Фейк жаңалықтар да эпидемия мен мемдер секілді тарайды

Блумингтондағы Индиана америкалық университетінің ғалымдары фейк жаңалықтар мен мемдерді мысалға ала отырып, әлеуметтік желідегі жазбалардың жұқпалылық деңгейін зерттеген екен. Бұл жөнінде Scientific American хабарлайды.

Зерттеу кезінде мем ретінде сілтеме, видео, сөздер және тағы басқа онлайн ақпарат таңдалып алынған. Кез келген контент вирус іспетті таралуы мүмкін, алайда дәл фейк мемдер басқалардан гөрі танымал болып жататыны жасырын емес.

Ғалымдар бұған ықпал ететін үш факторды алға тартады:

  • біріншіден, әлеуметтік медиадағы ақпарат көлемінің тым көптігі;
  • екіншіден, пайдаланушылардың уақытының шектеулі болуы мен жіті назар аудармауы;
  • үшіншіден, әлеуметтік желілердің құрылымы.

Желілік эпидемиология

Ғалымдар әлеуметтік желідегі мемдер мен фейктердің таралуын түсіну үшін пайдаланатын математикалық үлгі эпидемияны зерттеу үшін пайдаланылатын үлгіге ұқсайды. Мұндай үлгілерді агент үлгілер деп те атайды. Әр агент (адам) диаграммадағы бір нүкте, ол басқа нүкте-агенттермен, яғни адамдармен сызық арқылы байланысқан. Мысалы, агент Алиса тұмау жұқтырып алса, Бобтың немесе Клайвтың қолын алу арқылы ғана вирусты оларға жұқтырады, ал ол екеуі вирусты әрі қарай таратады.

Егер Алиса әлеуметтік желіде достарымен мемдерді бөліссе де тура осылай болады. Алайда, аурумен салыстырғанда, жұртшылық қосымша мемдер ойлап табады, соның әсерінен желідегі ақпаратты қабылдау да қиынға соғады, олардың ауқымы да арта түседі.

Зерттеу үлгілерінің бірінде ғалымдар ақпарат ағынын азайтып, ал агенттердің назарын мейлінше аударуға тырысқан. Мұндай жағдайда тартымды мемдер танымал бола түсетіні байқалған. Алайда, шынайы өмірде барлығы бұл сценарийге сай келе бермейді.

фейктердің не себептен тарайтынын түсіну қиын, жұртқа ұнағандықтан ба, әлде адамдар олардың айырмасын түсінбегеннен бе,

— дейді зерттеуге қатысқан Филиппо Менсцер. –

Біз тек жұртшылық олардың айырмасын біледі деп болжам жасай аламыз. Бәрі ақпараттың тым көптігіне байланысты.

Әлеуметтік желі құрылымы мемдердің танымалдығына тікелей ықпал етеді

Калифорния университетінің математигі Мейсон Портердің айтуынша, кейбір желі құрылымдары басқалармен салыстырғанда тез таралу жағына ықпал етеді. Үлгілердің бірінде байланыс агенттер арасында кездейсоқ ретпен тараған, сол кезде бірде-бір мем аса танымал бола қоймаған. Ал шынтуайтында біздің әрқайсымыздың жүздеген фоллоуеріміз бар, кейбіреулердің достары ондаған мыңға жетеді. Фоллоуері көп аккаунттарды «хаб» деп атайды, олар арқылы таралудың нәтижесі де басқаша болады.

Алайда, Оңтүстік Калифорния университетінің оқытушысы Кристина Лерман бұған келіспейді. Лерман Туиттердегі пайдаланушылардың мінез-құлқын зерттеген екен. Оның айтуынша, «хабтар» өздеріне келетін ақпараттан әлдеқайда аз дүниені таратады, өйткені ақпараттың көптігіне орай олардың лентадағының бәрін бірдей оқуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, вирусты «жұқтырып» алу қаупі де төмен.

Фейк жаңалықтар да эпидемия мен мемдер секілді тарайды
Аудармасы: «Бұл Фейсбуктегі жазба болғандықтан, шындық болуы керек». Дереккөз: fakenewsroundup.com

Әлеуметтік желілердің құрылымынан бөлек, мемдер мен фейктердің көптеп таралуына достықтың да тигізер әсері бар: көзқарасы ортақ достар арасында топтар немесе кластерлер болады. Бұл арада жаңғырық әсері пайда болады: достарымыз неғұрлым бір мемді қайта-қайта таратқан сайын біз оны жиі көреміз, мұндай жағдайда оны қабылдау ықтималдығы да жоғары, ең жоқ дегенде лайк басуымыз мүмкін.

«Бізде қайдағы жоқ нәрселерді тықпалай береді, ал сапалы контент әрқашан танымал бола алмайды, өйткені бәсеке тым жоғары, – дейді Менсцер. – Сондықтан, контентке қанша жерден сүзгі жасағанмен, жалған ақпараттан қашып құтылу мүмкін емес».

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz