Бурдж-Халифа мен Астанадағы LRT құрылысына кеткен қаржы бірдей ме?

Әлеуметтік желілерде Дубайдағы Бурдж-Халифа, Малайзиядағы Петронас ғимараттары мен Астанадағы LRT құрылысына кеткен қаржының бірдей екенін айтатын ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3). Ақпаратқа сенсек, 3 ғимаратқа да 1,5 млрд доллар жұмсалыпты-мыс. Бұл дерек қаншалықты рас? Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.

Бурдж-Халифа мен Астанадағы LRT құрылысына кеткен қаржы бірдей ме?
Instagram әлеуметтік желісінің скриншоты

Үкім жоқ

Бурдж-Халиифа ғимараты 1,5 млрд долларға, ал Петронас ғимараты 1,6 млрд долларға салынған. Астанадағы LRT -ға 1,6 млрд доллар бөлінген. Алайда, ғимараттардың салыну жылдарындағы доллар бағамы әртүрлі болғандықтан, бағаларын салыстыру қисынсыз. Сондай-ақ, Астанадағы LRT құрылысы әлі аяқталмады. Ғимараттың салынуына әлі ақша бөлінуі мүмкін. Сол үшін бұл мәлімдемеге үкім қоя алмаймыз.

Дубайдағы ғимараттың құрылысы 2004 жылы басталса, Малайзиядағы Петронас 1992 жылы қаржыландыралған. Ал LRT-ға қаржы 2016 жылы бөлінген. Егер 2016 жылғы бағамен салыстырсақ, Петронас 1,2 млрдқа, Бурдж-Халиифа 300 млн долларға артық салынған деп саналады. Ал, қазіргі күнгі доллар бағамымен есептесек, Петронас 3,6 млрд, Бурдж-Халиифа 2,5 млрд, LRT 2 млрд долллар болатын еді.

Әр жылдардағы доллар бағамымен салыстырылған инфографика төменде көрсетілген.

Жемқорлық монументі – LRT

Салыну идеясы 2005 жылда басталған LRT, «Жемқорлық монументі» деп аталып кеткен. Бұл нысанның құрылысы әлі аяқталмады. 2015 жылы Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол қойған еді. Алайда, 5 жылдан кейін құрылыс қаржысын жымқыру фактісімен сот тергеу жұмыстарын бастаған. 2024 жылы «LRT» ЖШС-нің басшысы Талғат Арданға қатысты сот үкімі шықты. Қызметтік өкілін асыра пайдаланып, LRT құрылысы жобасына 257,6 млн АҚШ доллары сомасында сыртқы қарызды заңсыз сұраған деген айып тағылған. 9 жыл бас бостандыған айырып, 85 млрд теңге үкіметке қайтару туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар осы іске қатысы бар Астана қаласының бұрынғы әкімі Канат Султанбеков әлі ұсталмаған. 2020 жылы іздеу жарияланса да, қолға түспеген. Деректерде АҚШ-та өмір сүріп жатыр деп көрсетілген.

«City Transportation Systems»  ЖШС-нің қызметкері Асылбек Дуйсебаев құрылыс 2025 жылдың соңында аяқталатынын мәлімдеді. Барлығы 18 станция салынып, 4-5 минут аралықпен жүретін 19 жылжымалы құрам сатып алынады. Билік бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушы тасымалданатынын болжап, ал шарықтау кезінде – тәулігіне 92 мың адам сыйатынын айтты.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz