Екіжүзді Ким мен екіұшты Трамп

Ресей президенті Владимир Путинмен Хельсинкиде екі сағат оңаша сөйлескенде АҚШ президенті Дональд Трамптың қандай келісімге келгенін әлі ешкім білмейді. Дегенмен оның Сингапурдегі Ким Чен Ынмен болған саммиттен соң “Корей түбегін денуклеаризациялау келісіміне қол жетті” деп өзін-өзі құттықтағаны бос сөз болып шыққаны аян. АҚШ-пен жұмыс деңгейіндегі кездесуде кері шегінгені аздай, Ким режимі ядролық қарулы ел ретіндегі ұстанымын тіпті нығайта бастады. Кремль қожайыны осыны есінде ұстағаны анық.

Солтүстік Корея бойынша мамандар Кимның ядролық арсендалдан бас тарта қоюы екіталай деп келген еді, соңғы айғақтар бұл пікірдің растығын дәлелдеді. АҚШ барлау қызметі өкілдеріне сілтеме жасаған репортаждан белгілі болғаны – Солтүстік Корея зымыран мен байытылған уран өндірісін арттырып, атом қорының көлемін жасыру арқылы ядролық қару бағдарламасын әрмен қарай жалғастырып жатыр.

Корей түбегіндегі жағдайды бақылап отырған адам бұл фильмді бұрын көргендей әсерде қалады. Бұл сценарийді Кимнің әкесі мен атасы ондаған жылдар бұрын жазып қойған. 1970-жылдардан бері Ким режимі ядролық қарудан ада Корей түбегін қалыптастыру ниетін танытып, қаруды таратпау келісіміне қол қойды, АҚШ-пен және Оңтүстік Кореямен келіссөз де жүргізді, сөйте тұра ядролық қару бағдарламасын жүргізіп жатыр. Соңғы “бейнекөріністе” Ким тіпті әкесінің “ерекше эффектілерін” қолданды. Мамырда ол ядролық қару полигонын жарды, осыдан он жыл бұрын әкесі Ким Чен Ир де дәл сондай “кинематографиялық талантпен” ядролық реактордың салқындатқыш мұнарасын жарған еді.

Кимнің жақсы дайындалған спектаклімен салыстырғанда Трамп әкімшілігінің қойылымы өте нашар деуге болады. Өткен жылы Солтүстік Кореяны “түп-орнымен жойып жіберемін” деп кіжінген Трамп маусымда саммитке қатысуға келісім беріп, үлкен шегініс жасады. Саммитке барған соң ол өзінің де, әкімшілігінің де қандай да бір келісім жасасу стратегиясы жоқ екенін ашық көрсетті. Жағдайды одан әрі ушықтырған Трамп Солтүстік Кореямен арадағы келіссөздер “жақсы жүріп жатыр” деумен болды, ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Пхеньянға жасаған соңғы сапары екі жақтың бір-бірін айыптауымен аяқталды.

Трамптың қате түсінікке негізделген қожыраған саясатының артында саяси мақсаттары бойынша бөлшектенген әкімшілік тұр. Барлаушылардың “Пхеньян атомды байытуды жалғастырып жатыр” деген соңғы тұжырымы оларды тіпті алшақтатып жіберген болар. Помпео АҚШ-тың бұрынғы талаптарынан бас тартып, “инспекция мен верификациядан қашып құтылмайсыңдар” деген риторикасын жұмсартты. АҚШ-тың ресми өкілдері әкімшілік саясатын тіпті жұмсарта түседі деп отыр. Ал Ақ үйдің басқа бір лауазымды адамдары қатаң ұстанымды қолдап отыр. Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон тек денуклеаризациялап қоймай, Солтүстік Кореяны барлық дәстүрлі емес қаруларынан айыру керек деді. Осы шілдеде Болтон тіпті Солтүстік Кореяның барлық ядролық, химиялық және биологиялық қаруларын бір жылдың ішінде түгел жою жоспары бар екенін айтты.

Трамп жоғарыдан үкім етіп шешім қабылдауды ұнатады, сондықтан оның КХДР-дың екіжүзділігі туралы барлаушылар тұжырымына қалай жауап беретінін күту керек. Не болса да, әйтеуір АҚШ барлау мәліметтерін Жапонияға, Оңтүстік Кореяға және басқа да одақтастарына беріп қойды, қазір ол елдердің саяси және әскери басшыларына үрейленуге негіз бар. Әсіресе Жапония мен Оңтүстік Корея Трамптың риторикасы мен оның өз барлау қызметінің қорытындысы арасындағы қарама-қайшылыққа алаңдайды. Трамптың болжап білуге болмайтын мінез-құлқы АҚШ-тың одақтастарын да қобалжытады. Токио мен Сеулдің ресми тұлғалары Трамптың осы айдағы НАТО кездесуіндегі қимыл-қозғалысын жіті бақылады. Себебі, оның әскери шығындарға қатысты сынының бір ұшы бұларға тиген. Трамп екі елдің үкіметін де әскери бюджеттерін арттыруға шақырды, оның үстіне ол көптен бері Оңтүстік Кореядағы АҚШ әскерін шығаруды ойластырып жүр. Сингапурдағы саммитте ол Пхеньянның алдында тағы бір шегініс жасап, Оңтүстік Кореядағы АҚШ-тың әскери жаттығуларын тоқтата тұрамыз деді, бұл Американың Азиядағы одақтастарын тіпті үрейлендіріп жіберді.

Трамптың Солтүстік Кореяға қатысты соңғы барлау мәліметтері жөнінде жақ ашпауы, ал Ресей президенті Владимир Путиннің өз барлаушыларының 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына араласуға қатысты қорытындыларын жариялауы одақтастардың үрейін тіпті зорайтып жіберді. Солтүстік Кореяның өтірігіне көз жұма қарау Жапония мен Оңтүстік Кореяның қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Ким режимі АҚШ аумағына жете алатын ядролық қаруы бар құрлықаралық баллистикалық зымырандарды әлі жасап жатыр, есесіне оның орта қашықтықтағы зымырандары көршілерді көздеуге дайын тұр. Жапония мен Оңтүстік Кореяның екеуінде де АҚШ-тың әскери базалары болғандықтан, Солтүстік Кореяның ядролық шабуылдау тізімінің ең басында да осы екі ел тұр.

Бұл Трампқа ұнамас, бірақ ол әсіресе соңғы барлау мәліметтерін ескере отырып, Кимнің екіжүзділігін мойындауы керек. Басқа қарулармен қоса Пхеньян қатты отынды зымыран двигательдерін және құрлықаралық баллистикалық зымырандармен жабдықталған суасты кемелерін жасауды тездетіп жатыр.  Технологияның екі түрі де КХДР-дың ядролық арсеналын өміршең, мобильді әрі “көзге көрінбейтін” етіп, оның тұтқиылдан шабылдау мүмкіндігін арттыруда. Ким режимінің бұл саладағы соңғы әрекеттері оның ядролық бағдарламадан бас тартатын ниеті жоқ екенін анық аңғартады.

Ақ үйдегілер енді Трамп БҰҰ Бас ассамблеясының қыркүйектегі жиынын пайдаланып Ким Чен Ынмен тағы бір кездесу өткізбек дейді. Екі ел басшысының арасындағы “достықты” нығайтса, салмақты келіссөздерге жол ашылар дейді олар. Ешқандай келіссөзге жол ашылмайды. Оның орнына Трамп Ким Чен Ынға соңғы барлау мәліметтерін жайып салып, ақиқатты әсіреқызылдан жоғары қоюы керек. Денуклеаризация туралы әдемі сөздер – басқа да, Корей түбегіндегі қатерді азайтатын қаруды бақылауға қатысты салмақты шаралар – мүлде басқа нәрсе. Трамп әкімшілігі келесі қадамдарын мықтап ойланып алуы тиіс.

Екіжүзді Ким мен екіұшты ТрампКент Харрингтон – Орталық барлау басқармасының бұрынғы аға сарапшысы, Шығыс Азия бойынша ұлттық барлау офицері, Азиядағы станция басшысы, Орталық барлау басқармасының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры қызметтерін атқарған.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz