Батыс бастаған біржақты Қырғиқабақ соғыс

МӘСКЕУ Ұлыбритания мен Ресей арасының күннен-күнге шиеленісуі Сыртқы қатынастар кеңесінің президенті, аса беделді маман Ричард Хаастың «Батыс Қырғиқабақ соғыстың екінші кезеңіне өтіп барады» деген сөзін дәлелдей түскендей. Мен бұл пікірмен келіспеймін.

Иә, Ресейдің АҚШ-пен арасы, ал жақыннан бері Ұлыбританиямен арасы 1950-жылдардағыдан да нашар, ал тікелей конфликтінің болу ықтималдығы 1962 жылғы Куба зымыран дағдарысы кезінен де жоғары. Қазіргі стратегиялық ядролық қарулардың және оларды бейтараптандыруға арналған жүйелердің күрделілігі сондай, қос тараптың кез келгені немесе үшінші бір тарап эскалацияны бастап кетпейтініне кепілдік бере алмайды.

Ол аз болғандай, бір-біріне деген сенім аз болғандықтан, АҚШ пен Ресей басшыларының арасында байланыс жоқтың қасы. Америкалықтардың көбі Ресейді жек көретін деңгейге жетіп қалды, ал ресейліктердің көбі Америкаға жаушылдықпен үрке қарайды.

Бар идеология орыс мәдениеті мен өркениетіне негізделген

Екіжақты қарым-қатынастағы бұл көрініс Қырғиқабақ соғыс кезіндегіден де жаман екені рас. Бірақ бұл бүгінгі шиеленіс ұзақ текетірестің бір бөлігі деген сөз емес. Мұндай текетірес болуы үшін идеологиялық компонент болуы тиіс, ал Ресей жағында оның жоқ екені анық.

Ресейдің жаңа Қырғиқабақ соғыс бастайтын ойы жоқ. АҚШ-пен арадағы белгілі бір деңгейдегі текетірес президент Путиннің халықты өз маңайына ұйытып, элитаның националистік сипатын арттыра түскенімен, Ресей бәрібір идеологиялық тұрғыдан құлшынып тұрған мемлекет емес. Онда бар идеология орыс мәдениеті мен өркениетіне негізделген әрі олардың оны экспорттау ниеті жоқ.

Іс жүзінде Кремль жұртты Ресей жағына тартуға тырысып жатқан жоқ. Ресейдің халықаралық қатынастардағы ұстанымы көп уақыт елдің ұлттық мүдделері мен егемендігін құрметтеу және барлық халық пен ұлттың өз саяси, экономикалық және мәдени таңдауын еркін жасауына мүмкіндік беру принциптеріне сүйеніп келді.  Ресей сондай-ақ, Құдайға, отбасына, мемлекетіне сену, қоғам және ұлтқа қызмет ету сияқты жалпыға ортақ адами құндылықтарды мойындап отыр.

Ресей мен Батыстың арасындағы мәселе – батыстықтардың өз арасындағы мәселе

«Ресей АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлауға араласты» деген айыптаудың тым болмаса 2 пайызы расталса деп армандаймын. Бұл менің ресейлік ретінде өзіме деген сенімімді арттыра түсер еді. Оның үстіне бұл басқа елдердің ішкі істеріне бұрыннан араласып келе жатқан АҚШ-қа «шыны үйден тас лақтырудың қауіпті екендігін» ескерту болар еді.

Дегенмен, шын мәнісінде Ресей мен Батыстың арасындағы мәселе – батыстықтардың өз арасындағы мәселе. Америка истеблишменті «Ресейдің араласуы» деген құбыжықпен қорқыту арқылы әсіресе жоғалтып алған әлеуметтік медиаға саяси бақылауын қайта қолға алғысы келеді. Наразы халық пен тәуелсіз саясаткерлер «тыңдаушы құлақты» әлдеқашан әлеуметтік медиадан тапқан.

Бірақ, Америка элитасы бақылауды қайта қолға алған күннің өзінде Батыстағы үрейдің басты көзі сол қалпы қала бермек. Соңғы он жылда ғалам Батыстың 500 жылдық гегемониясының соңына жеткенін көрді. Бұл процесс 16 ғасырда, Еуропа күшті қару-жарақ пен әскери кемелер жасап, империалистік экспансиясын бастаған кезден саналады. Одан кейінгі ғасырларда өздерінің экономикалық, мәдени, саяси және әсіресе әскери үстемдігін пайдаланған еуропалықтар әлемнің байлығын өзіне жинай бастады.

20 ғасырдың екінші жартысында біршама уақыт Совет одағы мен Қытай Батыстың үстемдігіне шәк келтірді. Бірақ Совет одағы ыдыраған соң АҚШ жалғыз гегемонға айналды, сөйтіп әлем өзінің бұрынғы қалпына келгендей болды. Көп ұзамастан АҚШ Иракқа шабуыл сияқты геосаяси құйтырқылықтарға барып, шашырап қалды. Одан соң 2008 жылғы қаржы дағдарысы келіп, 21 ғасырдағы капитализмнің барлық осал тұстарын жалаңаштап берді.

Сонымен қатар, АҚШ көп уақыт әскери үстемдікке де ұмтылды. 2002 жылы ол 1972 жылы Зымыранға қарсы қорғаныс келісімінен біржақты шығып кетті. Ал жақында ол әскери күштерін жаппай нығайтып, ядролық арсеналын жаңғыртуға кірісті.

Екі өгіз сүйкенсе…

Дегенмен, Ресей, Қытай және әлемнің басқа бөлігі АҚШ гегемониясының қайта орнауына жол бермейді. Жақында Путин «алдын ала үрейлендіру» стратегиясының бір бөлігі ретінде жаңа, заманауи стратегиялық қару жүйесін таныстыру арқылы мұны АҚШ-қа ұқтырғандай болды. Бұл «тіпті Совет одағы сияқты бүкіл күшін сарқыса да АҚШ абсолютті әскери үстемдікке ие бола алмайды» дегенді меңзесе керек.

Әріптестеріммен бірге жақында жасаған зерттеуімізде біз «АҚШ Қырғиқабақ соғысты өз бетімен бастаған күннің өзінде оның Ресейді, Қытайды және басқа да бас көтеріп келе жатқан державаларды тізе бүктірер мүмкіндігі жоқ» деген қорытынды жасадық.  Әскери, саяси, экономикалық және моральдық үстемдіктің тізгіні Батыстың қолынан тым алыстап кетті.

Соған қарамастан, тіпті көбіне біржақты сипат алса да, Қырғиқабақ соғыс адамзат үшін өте қауіпті болмақ. Әлемнің ірі державалары халықаралық стратегиялық тұрақтылықты диалог арқылы күшейтуге, әскерилер арасындағы коммуникация арналарын қайта ашуға, өзара сыйластықты қалыптастыруға жұмылуы тиіс. Сондай-ақ, біз дипломатия, құқық, ғылым және білім салаларындағы алмасуды арттыруымыз керек. Десе де, ең бастысы бір-бірімізді құбыжық етуді қоюымыз керек.

Әлем қауіпті кезеңге аяқ басып барады. Егер біз ақылды болсақ, онда біз ірі державалар бір-бірін тежеп отыратын, ғаламдық проблемаларды шешу үшін өзара ақылдасатын халықаралық жүйе құрамыз. Ал кішірек елдер өздерінің саяси, мәдени және экономикалық қажеттіліктеріне қарай еркін дами алады.

Батыс үстемдік еткен бұрынғы жүйе келмеске кетті. Бейбіт болашақты қамтамасыз етеміз десек, жаңа жүйе құру ісіне жұмылуымыз керек.

Батыс бастаған біржақты Қырғиқабақ соғысСергей Караганов – Мәскеу Жоғары экономика мектебі Ұлттық зерттеу университеті Халықаралық экономика және сыртқы істер мектебінің деканы, Ресейдің Сыртқы істер және қорғаныс саясаты кеңесінің құрметті төрағасы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org 

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz