Американың түкпіріндегі кішігірім газет пост-шындық кезеңінде қалай өмір сүруде?

Тим Крюс Калифорнияның солтүстігіндегі Уиллоус деген қалашықта Sacramento Valley Mirror деген газет шығарады. Газеттің веб сайты жоқ, тек тақырыптары көрсетілетін Facebook парақшасы ғана бар. Соған қарамастан, газет аптасына екі рет жарық көреді, оны сол аумақтағылар түгел оқиды. Тіпті, Тимді көпшілігі ұнатпайтын болса да. Тағы бір айта кетерлігі: газеттің штаттағы қызметкерлерінің саны үшеу ғана, 73 жастағы Крюстің өзі азғантай айлыққа аптасына жеті күн жұмыс істейді. Мақала жазады, өңдейді, суреттер түсіреді, хабарландырулар қабылдайды, соның арасында сотқа талап арыз түсіріп, сот отырыстарына қатысуға да уақыт табады. Тим қайткенде де шындыққа қол жеткізуге тырысады.

Американың түкпіріндегі кішігірім газет пост-шындық кезеңінде қалай өмір сүруде?
Тим Крюс. Дереккөз: Facebook

«Жылына 20-ға жуық арыз түсіруге тура келеді», – дейді Тим Poynter Institute-ке берген сұхбатында. Кейде темір тордың ар жағын көруге де тура келеді. 2000 жылы жергілікті шерифтің қару ұрлағанын жазып, дерек көзін жария етуден бас тартқаны үшін бес күн қамауда отыруына тура келген. Ал енді бірде Крюстің жолы болып кетеді: 2013 жылы ақпараттың анықтығы үшін күрес кезінде айыппұл төлеген, бірақ жергілікті мектеп директорының хатына қол жеткізген.

Тим бірден журналист болмаған. Теңіз әскері болып қызмет еткен, университет бітірген, кейіннен балық аулау және металлургия саласындағы компанияда жұмыс істеген. Омыртқасын зақымдап алғаннан кейін мамандығын ауыстыру туралы ойлана бастаған. 70-жылдардың ортасында Крюсті Santa Barbara News & Review газеті тілші етіп жұмысқа қабылдаған. Крюс ел ішін және шет мемлекеттерді аралап жүріп, 1989 жылы Tri-County Newspapers газетіне редактор болып барған. Осы газетте жүргенінде жергілікті шерифтің қару-жарақ ұстауға рұқсат беруіне күдік келтіріп, мақала жазған. Бас редактордың шерифті жақтауынан кейін шыдамның да шегі бар деп шешкен Тим өзінің жеке газетін ашуға бел буады.

Американың түкпіріндегі кішігірім газет пост-шындық кезеңінде қалай өмір сүруде?
Дереккөз: stonycreekhorsemen.org

Қалтасында 50 доллар, ажырасқаны жөніндегі сертификат, қарызға алынған телефоннан өзге түгі жоқ Крис іске кіріседі. Алғашқы нөмір 1991 жылы Рождество қарсаңында жарық көреді. Sacramento Valley Mirror басылымының ұраны содан бері бір өзгерген емес, оның ұраны – бәрі, соның ішінде билік те өзінің әрекеті үшін жауап беру керек.

Тим ашық деректерге сүйене отырып, шенеуніктердің мемлекеттің қаржысын қымбат саяси науқандарға және демалуға жұмсағанын әшкерелейді, қоғамдық ғимараттарға жабылар алдында жөндеу жұмысын жасау деректерін әшкере етеді, сондай-ақ, латынамерикалықтарға арналған гольф алаңын ашу секілді күдікті жобаларды тексереді (Тим тұратын аумақтағы халықтың 40%-ы латынамерикалықтар).

Қазіргі аумақтық шериф Ричард Уоррен кейде Крюстің мемлекеттің жұмысына қиындық келтіретінін айтады. Дегенмен, босаңсуға жол бермейтінін де мойындайды.

Аударған Жұлдыз Әбділда

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz