Америкалық сенатор соғыстағы ресейліктердің өлімі — АҚШ-тың ең сәтті шығыны деп айтты ма?

2023 жылдың 28 мамырында әлемдік және ресейлік БАҚ-та америкалық сенатор Линдси Грэм Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу барысында ресейліктердің өлімін «АҚШ-тың ең сәтті ақшалай шығыны» деп атағаны туралы ақпарат тарады. Көптеген жаңалық ресурсы мұндай ақпараттың алғашқы дереккөзін көрсетпеді. Дегенмен оған Украина басшысы мен сенатор Грэм кездесуінің үзінділері жарияланған Зеленскийдің ресми Telegram-арнасы себеп болса керек. Онда 1:15 минуттық видео бар.

Видеода сенатор «the Russians are dying» (қаз. «ресейліктер өліп жатыр») деген сөзді айтады, келесі кадрда «best money we’ve [the USA] ever spent» (қаз. Біз ешқашан ақшаны дәл осылай сәтті жаратып көргенбіз») дейді.

Жаңалық желіде тарап кеткеннен кейін Ресей ІІМ Линдси Грэмге іздеу жариялады.

Оқырмандардың өтінішімен Factcheck.kz редакциясы сенатор шынында ресейліктердің өлімі – АҚШ-тың ең сәтті жаратылған қаржысы деп айтты ма – анықтап көрді.

Үкім: Жалған

Украина президенті кеңсесінен кездесудің толық жазбасын алған Reuters агенттігі журналистері екі реплика әңгіменің екі түрлі бөлігінен алынып, монтажбен біріктірілгенін анықтады. Сәтті жұмсалған ақша туралы сөз АҚШ-тың Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегіне қатысты айтылған.

29 мамыр кешке Reuters ұзақтығы 1:41 минут болатын роликті жариялады. Видеодан ақша туралы бөлік ресейліктердің өлімі туралы сөз қозғалғаннан ертерек, әңгіменің басында айтылғаны анықталды.

Әңгіме Владимир Зеленскийдің Линдси Грэмге АҚШ-тың Украинаға көрсетіп жатқан көмегі үшін алғыс білдіргенімен басталады.

Президент Зеленский: Келгеніңізге көптен-көп рахмет. Құрама Штаттар мен олардың азаматтарына қолдауы үшін алғыс білдіремін, екі партияны қолдағаны үшін президент Байденге, Конгресске рахмет. Біз ризамыз. Біз үшін бұл өте маңызды. Алғашқы күндерден бастап біз 38 миллиард шамасында алдық. Бұл өте үлкен қолдау.

Сенатор Грэм: Бұл ең дұрыс жаратылған ақша.

Өліп жатқан ресейліктер туралы диалог кейінірек болды. Ол әңгіменің соңғы жағын Зеленскийдің Telegram-арнасындағы жазбадан да естуге болады (шамамен 31 секундта).

Сенатор Грэм: Америка да осындай жағдайда болып, соңғы адамы қалғанша күресті, біз еркін боламыз не өлеміз деп шештік.

Президент Зеленский: Қазір еркінсіздер.

Сенатор Грэм: Иә.

Президент Зеленский: Біз де еркін боламыз.

Сенатор Грэм: Ал ресейліктер өліп жатыр.

Президент Зеленский: Иә, бірақ олар біздің жерімізге келді. Біз олардың жерінде соғысып жатқан жоқпыз.

«Өліп жатыр», әлде «жеңілді»?

Желіде Линдси Грэм «the Russians are dying» деп емес, «the Russians are done» (қаз. «ресейліктер жеңілді») деп айтты деген болжамдар бар. Анықтау үшін біз фонетист Ирина Бродскаяның көмегіне жүгіндік. Ирина америкалық сөйлеу тіліне маманданған және Queen Margaret University-де сөйлеуді зерттеумен айналысады. Оның сөзінше, сенатор оңтүстік акцентімен сөйлейді, — ол өзі Солтүстік Каролинадан. Сол себепті Грэм «dying» мен «done» сөздерін бірдей айтуы мүмкін. Себебі оның акцентінде  /ai/ дифтоңы («die» дегендегі) /а/ дифтоңы («done» дегендегі) секілді айтылады, ал «dying» дегендегі /ŋ/ мұрын дыбысы «done» дегендегі қарапайым /n/-ге ұқсайды.

Тілдің осындай ерекшелігін және Reuters ұсынған толық контексті ескере келе Линдси Грэм шынында «the Russians are dying» (ресейліктер өліп жатыр») деген тіркесті айтты деген қорытынды жасаймыз. Дегенмен Украина президенті баспасөз қызметінің сәтсіз монтажы осындай келеңсіз жағдайдың туындауына себеп болды.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz