Пригожин соғысқа қатысқан бұрынғы тұтқындарды ЖОО-ға емтихансыз қабылдауды сұрады ма?

Қаңтардың басында желіде “Вагнер” ЖӘК басшысы Евгений Пригожин Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына Украинадағы соғыста ерекше көзге түскен бұрынғы тұтқындарды емтихансыз оқуға қабылдауды сұрағаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат бірқатар Telegram арнасы мен медиада, оның ішінде қазақстандық сайттарда жарияланды (1, 2, 3, 4).

“Проверено” басылымы деректің қаншалық рас екенін тексеріп көрді.

“Вагнер” жеке әскери компаниясы ресейлік тұтқындарды Украинадағы соғысқа баруға үгіттеуімен бірнеше рет байқалды. Компания басшысы Евгений Пригожиннің өзі мұны 2022 жылғы қыркүйекте растап, “Ресей азаматтары тұтқындардың Украинада соғысқанын қаламаса, өз балаларын майданға жіберуі керек” деп мәлімдеді.

Оған қоса желіде (1, 2) Пригожиннің тұтқындарды Украинадағы соғысқа баруға шақырған видеосы да бар. Онда ол тұтқындарға майданнан оралғаннан кейін қылмыстары кешірілетіні жөнінде уәде береді. Оның айтуынша, “өзі зэк болса, Ресей әскери күштерінің тату ұжымына қосылуды және Отан алдындағы қарызын өтеуді армандайтын еді“.

2023 жылғы 5 қаңтарда Пригожин журналистерге соғысқа қатысқан бұрынғы тұтқындардың бірінші тобы жарты жылдық келісімшартты аяқтап, кешірім алғанын хабарлады. Дегенмен оның “ең үздік” жауынгерлерді жоғары оқу орындарына емтихансыз қабылдау туралы “өтініші” кейінірек тарады. Бұл хабарламаны бірінші болып “Борис Абрамыч” әзіл-сықақ Twitter аккаунты жариялады.

“Проверено” басылымы фактчекерлері мынадай қорытындыға келді:

  1. Бірде-бір ірі немесе мемлекеттік ресейлік медиа Пригожиннің өтініші туралы хабарламады;
  2. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты өкілдері бұл ақпаратқа қатысты ешқандай түсініктеме бермеді;
  3. Жаңалықты алғаш болып сатиралық ресурс жариялады;
  4. Евгений Пригожиннің өзі және онымен байланысы бар ресурстар тараған хабарламаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Фактчекерлердің айтуынша, бұл хабар тұтқындардың майданнан оралуына байланысты әзіл ретінде тараған болуы мүмкін.

Factcheck.kz