Фактчек | Назарбаевтың халыққа жолдауы – 2018

2018 жылғы қазанның 5-інде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл ішіндегі екінші жолдауын жасады. Үкімет мүшелері мен парламент, қоғам қайраткерлері қатысқан жолдау шамамен екі сағатқа созылды. Factcheck Назарбаев айтқан мәлімдемелердің рас-өтірігін тексеріп шықты. 

Мәлімдеме: «Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті»

Үкім: Шындық

2018 жылғы қазанның 1-індегі ақпаратқа сәйкес, Қазақстан халқының саны 18,33 миллионға жеткен. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 1 пайызға көп. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 73 жас (ерлер – 69 жас, әйелдер – 77 жас).

Мәлімдеме: «Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды»

Үкім: Шындық

Ұлттық банктің ақпараты бойынша, 1998-2017 жылдары Қазақстанға келген инвестицияның жалпы сомасы – 292,1 млрд доллар. 2018 жылдың алғашқы жартысында 12,3 млрд доллар инвестиция және келген. Бәрін қоса есептегенде Назарбаев айтқан сомадан асып тұр.

Мәлімдеме: «Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі»

Үкім: Шындық

2017 жылы жұмыспен қамтылған халық саны 8,58 млн адам. Оның 75,5 пайызы – жалдамалы жұмысшылар. Статистика комитетінің дерегінше, жұмыспен қамтылғандардың 63 пайызы жеке секторда қызмет етеді. Соңғы бес жылда бизнес секторда жұмыс істейтін қазақстандықтар саны 15 пайызға азайған. Мемлекеттік қызметке ауысқандар көбейген. 

Мәлімдеме: «Беларусь тауар өндірушілері өздерін қалай қорғайтынын білесіздер. Қырғызстанға жолды жауып едік, қалай күрескендерін көрдік. Біздікілер тыныш, ешкіммен ұрыспайды. Жоғары билік олардың сөзін сөйлегенге үйреніп қалған»

Үкім: Шындық

2015-2018 жылдары Еуразия экономикалық сотына одаққа мүше елдердің өндірушілерінен 17 арыз түскен. Осы уақыт ішінде қазақстандық кәсіпкерлер тек екі рет – 2015 және 2016 жылы – шағымданған. Алайда екі жағдайда да өндірушілердің шағымдануына одаққа мүше өзге елдің емес, қазақстандық салық, кеден және сот органдарының әрекеттері себеп болған. Арыз-шағым көбіне Ресей кәсіпкерлерінен түскен.

Мәлімдеме: «Ет өндіретін елміз, бірақ шұжықты сырттан тасимыз»

Үкім: Жартылай шындық

Ресми дерек бойынша, ішкі нарықта тұтынылатын шұжықтардың 56 пайызы ғана Қазақстанда өндіріледі. 2017 жылы өндірілген шұжық көлемі 3,1 пайызға азайған. Фактчек бұған дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нарықтағы импорттық тауарлар үлесі 15 пайыздан аспауы керегін жазған. Шұжық өндіру нарығы бұл талапқа әзірге сай емес.

Мәлімдеме: «Балалардың 95% балабақшаға барады»

Үкім: Жартылай шындық

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2018 жылдың алғашқы жартысында «3-6 жас аралығындағы балаларды орта біліммен қамту деңгейі 93,1% болған». 2017 жылы мектеп жасына дейінгі балаларды білім берумен қамту көрсеткіші 54% болған. Бұл көрсеткіш күндізгі мектептердегі мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды сыныптарындағы балалардың елдегі 1-6 жас аралығындағы балалардың жалпы санына шаққандағы үлесін көрсетеді.

Мәлімдеме: «Қазақстанда 1300 мектеп жабылған. Бұған тұрғындардың ол аумақтан көшіп кетуі себеп»

Үкім: Шындық

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамыту мен жалпы жағдайы жайлы ұлттық баяндамаға сәйкес, 1991-2016 жылдар аралығында мектептер саны 1391-ге (16 пайызға) азайған. Жабылған мектептер көбіне аз комплектілі – ауыл-аймақтарда орналасқан оқу орындары. Онда бала аз, я сыныпқа бала сыймайды, мұғалімге жүктелетін салмақ ауыр, педагогтердің дайындығы нашар және материалды-техникалық базасы әлсіз. 2017 жылы аз комплектілі мектептердің 92-ге және қысқарған. Олардың жалпы мемлекеттік мектептердегі үлесі – 42 пайыз.

Мәлімдеме: «Өлім-жітім себебі бойынша екінші орында тұрған онкологиялық аурулар. Қаншама адамның өмірін аман алып қала аламыз. Дүниеден бұдан маңызды не бар?»

Үкім: Манипуляция

Демография күнделігінде 2017 жылы 129 мыңнан аса адам қаза тапқаны жазылған. 24 пайыз жағдайда өлімге қан айналым органдарының ауруы себеп болған. Қайтыс болғандардың 13 пайызы (16 635 адам) тыныс алу органдарының ауруынан, тап осыншасы – 12 пайызы (15 479 адам) өскіндерден кеткен. Өлімге ең жиі себеп болатын бестікті абайсыз жағдай, травма, улану мен ас қорыту органдарының ауруы аяқтайды. Яғни, онкологияны екінші орынға қою – манипуляция.

Мәлімдеме: «Салынған үйлерді мемлекеттік комиссия қабылдамайды»

Үкім: Шындық

2016 жылғы қаңтардың 1-інде салынған объектіні пайдалануға берудің заңнамалық тәртібі өзгерген. Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңның 73-бабымен салынған үйді қабылдаудың декларативтік әдісін заңдастырды. Техникалық және авторлық бақылау жүргізетін ұйым тапсырыс берушінің өтінішімен салынған ғимараттың бекітілген жобаға сай екені туралы куәлік береді. Осылайша, қабылдау актісіне тек төрт жауапты тұлға ғана қол қояды – тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық бақылаушылар. Мұндай өзгеріс енгізуді ұсынғандар «бұл жеке адамға артылатын жауапкершілікті арттырады» деген.

Мәлімдеме: «Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қазірдің өзінде қамтамасыз етіп отыр»

Үкім: Шындық

Ресми статистика бойынша, 2017 жылы Алматы Қазақстан ЖІӨ-сінің 21,8 пайызын, Астана – 10,6 пайызын қамтамасыз еткен. Республиканың жалпы өніміне түскен былтырғы табыста Астананың үлесі 10,9 пайыздық Атырау үлесінен аса алмаған.

Мәлімдеме: «Халықтың 40% ауылда тұратын. Олардың 20% ғана ауыл шаруашылығында жұмыс істейді»

Үкім: Шындық

2017 жылғы ресми статистикада Қазақстан халқының 42,8 пайызы ауылда тұратыны жазылған. Статистика комитетінің дерегінше, былтыр ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар саны 1,3 миллион болған. Бұл ауыл тұрғындарының – 17 пайызы.

Мәлімдеме: «Тәуелсіздік алғаннан бері 770 полицей қаза тапты»

Үкім: Үкімі жоқ

БАҚ та, Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі де тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында қаза тапқан полицейлер жайлы ақпарат таратпаған. ІІМ 2017 жылдың мамырында 938 полицей мерт болғанын, желтоқсанда 946 полицей қаза тапты деген. 2018 жылы «Қазинформ» ақпарат агенттігі Түркістан облысының Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап – 709 полицейдің, 2017 жылы zakon.kz 729 ішкі істер органының қызметкері қаза тапқанын жазған.

Қазақ тіліне аударған – Аян Қалмұрат

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz