эльф ханшайымының жұмбақтары» (#1) («Секрет эльфийской принцессі» (#1)
Қысқаша сипаттамасы: Эльфтердің ханшайымымен денесін ауыстыратын жасөспірім қыздың оқиғалары туралы кітап
Жас шектеуі: 12+
Meloman.kz сайтындағы сипаттамасы: «Сіз жақсы көретін эльф ханшайымдары, құпияға толы Өзге әлем, магия мен достық, тіпті, эльфтердің ханшайымына деген алғашқы көңіл. Оқиға эльфтерге арналған жабық мектепте болған! Лиа Дорнмайер – қарапайым қыз. Мектеп, хоккей, кино мен көзілдірік. Бірақ бірде ол Азалия Лалиала Пергуста Күміс шаш есімді эльф ханшайымымен денесін ауыстырған соң бәрі өзгерді. Азалия туған Өзге әлемінен эльфтерге арналған іш пыстыратын жабық мектепке бармай, басқа адамдарды көру үшін кетіп қалды. Ал Лиаға керегі біреу – өзіне оралу. Бір жақсысы, Азалияның ағасы Дориэнт не істеу керек екенін біледі. Лиа Кристалдарды табу үшін онымен бірге мектепке барады. Бұл тастардың көмегімен ол бұрынғы кейпіне орала алады. Бірақ мектептің ғажап екенін, Лианың ол жерден достар тауып алатынын кім ойлаған? Ол қарапайым қыз ғой, оның орны адамдардың арасында ғой? Әлде олай емес пе?»
Маро Моргана: «Қардағы пиона гүлі» («Цветы пиона на снегу» (Үш кітап)
Қысқаша сипаттамасы: Жындар мен басқа да фантастикалық жаратылыстар туралы роман. Мазмұнында қатыгез көріністер бар.
Жас шектеуі: 16+
Meloman.kz сайтындағы сипаттамасы: «Мықты дуалаушылар мен өлім сыйлайтын жындар туралы қытай стиліндегі азиялық фэнтези. Ол – Чуньцзе империясының лағынеті, ұлы дуалаушы Вэнь Шаньяо, адамдығынан айырылған, Хаосқа айналған. Ол маңдайына жау қолынан біртіндеп өлу жазылған және қайта дүниеге келетін Түнек патшасы. Бірақ жауы империяның ең қаскөйіне тағдырын өзгерту мүмкіндігін сыйласа не болады? Вэнь Шаньяо Хаос билігінен құтыла ала ма? Әлде жауының мейірімін пайдаланып, Чуньцзе қорғаушыларынан кек алып, елді түнекке жетелей ме?»
«Цветы пиона на снегу» «Кислород» баспасының жастарға арналған романы азиялық мотиві бар заманауи көркем прозаны жақсы көретіндерге таптырмас сыйлық болады.
Моргот Э.: «Жауыздық жолы!..» 1, 2-том («Злодейский путь!..» 1, 2-том)
Жас шектеуі: 16+
Қысқаша сипаттамасы: Секта, өлім, бас кейіпкердің жанының басқа біреуге қонуы және қандай да бір жүйенің квестінен өту туралы жасөспірімдерге арналған екінші кітап.
Meloman.kz сайтындағы сипаттамасы: «”Қара лотос шыңының басында жан түршіктіретін көзқарасы бар сиқыршы тұрады. Оның әрекеттеріне айналасындағылар тек бір себеппен төзеді — бұл ақсақалдың қарғысы қамал қабырғаларындағы терең түнекті ұстап тұр…”»
«Ұлы жынды» атты жоғары рейтиңді новелланы оқу барысында Шенну сюжеттегі сәйкессіздіктерді тапқанды ұнататын. Бір күні көзін ашқанда, сол қарғыс атқан ақсақалдың денесіне тап болғанын түсінеді.
Енді ол сюжетті дамытқысы келетін жүйеден сытылып шығып, новеллада жазылғаннан да ертерек өліп қалу қаупіне ұшырап, қосымша квесттерден өтуі керек».
Мобильді ойындар
Мессенджерлерде кітаптар туралы хабарламалармен бірге балалар үшін қауіпті мобильді ойындар туралы ақпарат тараған. Көбіне Schoolboy Runaway ойының аты аталады, кей сриншоттарда Flashback және Schoolboy escape ойындары да бар.
«Сонымен қатар балаларды өлімге итермелейтін “ойынға” біртіндеп тартатын мобильді ойын қосымшаларының бірі туралы ақпарат тарады: SchoolBoy Runaway (суретті кейін жіберемін). Бұл мобильді ойын балаларға ата-аналарына білдірмей үйден қашуға үйретеді. Оқиға желісі бойынша бала ата-анасын жек көреді, оларды алдап, түрлі тәсілдермен үйден қашып кетеді. Schoolboy Runaway – тек бірінші саты», – деп айтылған бір хабарламада.
«Құрметті ата-аналар, маңызды өтініш. Балаларыңыздың телефондарында бұл қауіпті ойынның бар-жоғын тексерулеріңізді сұраймын. Бұл ойын өте зиян және орнатылған болса, оны бірден өшіру керек. Сонымен қатар балаңызбен бұл ойынның неге қауіпті екенін талқылаған маңызды. Бұл ойын балаларды үйден қашуға және ата-аналарын тыңдамауға үйретеді, оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Өкінішке орай, осы ойынға байланысты Алматы қаласында бір оқиға болды. Балаларыңыз бұл ойынды жасырын түрде ойнауы мүмкін болғандықтан, құрылғыларын өздеріңіз жеке тексерулеріңізді сұраймын. Балаңыздың бұл ойынды ойнамайтынына көз жеткізіңіздер. Телефондарға ата-ана бақылауын орнатыңыздар» – деп ескертеді басқа бір хабарлама.
Бір айта кетерлігі, бұл хабарламаларда мобильді ойындардың оқушылар өлімімен байланысы туралы тікелей айтылмайды. Тек Алматыда бір оқиға болғаны келтірілген. Біз өз тарапымыздан бұл қандай ойындар екенін қарастырып, расымен қауіпті ме деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Алдын ала қорытынды: біз ойындарды жүктеп алып, сынап көрдік.Сонымен қатар YouTube-тан ойынның бірнеше сағатын көріп шығып, суицидті насихаттайтын ақпарат таппадық.
Ең жиі айтылатын ойыннан бастайық.
Schoolboy runaway. Ойынды жасаған Антон Шулигин. Платформалар: iOS, Android, Windows
Жас шектеулері: Google Play платформасында 12+, VK Play-де 16+, App Store-да 17+
Апдейт 25.09.2024: Бұған дейін Google Play-дің ғана жас шектеуі көрсетілген еді. Кейін App Store және VK Play платформаларында бұл көрсеткіш өзгеше екенін байқадық, сондықтан жоғарыдағы абзац қосылды.
Schoolboy runaway «бөлмеден шығу» жанрындағы ойын деуге болады. Мұндай ойындардың мәні бас кейіпкер көп кедергі бар жабық кеңістіктен логиканың көмегімен сыртқы шығуы керек. Ойында айналасын зерттейді, мақсатына жетіп, сыртқа шығу үшін көмегі тиюі мүмкін заттарды табады. Мұндай ойындардың шын өмірдегі аналогы ретінде бөлме квесттерін айтуға болады.
Ойын сюжеті әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Антон Шулигиннің осы жанрдағы тағы бір ойыны бар: «Metel – маньяктың үйінен қашу». Ол 17 жастан асқандарға арналған.
Schoolboy Runaway сюжеті: Андрей – екіге оқитын орта мектеп оқушысы. Сабақпен басы бір қазанға сыймайды деп ойлап, компьютер ойындарын ойнағанды, далада серуендегенді жөн көреді. Ата-анасы да өте стереотипті, тіпті карикатуралық бейнеде көрсетілген — әкесі үнемі теледидардан футбол көріп, қолында сыра бөтелкесімен сүйікті командасын сынап отырады, ал анасы үй шаруасымен айналысады — тамақ дайындап, гүлдерге су құяды. Екеуі де балаларына білімге деген сүйіспеншілікті сіңіруді өздерінің міндеті көреді, баланы жазалайды және қолына оқулық ұстатып, оны қозғалмастан бөлмеде отыруға мәжбүрлейді.
Ұлы бөлмеден шығуға тырысқан сәтте оны ата-анасы ұстап алса, миссия сәтсіздікке ұшырайды — ол жазаланады. Жаза ретінде үйдің айналасында жүгіру, еден жуу, көшені сыпыру, унитаз тазалау сияқты жұмыстар болуы мүмкін. Ал ойыншы өз мақсатына жету үшін қолдан келгеннің бәрін істейді. Оның ішінде ата-анасын алдау да бар. Мысалы, әкесіне басқа әйелдің атынан жалған хабарлама жіберуге немесе сусынына ұйықтататын дәрі қосып, қасынан білдіртпей өтіп кетуге болады.
Мұндай сюжет пен ойынның геймплейі ата-аналарды неге алаңдатқанын түсінуге болады. Дегенмен, хабарламалардың мәніне оралсақ, бұл ойында шынайы өмірде қолдануға арналған нұсқаулар берілмейді. Ал «мобильді ойын балаларды үйден қашуға және ата-аналарын тыңдамауға үйретеді» деген пікір өте қарапайым түсінікке негізделген. Кез келген ойын, әдетте, тек сол ойынның ішіндегі ережелер мен нұсқауларды қамтиды. Стратегия ойындарында ғимараттар, қалалар және империялар салынады, «шутерлерде» атыс болады, ал «кезбе ойындарда» осының екеуін де істеуге болады және т.б., бірақ бұл ойындар оқыту құралдары емес.
Schoolboy Runaway аудитория арасында кеңінен танымал болып, жақсы пікірлер алды. Ойынды танымал ойын блогерлері, мысалы, Kuplinov Play сияқты блогерлер де шолып, бейнежазбалар түсірген. Төменде мысал келтірілген (16+, бейәдеп сөздер бар).
Ойындағы сыртқы ресурстар сілтемелеріне келсек, екі әлеуметтік желіге сілтеме бар: бірі YouTube арнасына — Linked Squad. Бұл Шулигинге тиесілі әзірлеуші компания, ал екіншісі — бір миллионнан астам жазылушысы бар аттас Telegram арнасы, онда команда жұмыс істеп жатқан ойындар туралы жаңалықтар жарияланады.
Schoolboy Escape, әзірлеуші: D one Games, платформалар: Android
Жас шектеуі 16+
Schoolboy Escape SchoolBoy Runaway ойынының арзан көшірмесі сияқты көрінеді. Бұл ойын SchoolBoy Runaway-дың танымалдылығы толқынында (бір жарым айдан кейін шыққан) пайда болған сияқты, бірақ оның жетістігін қайталай алмады. Жанры мен сюжеті түпнұсқаға ұқсас, алайда басқару жүйесі мен графикасы сапасыз. Жалғыз айырмашылығы — бұл ойында жас шектеуі 16+ қойылған, ал ойын «стелс-хоррор» деп аталған. Алайда ойын ішінде осы жас тобындағы ойыншылар үшін қауіпті санауға болатындай контент табылған жоқ.
Flashback, әзірлеуші: Radiant Cat Studio, платформалар: iOS, Android
Жас шектеуі: 12+
Бұл қарапайым point-and-click («нұсқа да, бас») жанрындағы логикалық ойын. Онда тұрмыстық және қылмыстық істерді шешу керек. Ойыншыға шағын видеомәлімет беріледі, оны қарап шығып, ол жерде қандай да бір дәлелдер мен айғақтар табу керек. Мысалы, төмендегі скриншоттағы тапсырмада үш адамның ішінде қайсысы адам өлтіргенін анықтау қажет.
Кейбір тапсырмаларда өлтіру және өлім көріністері болса да, оларда ешқандай графикалық шынайылық жоқ. Ойынның механикасы қарапайым әрі түсінікті. Алайда, геймплейді үнемі шығатын жарнаманың көп болуы қиындатады (шынымен де жарнамалар өте көп), бұл ойынның тартымдылығын жоғалтады.
Басқа жағдайлардағыдай, біз бұл ойында мақсатты аудитория үшін қауіпті деп есептеуге болатын ешқандай мазмұн таппадық.
Мобильді және компьютерлік ойындар жиі қызу талқыланады. Оларды «жаман мінез-құлықты», жаппай кісі өлтіруге дейін насихаттайды деп айыптайды. Алайда, шын мәнінде зерттеулер зорлық-зомбылық элементтері бар видеоойындар мен шынайы өмірдегі агрессия арасында ешқандай байланыс таппаған. Бірқатар эксперимент зорлық-зомбылыққа толы видеоойындар мен агрессия арасында байланыс барын көрсеткенімен, ойын уақыты екі сағатқа дейін шектелгенінде оның ықтималдығы төмендейтіні анықталды. Сондай-ақ, мұндай ықпал жеке тұлғалық қасиеттермен және балалар мен жасөспірімдерге моральдық бағдар беру арқылы теңестіріледі. Адамның мінез-құлқы — күрделі құбылыс. Оған отбасы, психикалық денсаулық және әлеуметтік орта сияқты басқа факторлар да әсер етеді. Бұл тақырып туралы толығырақ мына жерде бар.
Ойындар мен балалардың жаман мінез-құлқы арасында себеп-салдар байланысын орнату “post hoc ergo propter hoc” деген логикалық қатенің нәтижесі болуы мүмкін. Бұл латын тілінен аударғанда “осыдан кейін, демек, осының салдарынан” дегенді білдіреді. Шын мәнінде, бір оқиға екінші оқиғадан кейін болса, бұл олардың арасында байланыс бар дегенді білдірмейді.
Өлім топтары
Дисклеймер: бұл бөлімде сезімтал деп бағалаған дереккөздерге сілтемелер бермейміз.
Бұл мәселе бойынша жалпы аудитория үшін ең күрделі тақырып — «өлім топтары» деп аталатын қауымдастықтар болуы мүмкін. Олар туралы интернетте жылдар бойы айтылып келеді. 2016 жылы «Көк кит» (яғни «мені 4:20-да оят» және «киттер теңізі» және т.б.) сияқты онлайн-қауымдастықтар интернетті дүрліктірді. Оларды балалар суицидімен байланыстырды. Алайда, сарапшылардың пікірінше, олардың ықпалы тым жоғары бағаланған және бұл құбылыс «моральдық дүрбелеңнің» барлық белгілеріне ие болды (1, 2, 3). Қазақстанда да өлім топтары туралы көп айтылғанына қарамастан, сол жылдары суицидке қатысты статистикада ешқандай ауытқулар байқалмаған.
Уақыт өте келе «Көк кит» ұмытылды, бірақ кейде қауесеттер қайта шығып тұрады. Ал ата-аналар мен мектеп оқушыларына арналған сайттарда әлі күнге дейін өлім топтары туралы және олардан қалай сақтану керектігі жайлы ақпарат табуға болады.
Қысқаша айтқанда, өлім топтарының мәні келесідей: адам әлеуметтік желідегі жабық топқа (мысалы, Telegram-да) қосылады немесе тікелей «куратор» деп аталатын адаммен байланысады. Өз тұлғасын растау үшін ол қандай да бір тапсырманы орындауы қажет. Осыдан кейін ол «ойынды» бастайды — жаңа тапсырмалар алады, олардың кейбірі өзіне (кейде басқаларға да) зиян келтіруді қамтиды. Аңыз бойынша соңғы тапсырма — суицид жасау. Ал топтардың өзінде әкімшілер суицид тақырыбы мен оған шақыратын жазбалар жариялайды.
Алматылық оқушы қыздардың өлімінен кейін мессенджерлерде өлім топтары туралы қайтадан айтыла бастады. Редакцияға жіберілген WhatsApp хабарламалар арасында «Қызыл дельфин» деп аталатын жаңа «ойын» туралы айтылады. Хабарламада қайтыс болған қыздар осы «ойынды» ойнап, сол себепті өз-өзіне қол жұмсағаны айтылған.
«Бәріңыз оқығандай, ойынның аты – Қызыл дельфин. Бұл ойынға тек балалар ғана қол жеткізе алады. Ойын Telegram мессенджері арқылы өтеді, бірақ хабар тарату TikTok-тан және мектептің айналасына ілінген флаерлер арқылы жүзеге асады (ойнағың келе ме, QR-кодты сканерле). Осындай нәрселерді байқасаңыз, оларды жұлып тастаңыз және суреттерін мектеп әкімшілігіне беріңіз», – делінген «жиі таратылатын» белгісі бар хабарламада.
«Қайтыс болған қыздардың мектебінде ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыс нәтижесінде қыздардың суицидке итермелейтін және мотивациялайтын “ойынға” тартылғаны белгілі болды. Балаларды бұл ойынға тарту механизмі смартфондардағы әртүрлі ойын қолданбалары, Telegram чаттары және тіпті кітаптар арқылы жүзеге асырылады екен. Қайтыс болған қыздардың оларға тапсырма беретін кураторы болған деген де ақпарат бар. Мысалы, куратормен хат алмасудағы тапсырмалардың бірі: тамырын кесу екені жазылған. Барлық ақпарат ашылып жатқан жоқ, өйткені тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген басқа хабарламада.
«Бұл ойын Telegram арқылы өтеді, бірақ хабарлама TikTok арқылы жіберіледі. Сонымен қатар мектептердің айналасына «Сенімен ойнағым келеді» деген үндеумен және QR-кодтармен флаерлер жабыстырылады», – деп жазады Halyqstan Telegram-арнасы ата-аналар чатына сілтеме жасай отырып.
Қыздардың өліміне «Қызыл дельфин» кінәлі деп жазылған белгілі жаңалықтар пабликтерінде.
Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының «Қызыл дельфин» ойнағаны нақты белгілі емес. Біз Алматыдағы мектептердің маңында флаерлер мен QR-кодтардың ілініп немесе таратылғанын дәлелдейтін ақпарат таппадық. Тергеу әлі жүріп жатқандықтан, бұл мәселеге қатысты түпкілікті қорытындылар жасамаймыз. Бұл бөлімде біз бұрынғы бөлімдердегідей қолда бар деректерді талдаймыз және «Қызыл дельфин» дегеннің не екенін нақты оқиғаға байламай түсіндіреміз.
Алдын ала қорытындылар: Талдаған деректерге сүйене отырып, «Қызыл дельфин» және RNBWN ресурсының басқа «жобалары» (ол туралы кейінірек) шын мәнінде балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпті ақпаратты қамтитынын айтуға болады. Дегенмен, мұндай контентті қандай да бір әрекетпен, мысалы, жаппай атыс немесе суицидпен байланыстыру қиын. Бұл мәселе тергеуді талап етеді. Сонымен қатар суицид әрдайым көптеген факторға байланысты болатынын және бұл жағдай суицидтік ойынға жүгінуден басталмайтынын түсіну маңызды.
«Қызыл дельфин» суицидтік ойын ретінде алғаш рет рунетте шілде айының басында айтылған. Алайда редакция анықтағандай, «Қызыл дельфинге» қатысты Telegram-арналар мен басқа да аккаунттар осыдан бірнеше ай бұрын құрылған. Google Trends деректері бойынша, шілденің басында және қыркүйектің ортасында қызығушылық артқаны байқалады.
Шілде айындағы іздеу сұраныстарының күрт өсуінің нақты себебі белгісіз, бірақ бұл топ туралы қауесет 16 қыркүйекте тарады. Бұл тек Алматыдағы қайғылы оқиғаға байланысты емес. Себебі сол күні, 16 қыркүйек таңертең, Ресейдің Челябі қаласында түзету мектебінің оқушысы Роман Гизатулин сыныптастарына балғамен шабуыл жасады. БАҚ-тың хабарлауынша, ол бірнеше сыныптасын және мұғалімді жарақаттап, кейін дәретханаға қамалып, өзін-өзі өлтірмек болған, бірақ құқық қорғау органдары оған кедергі келтірген. Журналистер Романның «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында манифест жариялап, басқа бір жазбасында «Қызыл дельфин» тобының әкімшісі Антон Мишашинді (әрине, лақап есім) атап өткеніне назар аударған. Гизатулин жасаған қылмыс пен бұл топтың арасында ықтимал байланыс бар екені туралы жаңалықтар бірден интернетте тарады.
Бұл Алматыдағы қыздардың өлімін де осы ойынмен байланыстыруға белгілі бір дәрежеде ықпал еткен болар. Оқушы қыздың қайғылы қазасынан үш күн өткен соң, жағдайдың ауқымдылығы сезілді. Қазақ интернет кеңістігінде тіпті 16 қыркүйекте жаппай суицид болғаны туралы қауесет тарады. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Материал дайындалып жатқан кезде, 21 қыркүйекте Алматыда тағы бір 12 жасар қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Тағы да суицид жайлы жаңалықтармен бірге қыздың «Көк кит» ойынын ойнағаны және өлер алдында хат жазғаны туралы хабарламалар пайда болды. Полиция бұл мәліметтердің жалған екенін мәлімдеді.
Factcheck.kz редакциясы «Қызыл дельфин» және тікелей Мишашинмен байланысты топтар, боттар мен парақшаларды тапты. Алайда олардың көбі 16 қыркүйектен кейін жойылған немесе басқа мекенжайларға көшірілген. Бұл баспасөз бен құқық қорғау органдарының тарапынан артқан назардың салдары болса керек. Сонымен қатар басқа пайдаланушылар жалған көшірмелер де жасаған.
Негізгі ботта берілген жиі қойылатын сұрақтарға арналған мәтіннен RNBWN өзін «деструктивті ұйым» деп позициялайтынын және «Қызыл дельфин» үш жобаның бірі екенін білеміз. Онда еріктілер «ойын түрінде» тапсырмаларды орындайды, олар негізінен селфхармға (өз-өзіне зиян келтіру — ред.) және вандализмге байланысты. Мишашиннің айтуынша, қатысушылар «жаңа эмоциялар мен тәжірибе алып, қорқынышпен күреседі».
«Humanity is overrated» («адамзат тым жоғары бағаланған») деп аталатын екінші жоба контенті (мақала жарияланған сәтте арна жойылған немесе басқа жерге көшірілген) автордың өзі «интеллектуалды мизантропия элементтерімен өзін-өзі дамытуға арналған пайдалы арна» деп атайды. Ол негізінен философия және психология тақырыптарындағы жазбалардан тұрады. Мишашин тіпті «жақсы жаққа қалай өзгеруге болатыны» туралы ұсыныстар береді, алайда ол белсенді түрде мизантропияны (адамзатты жек көру) насихаттап, адамдарды санаттарға («биоқалдық», «нормис») бөліп, бір жазбасында адам өлтіруге болмайды деген негізгі идеяны теріске шығаруға тырысады.
Қызығы сол, автор суицид тақырыбын қозғамайды, ал кісі өлтіру туралы тек философия деңгейінде айтады. TikTok-тағы аккаунттардағы жазбалар (олардың кейбіреулері қазір қолжетімсіз) көбіне өзін-өзі жарнамалау мен троллингтің араласқан түрі сияқты көрінеді. Жалған ақпарат жиі кездеседі.
Дегенмен, бұл жария алаңдар. Жабық арналарға қол жеткізген интернет қолданушылары нақты шақырулар мен нұсқаулықтар сол жерлерде бар екенін айтады. Жабық қауымдастыққа көз жүгіртуге мүмкіндік беретін тағы бір нәрсе — администратордың өз YouTube-арнасына салған екі видеосы. Онда арналардың бірінің мазмұны көрсетіледі. Видеоны баяу режимде қарасаңыз, мысалы, пышақпен ұрысқа үйрету, қара оқ-дәрі жасаудың рецепті, азаптау және мектептегі атысты ұйымдастыру бойынша нұсқаулар, Андрей Чикатило туралы пост және т.б. көруге болады.
Жабық топтар бірнешеу. Ашық каналдардың бірінде (қазір ол да жойылған) «сверхдельфины и идеолисты» (орфография сақталған) және «саморазрушающийся дельфин» атты екі жабық топқа сілтемелер берілген (екеуі де қазір жойылған). Біріншісіне «мизантроптар мен идеалистер» қабылданады. Ал екінші топқа «өз-өзіне зиян келтіруге қызығушылық танытқандар» қосыла алады.
Редакция екінші канал әлі де жұмыс істеп тұрған кезде оған кіріп көруге тырысқан, бірақ өтінім мақұлданбады. Ал «RNBWN» деп аталатын үшінші жобаға кіргу үшін бот арқылы өтінім беріп, әкімшіге «агитация» деп аталатын тапсырма жіберу қажет. Бұл бір тапсырманы орындауды және әртүрлі ракурстардан түсірілген фотосуреттерді қамтиды. Осы тұстан тоқтап, каналдың ішкі мазмұны туралы ақпаратты басқа дереккөздерден іздеуді жөн көрдік.
Қандай нұсқаулықтар туралы сөз болып отыр? Каналға қосыла алған пайдаланушылардың мәтіндері мен видеоларынан білетініміздей, нұсқаулықтар өте көп: есірткі жасаудан бастап, жаппай атыстар мен өзін-өзі өлтіру тәсілдеріне дейінгі нұсқаулар бар. Сондай-ақ, қатыгездік көріністері бар видеолар, кісі өлтірушілердің манифестері және т.б. материалдар да кездеседі. Оның үстіне, бұл туралы каналдың әкімшісі де жиі қойылатын сұрақтарға берген жауаптарында айтады. Мишашиннің айтуынша, контентпен өзара әрекеттесу адамның өз еркімен қабылдайтын таңдауы.
Алдын ала жасаған қорытындыларда атап өткендей, «өлім топтарының» суицидтердегі рөлін түсіну қиын. Telegram-дағы жабық каналдардағы нұсқаулықтардың көбін интернетте ашық қолжетімділіктен де табуға болады. Бірақ мәселе — мұндай ақпаратты не үшін іздеу керек? Бұл жерде мәселенің түп-тамырына үңілу керек. Суицид, біз айтқандай, көпфакторлы құбылыс. Сыртқы факторлар анық байқалады, бірақ жеке уайымдар, отбасылық проблемалар сияқты ішкі факторлар да маңызды рөл атқарады. Жағдайды жан-жақты қарастыру маңызды. Бұл осындай қиындықтарға тап болған адамдарды жақсырақ түсінуге және қолдауға көмектеседі.
Бұл мәселемен келесі материалдардан толығырақ танысуға болады. Авторлар сарапшылардың көмегімен адамдарды суицидке итермелейтін нақты факторларды зерттеуге тырысты.
- Суицидтің күрделі табиғаты: статистика, тәуекел факторлары, мифтер мен стереотиптер — Factcheck.kz редакциясының материалы
- Неге Қазақстан суицид бойынша көш бастап тұр? 1-бөлім. Балалар мен жасөспірімдер — «За нами уже выехали» жобасының видеоматериалы.
Сонымен қатар балаларды интернетте қалай қорғауға болатыны туралы ақпарат беретін бірнеше сілтеме ұсынамыз:
- Балаларды интернетте қалай қауіпсіздендіруге болады: ата-аналарға арналған нұсқаулық — Factcheck.kz-тің негізгі ұсыныстардан тұратын шағын материалы
- «Медиа және ақпараттық сауат» оқулығы — медиа сауат жөніндегі сарапшылар мен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы құрастырған жоғары сынып оқушыларына арналған оқулық.
- «Кибертұмар» жобасы — Instagram-дағы балалардың интернеттегі қауіпсіздігі туралы ақпараттық посттар.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.