Нұсқаулық: Суреттің түпнұсқа екенін қалай тексеруге болады?

Суреттің фейк әлде фейк емес екенін анықтау да видеоны тексеруге ұқсас. Барлығы сол ретпен жүреді, тек тексеру құралдары ғана бөлек.

1-қадам. Сурет түпнұсқа ма, әлде өңделген бе?

Бәлкім, бұрын бұл суретті біреулер жариялап қойған шығар. Google Image Search немесе TinEye арқылы тексереміз. Google Image Search ұқсас суреттерді тауып, оларды көлеміне және датасына орай сұрыптауға мүмкіндік береді. TinEye арқылы табылған суреттерді бір-бірімен салыстыруға болады, ол сонымен бірге файлдың көлемі мен интернетте пайда болған уақытын көрсетіп береді.

Суреттің сапасы неғұрлым жоғары болған сайын, түпнұсқаны табуға мүмкіндік мол деген сөз.

Іздеп отырған суретіңіз екі бөліктен құралған болуы да мүмкін. Кез келген графикалық редакторға кіріп, суретті екіге бөліп, әр бөлігін жеке-жеке іздеңіз. Сурет айнадан көрінгендей болуы мүмкін, сол үшін графикалық редактор арқылы төмендегідей етіп өзгертіп алып, іздеуді қайта жалғастырыңыз.

Нұсқаулық: Суреттің түпнұсқа екенін қалай тексеруге болады?
Foto Forensics арқылы өңделген сурет. Дереккөз: stopfake.org

Суреттің қандай цифрлық өңдеуден өткенін білу үшін Foto Forensics сайтының көмегіне жүгінуге болады. Ол суреттің «қосымша салынған» тұстарын немесе өңдеу кезінде қойылған бөлігін тауып береді. Бағдарламаның өңдеуінен өткеннен кейін өзгертілген бөліктер басқалардың жанында өзгешеленіп тұрады.

Суреттің астындағы жазбаларға да назар аудару керек, өйткені бірдей екі суреттің астында екі түрлі жазу тұруы мүмкін. Бұл – фейк жасаудың ең көп тараған түрлерінің бірі.

Қазақстандық кейс:

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары шілде айының ортасында Whatsapp арқылы хабарлама ала бастады. Онда «Өскемен және ШҚО жаңалықтарына» сүйене отырып, қатты бұршақ ұрғаны және содан қойлардың қырылып қалғаны айтылған, сондай-ақ оқиғаның осы өңірде болғаны көрсетілген.

Нұсқаулық: Суреттің түпнұсқа екенін қалай тексеруге болады?
Дереккөз: yk-news.kz

Күмәнмен қараймыз да, Google Image Search арқылы тексеріп көреміз.

Көріп отырғанымыздай, сурет 18 шілде күні Испанияда бұршақ жауған кезде  пайдаланылыпты.

Нұсқаулық: Суреттің түпнұсқа екенін қалай тексеруге болады?
Дереккөз: Google Image Search

Өліп жатқан қойлардың суреті одан да бұрын пайдаланылыпты – imgur суреттер агригаторында оның түсірілген уақыты 2015 жыл деп көрсетілген. Ондағы суреттің сапасы да аса мәз емес, сондықтан оны түпнұсқа деп кесіп-пішіп айта алмаймыз.

Нұсқаулық: Суреттің түпнұсқа екенін қалай тексеруге болады?
Дереккөз: TinEye

Қалай болғанда да, бұл табиғи жағдайдың Шығыс Қазақстанда болмағаны анық.

2-қадам. Суреттің авторы кім?

Автордың аккаунтын келесі көрсеткіштер бойынша тексереміз:

  • Аватарында не тұр? Оның фото немесе сурет екенін тағы да суреттерді іздеу жүйесі арқылы тексереміз (1-қадамды қараңыз).
  • Аккаунт қашан тіркелген? Белсенділігі қай деңгейде?
  • Пайдаланушы қандай видео қояды, қандай комментарий немесе жазба жариялайды? Көбіне өзінің суреттерін қоя ма, әлде өзгелердікін пайдалана ма?
  • Сайттың немесе блогтың иесі кім (егер блог жеке доменде орналасқан болса)? Оны whois сервисі арқылы тексеруге болады.
  • Басқа әлеуметтік желілерге, блогтарға, сайттарға сілтеме бар ма? Онда пайдаланушы туралы қандай мәліметтер бар?
  • Пайдаланушы туралы Spokeo, com, WebMii немесе LinkedIn сайттарында ақпарат бар ма? Рунетте іздеу үшін people.yandex.ru. сервисін пайдлануға болады.

Twitter желісіндегі акканутты ашқан күнін Discover Twitter First Tweet арқылы, ал Вконтакте желісіндегіні vkreg.ru арқылы тексере аласыз.

Нұсқаулық: Суреттің түпнұсқа екенін қалай тексеруге болады?
Twitter функциясы кез келген пайдаланушының ең бірінші твитін көруге мүмкіндік береді. Дереккөз: Twitter

Кейде фотоның дереккөзін файл атауынан да білуге болады. Егер суреттің атауы көп сандар тізбегінен тұрса, ол әлеуметтік желілерден алынған болуы мүмкін. Мәселен, Facebook желісінен алынған кейбір суреттерде оны жариялаған пайдаланушының ID дерегі көрсетіледі. Мысал үшін келесі сілтемедегі суретті қарастырып көрелік:

https://scontent-fra3-1.xx.fbcdn.net/hphotos-xtf1/v/t1.0-9/11201814_10205461106940119_1410813217263058502_n.jpg?oh=81a37240658c3d38e2f96385299ae6a9&oe=563E6830.

Сипаттамасы мен дерек көзі көрсетілмеген суреттен оның не себептен жарияланғанын, яғни контексті білу қиын. Алайда, оны файл атауының көмегімен білуге болады. Әдетте Facebook серверіне жарияланған суреттің атауы мынадай болып келеді: “11201814_10205461106940119_1410813217263058502_n”. Ортадағы 15 цифр – суретті жариялаған пайдаланушының бірегей нөмірі. Егер facebook.com/10205461106940119 деп жазсақ, сол пайдаланушының парақшасын таба аламыз.

 

Қазақстандық кейс:

Алаяқтар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жалған сайтын жасаудан да тартынбайды. Factcheck.kz бұған дейінгі жазбаларының бірінде авторға айрықша мән беру керектігін жазған болатын.

скриншот фейкового сайта Министерства и здравоохранения РК
Скриншот ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жалған сайтынан

 

3-қадам. Фото қайда және қашан түсірілген?

Суреттің EXIF дерегіне назар аударамыз. EXIF-те көптеген дерек бар: суреттің көлемінен бастап, түсірілген уақытына дейін көрсетеді, тіпті, суретті түсірген камераның маркасына дейін білуге болады. EXIF деректі Adobe Photoshop сияқты графикалық редактордың көмегімен оқуға болады немесе Fotoforensics, Findexif секілді сайттардың көмегіне жүгінуге болады. Бұлардан басқа JPEGSnoop деген бағдарлама бар (тек Windows үшін). Ол суреттің метадеректерін ғана емес, сонымен бірге AVI, DNG, PDF, THM сынды форматтарын да білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, суреттің өңделгенін, бүлінген файлдағы қателіктерді де білуге болады.

Алайда, EXIF деректер кейде көрінбейді немесе қате болуы мүмкін. Мәселен, суреттің түсірілген күні мен уақытына қатысты айтар болсақ, камера бастапқы қалпына келтірілген болуы немесе басқа сағат белдеуі қойылған болуы мүмкін. Әлеуметтік желілердегі суреттерде EXIF деректер мүлдем болмауы да мүмкін, мәселен, Facebook оны суретті жүктеген кезде өшіреді.

Сондықтан, көзге көрініп тұрған белгілерге назар аударамыз. Мысалы: жол белгілері, автокөлікке арналған және басқа да белгілер, үйлер, киім, пейзаж, көпірлер, таудың бар не жоқ болуы. Оларды шамамен сол уақытта дәл сол жерде түсірілген суреттерге қарап отырып салыстыруға болады, сонымен қатар жергілікті жерді Google Maps Street View немесе Wikimapia арқылы да көруге болады.

Пайдалы геолокациялық ресурстың бірі – Geofeedia, ол сол жердегі пайдаланушылардың әлеуметтік желідегі жазбаларын іздеуге көмектеседі. Сервис Twitter, Flickr, Youtube, Instagram және Picasa желілерінен жіберілген, GPS пайдаланылған суреттерді табуға мүмкіндік береді, сосын оларды коллаж түрінде ұсынады. Бір әттеген-айы – ресурс ақылы.

Нұсқаулық: Суреттің түпнұсқа екенін қалай тексеруге болады?
Дереккөз: Wolfram Alfa

Уақытты Wolphram Alfa сервисі арқылы ауа райымен салыстыруға болады, мұнда жер шарының бүкіл нүктесіндегі ауа райы туралы мәлімет бар.

 

Бұл фактчекинг нұсқаулығына Stopfake.org, First Draft News, Verification Handbook материалдары пайдаланылды.

Аударған Жұлдыз Әбділда

 

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz