Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Factcheck.kz оқырмандары редакцияға Facebook-те тараған жарнаманың скриншотын жіберді. Онда қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратовтың фотосы пайдаланылған. Жарнама авторлары мен тапсырыс берушілерінің жұмысы бірден күдік тудырды. Біз бұған дейін Павел Дуровтың суретін пайдаланған осыған ұқсас алаяқтық схеманы тексергендіктен, бұл жарнама кампаниясын да тексеріп көріп, қателеспегенімізді түсіндік.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Бірден қорытындымен бөлісейік:

Бұл бұрынырақ Ресейде жасалған алаяқтық жүйе, бірақ ол кезде Өтемұратовтың орнында Алишер Усманов болған. Алаяқтар сенім ұялату үшін қазақстандық БАҚ дизайны мен логотиптерін пайдаланған.

Сілтеменің айламен жасалған баптаулары Facebook әкімшілігін алдап өтуге мүмкіндік береді. Қазақстандық емес қолданушылар үшін кездейсоқ мақала ашылады, сондықтан жарнаманың алаяқтардың ісі екенін тану қиын (біз алаяқтық схеманы сипаттап, Facebook әкімшілігіне ресми хат дайындап жатырмыз).

Осы секілді жарнамаларға өткенде өзіңіз туралы мәліметті жазбаңыз және алаяқтарға ақшаңызды бермеңіз (!)

Ескерту жасадық, енді нені және қалай тексергенімізді, сонымен қатар алаяқтық жарнаманы неге әлеуметтік желі бұғаттамайтынын түсіндірейік.

Өтемұратов па, Усманов па?

Бірінші қадам. Біз әлеуметтік желідегі іздеу жүйесін пайдаланып, скриншотта көрсетілген бірлестіктің атауын табуға тырыстық, бірақ тапқаннан соң лентадан дәл сол жарнаманы көре алмадық. Яғни, өшірілген егіз-топпен жұмыс істеп жатуымыз мүмкін.

Бірақ біз осы суретті пайдаланған бірқатар парақша мен Facebook-тағы посттарды таптық. Олардың барлығы Weeklynews.to сайтына әкеледі.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Сайт бірқатар қазақстандық БАҚ логосын пайдаланған, бірақ мекенжайы олардың ешқайсысымен сәйкес келмейді. Парақшадағы негізгі материалдың тақырыбында «арнайы репортаж» деген сөз бар және оның астындағы мәтіннің жанрға сәйкес келмейтініне көз жеткіземіз. Мәтіннің басында «үйде отырып миллион табу» және «байлыққа апарар жол» туралы манипуляциялық ақпарат бар. Айта кетсек, жеңіл табыс табуды көздейтін кез-келген амалдан оқырмандар аяқ тартуы керек. Фотода қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратовтың суреті мен «Еуразия» бірінші арнасы» жаңалықтар бағдарламасының скриншотынан коллаж жасалған.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Суреттің астындағы мәтінде былай делінген:

Қазақ кәсіпкер және филантроп Болат Өтемұратов шындықты батыл айтатын адам ретінде танылған, оның ішінде ақшаны қалай табатыны да бар. Өткен аптада ол «Басты жаңалықтар» бағдарламасына қатысып, «байлыққа апаратын жаңа жол» туралы мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл тәсіл кез-келген адамды 3-4 айдың ішінде миллионерге айналдырады.

Біз үзінді ғана келтірдік, өйткені бұл оның өтірік екенін ашудың ең қарапайым тәсілі. Алаяқтық жарнаманың қарапайым белгісі – жылдам табыс табудан бөлек, қызықты мәліметтер келтірілген:

  • «Қазақ кәсіпкер» деген тіркестен мәтіннің шетелдік екенін байқауға болады, өйткені отандық орыстілді БАҚ сол мағынада «қазақстандық» деп қолданылады.
  • Сапа тұрғысынан қарағанда Павел Дуровтың есімін пайдаланған осыған ұқсас алаяқтық жарнамамен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Дегенмен ақпараттық стильге сәйкес келмейтін «шындықты батыл (дерзко) айтады» деген сөз тіркесі мәтіннің екінші бөлігімен мағынасы бойынша сәйкес келмейтіні және бірқатар кішігірім қателіктер автордың кәсіби емес екенін айтып тұр, Яғни тапсырыс берушінің де кәсібилігіне күмән келтіреміз.

Мәтінге қарапайым зерттеу жүргізу мен Google-дан кілт сөздер арқылы іздеп,  мәтіннің ресейлік миллиардер Алишер Усманов ашты делінген «байлыққа жол» мәтінінен сөзбе-сөз көшірілгенін анықтадық. Ресейде жүзеге асырылған бұл алаяқтық жүйені «Вкладер» сипаттаған болатын.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр
Ресейлік алаяқтық схеманың скриншоты

Бірінші түйін: Мәтін манипуляция және сайт жасаушылар қазақстандықтардың сеніміне кіріп заңсыз жолмен табыс тапқысы келді деп күдіктенуге болады.

«Bitcoin Code-пен сауда жүргізуді бастау?» Керек емес!

Екінші қадам. Мәтінде жүйеге тіркеліп, Bitcoin Code-пен сауда жүргізуді қалай бастауға болатыны туралы нұсқаулық бар. Онда бір пайдаланушы осы сайтқа тіркеліп, кейін «қаржыландыру» үшін кем дегенде 99 мың теңге салғаны туралы айтылады. Мәтін соңында пайдаға кенелу мақсатында платформада «орын» алып қою үшін Bitcoin Code жүйесіне тіркелу ұсынылады.

Егер көрсетілген сілтеме арқылы өтсеңіз, біз https://btc-code.securedoffer.to/ деген сайтқа түсеміз. Ол жерде пайдаланушыға өз деректерін, оның ішінде электронды поштасы мен телефон нөмірін енгізу ұсынылады. Сондай-ақ ол жерде табысқа тез кенелген адамдардың мысалдарымен таныстыратын видео да бар. Алайда онда пайда табудың нақты қаржылық тетіктері айтылмайды.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Көзге бірден түсетін тұстары: Бұл сайттың негізі Павел Дуровтың атын және оған қатысты брендтерді пайдаланып жасалған алаяқтықтардың сайтына ұқсайды (төменнен қараңыз).

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр
Павел Дуровпен байланысты брендтерді пайдаланатын алаяқтар сайтының сриншоты

Екінші қорытынды: Жарнамада пайдаланушыға қойылған талап пен уәде етілетін нәтиже арасы жер мен көктей. Себебі адам нақты іс-әрекет жасап, белгісіз біреуге 99 мың теңге аударуы қажет, ал олар табысқа әкелетін процестер туралы нақты ештеңе айтпайды.

«Табысқа кенелгендер»

Үшінші қадам. Тіркеу өтетін сайтта биткоин саудасы арқасында табысқа кенелген қатысушылардың оқиғалары да жарияланған. Онда олардың фотосуреті және аты-жөні көрсетілген.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Бізді Данил Александров деген адам қызықтырды және бекер емес екен

Біріншіден, фотоның рас-өтірігін анықтауға кірістік: «Данил Александров» деп тұрған адамның фотосы бойынша Yandex іздеу жүйесі франциялық антропологқа қатты ұқсас Жан-Эдуард Грезидің суретін тапты.

Біз бір ғылыми сараптама жүргіздік деп айта алмаймыз, алайда біздің ойымызша, тексеріп жатқан суретте мүлдем «Данил Александров» емес, бұл Amazon-да сатылатын бірнеше ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы әрі ғалым Жан-Эдуард Грезидің фотосы.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Ал сайтқа VPN арқылы кірген кезде (біз АҚШ территориясынан кіріп жатқандай болдық), келесі жағдайды байқадық: Данил Криске, ал Елена Лораға айналып кеткен.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Біз Facebook-тағы жарнамада пайдаланылған Болат Өтемұратовтың суретін де тексеріп көрдік. Фотоның түпнұсқасы 2019 жылғы қазанда Baq.kz сайтында жарияланған.

Үшінші қорытынды: бұл жерде авторлық құқық пен сурет құқығы өрескел бұзылған, сондай-ақ авторлар ойдан шығарылған адамдардың атынан жалған пікір жариялау арқылы желі пайдаланушыларын саналы түрде алдап отыр.

Соңында біз https://weeklynews.to/ және https://btc-code.securedoffer.to/ сайттарының IP-адрестерін тексердік. Whois-сервисі екі сайттың орналасқан жері бірдей екенін көрсетті: ол АҚШ-тағы Сан-Франциско, сонымен қатар екеуі бір күнде, яғни 2010 жылғы 14 шілде тіркелген.

Биткойн мен Өтемұратов: алаяқтар кәсіпкер фотосын пайдаланып жүр

Facebook неге үнсіз?

Бізді бұл сұрақ басқа алаяқтық схема туралы мақала жазған кезде де мазалаған еді. Тағы қайталап айтамыз, бұл мәселе бойынша Facebook позициясы нақты: жылдам пайда әкелетін заттарды жарнамалауға болмайды (Жарнама туралы ереженің 21-тармағы). Сонымен қатар біз талдап жатқан жағдай жарнама ережесінің 17-тармағын бұзады, онда былай деп айтылған: «Жарнамада нормативтік емес лексика немесе грамматикалық және пунктуациялық қателер болмауы тиіс».

Біз алаяқтық схеманы оңай анықтадық, ол үшін жұмысымызда екі елді, Facebook-тің түрлі аккаунты мен VPN-ды пайдаландық. Веб-сайтты ашар алдында браузер онымен ақпарат алмасады, жүйе сіздің геолокация мен тіліңізді анықтайды да оған сәйкес контент ұсынады. Егер Facebook сілтемесі бойынша Қазақстаннан емес, басқа елден кірсеңіз, онда сізге кездейсоқ контент ұсынылады. Иә, Болат Өтемұратовтың фотосуреті қалады, алайда ішіндегі мәтін аффирмацияға арналған. Ал мұндай мақалалар интернетте толып жатыр.

Сондықтан жарнама ережелерін бұзған контентке шағым жасаған кезде, Facebook әкімшілері (олар Қазақстанда отырмайды) ережелердің бұзылып жатқанын байқамайды.

Қорытынды шығарсақ:

  • https://weeklynews.to/ және https://btc-code.securedoffer.to/ деген – алаяқ сайттар, адамдарды алдаумен айналысады. Сілтемелер қанша аккаунт арқылы таратылып жатқаны белгісіз, бірақ біздің ойымызша, Дуровтың оқиғасындай мұндай аккаунттар мен парақшалардың үлкен желісі жұмыс істейді. Сондай-ақ әртүрлі бизнесмендер және кем дегенде екі тіл (орыс және ағылшын) пайдаланылады.
  • Бұл ресурстар авторларының айла-тәсілдері Павел Дуровтың атын пайдалана отырып алаяқ ресурстар жасаған азаматтардың іс-әрекеттеріне ұқсайды, сондай-ақ Дуровтың компаниясы құрған блокчейн платформа мен криптовалюта атауларымен ұқсас.
  • Ескертеміз! Осы тектес жарнамада көрсетілген сілтемеге өтпеңіз және алаяқтардың қармағына түсіп қалмау үшін біздің осы талдау мақаламызды жақындарыңызға көрсетіңіз.
Factcheck.kz