Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық

Үрейлі хабарлама

WhatsApp мессенджерінде сізге қалаңыздағы (мысал үшін Алматы деп алайық) дәріханаларға Цефтриаксон деп аталатын дәрі түскені туралы хабарламаны жібергенін елестетіп көріңіз. Одан бақандай 18 адам қаза тапқанына қарағанда, қауіпті сияқты! Әрі бейтаныс адамдар (әңгіме бірінші жақтың көпше түрінен айтылып жатыр) осы препаратты қабылдаған соң 10 минуттан кейін келіні қайтыс болғанын айтады.

Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық
Хабарлама осындай. «Жиі жіберіледі» деген белгіге қарағанда, мейірімді адамдар қорқынышты жаңалықты көп танысына жылдам бөлісу керек деп шешкен сияқты. Солардың ішінде сіз де барсыз.

Хабарламаға видео да тіркелген. Онда COVID-19 пандемиясы кезінде Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған жасанды дәрі жасау цехын ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелеріне қатысты үкім шығарылғаны айтылған.

Видео хабарламаға тіркелген видео

Бұл материалды ашсаңыз, демек жақындарыңызға, достарыңызға және таныстарыңызға қауіп туралы ескерту үшін бұл хабарламаны жіберетіндердің қатарынан емессіз. Дегенмен, жібергіңіз келуі де мүмкін. Шынында да, ойланып қарасақ, оқиға өте шынайы көрінеді. Дәрі-дәрмектерді қолдан жасауға бола ма? Иә, болады. Олар дәріханаларға түсуі мүмкін бе? Жоққа шығаруға болмайды. Жалған дәрі-дәрмектерден зардап шегуге бола ма? Иә, олардың неден жасалғаны белгісіз ғой. Хабарламада қате көп, бірақ авторлар асығыс болған шығар. Адам өліп жатқанда дүрлікпеу мүмкін емес қой. Әрі ұйымдасқан қылмыстық топ туралы видео да бар. Кінәлілер көз алдыңызда тұр.

Бірақ тәжірибеміз көрсеткендей, фейк таратушылар қорқыныш пен кезек күттірмейтіндей (бұл туралы кейін толығырақ айтамыз) сезім сіңіріп, осындай реакция күтеді.  Біз ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, үрей тудырудың қажеті жоқ екеніне сенімдіміз. Оның үстіне, бұл көп уақыт алмайды. Егер хабарлама жалған болып шықса, сіз таралу тармақтарының бірін жоясыз, ал бұл ақпараттық кеңістіктің тазалығын сақтауға үлес қосады.

Тексеруге көшейік

Ақпаратты тексеру өте қиын көрінуі мүмкін, кейде солай болады да. Бірақ біздің ойымызша, фактчекиң негіздерін барлығы білуге тиіс. Бұл – бүгінде жеке гигиенаның ажырамас бөлігі саналатын ақпараттық гигиенаның бір компоненті. Ақыл-ойды тіс немесе асқазан сияқты қорғау керек.

Бірінші қорғаныс желісі — логика

Қауіпті дәрі-дәрмек туралы кейске оралайық. Фактчекиң дегенде көбіне әртүрлі онлайн құралдарды, бағдарламаларды және т.б. ойға келеді. Алайда, бәрімізде бар және бірінші кезекте қолдануымыз керек ең маңызды құрал – бұл логика. Бұл үрейлі хабарламаны көрген кезде оянған эмоцияларды ысырып қойып, жолаушылар орындығына отырғызып, рөлді логикаға ұстатқан жөн.

Терең дем алып, хабарламаны тағы бір рет мұқият оқысақ, шын мәнінде көптеген сұрақ туындайтынын түсінуге болады. Ықтимал жалған ақпараттың белгілерін анықтаудан бастайық. Хабарламаны оқып, төмендегі тізімнен не байқалатынын көрейік.

  • Эмоцияға шақыру (эмоциялық сөздердің, өшпенділік тілінің болуы);
  • Шұғыл мәселе элементі (белгілі бір сөздер, «басқаларға тарату» туралы талаптар);
  • Детальдің болмауы (уақыт, орын, есімдер);
  • Эксклюзив элементі, «құпия» деректерді ашқандай болу;
  • «танысына», «танысының танысына» немесе белгісіз адамға сілтеме жасау;
  • Жеңіл пайда/панацеяға уәде.

Кем дегенде үш белгіні көреміз: ішінара детальдардың жоқтығы, шұғыл мәселе элементі және таныстарға сілтеме. Бұл белгілердің болуы хабарламаның міндетті түрде жалған екенін білдірмейтінін түсіну керек. Бұл тек хабарламаға сақтықпен қарау керек екенін көрсетеді. Ол жалған болуы мүмкін деген сөз.

Енді мәлімдемелерді мұқият оқи отырып мәтінді тағы бір рет қарап шығайық. Теориялық тұрғыдан мүмкін болса да, әрқайсысы растауды қажет ететінін түсінеміз. Ең алдымен, қарапайым хронологиялық сәйкессіздік көзге түседі. Өйткені видеода COVID-19 пандемиясы кезінде табылған жасырын цех туралы, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шығарылғаны туралы айтылады, бірақ хабарлама 2024 жылы таратылып жатыр. Цех, бәлкім, жойылған да шығар, ал дәрі-дәрмектер дәріханаларға түссе де, әлдеқашан алынып тасталған болар. Екіншіден, бейнеде Цефтриаксон және 18 адамның өлімі туралы ештеңе айтылмаған.

Мәтінде қандай да бір дереккөздерге сілтемелер кездессе, оларды да зерттеу керек. Маңызды: сілтемелер зиянды бағдарламаны қамтуы мүмкін, сондықтан оларды баспас бұрын құрылғыңыздың антивируспен қорғалғанына көз жеткізу керек. Сонымен қатар сілтемелердің қауіпсіздігін бағалайтын қызметтер де бар.

Интернеттен іздеу

Жоғарыда айтқанымыздай, мәтінді қарап шығу бір минут уақытымызды ғана алады. Содан кейін техниканы – интернетке қосылған ұялы телефонды немесе компьютерді қолдануға болады. Бұл сіз қалаған іздеу жүйесін (Google, Yandex, Bing және т.б.) ашу үшін қажет және хабарламада кездесетін негізгі мәлімдемелерді «гуглдеу» үшін керек.

Көптеген адам бұл қадамды елемейтінін байқадық, дегенмен көп жағдайда «бұл рас па?» деген сұраққа жауап интернеттен бір рет іздеуде жатады.

Неліктен гуглдеу керек? Бізге сенімді дереккөздердің куәліктері қажет. Хабарламада сипатталған жағдай шынымен болса, онда қауіп туралы ескерту үшін бұл туралы жаңалықтар ресурстары мен ресми органдар хабарлауы керек еді. Мұндай жаңалықтың тек әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралу ықтималдығы өте төмен.

Біз кәсіби журналистерге жүгінеміз, өйткені олар журналистика стандарттарын ұстануға және шынайы әрі тексерілген ақпарат жеткізуге міндеттенеді*. Ал мемлекеттік органдар дәрі-дәрмек нарығын реттеуге және кең мағынада денсаулық сақтау мәселелеріне тікелей жауапты.

*Сенімді және сенімсіз БАҚ, сондай-ақ сапалы және сапасыз дереккөздер туралы кейінірек айтамыз.

Қалай гуглдеу керек? Соншалық қиын сұрақ емес. Сұранысты дұрыс құру – маңызды дағды. Мысалы, «кеңейтілген іздеу» деген ұғым бар – іздеу жүйесі арқылы ақпаратты іздеуді оңтайландыруға (тарылтуға) көмектесетін операторлар деп аталатын арнайы пәрмендерді қолдану. Олардың кейбіреулері туралы толығырақ ақпаратты мына сілтеме арқылы білуге болады.

Алдымен, не туралы әңгіме болып жатқанын түсіну үшін бейтаныс сөздер немесе терминдерді гуглдеу пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, «Цефтриаксон» сөзін іздеу оның кең қолданылатын өте танымал антибиотик екенін көрсетеді. Хабарлама шын болса, мәселе дәрі-дәрмектің «дәріханаларға түсуінде» емес, керісінше, видеода меңзелгендей, жалған дәрі түскен болуы мүмкін екенінде деген қорытынды жасауға болады.

Фактчекиңті бастайық. Өте түсінікті мазмұны бар қысқа мәтінмен жұмыс істеп жатырмыз, сондықтан сұранысты тұжырымдауда қиындықтар туындамауы керек. Кілт сөздер: Цефтриаксон дәрісі, 18 адам қайтыс болды, Алматы дәріханалары. Осы сөз тіркестерінің барлығын қалай да байланыстыруға тырыспай-ақ (іздеу жүйесі түсінеді) бірге жазып көруге болады немесе жай ғана негізгі сөйлемді енгізуге болады: Алматы дәріханаларына Цефтриаксон дәрісі түсті, 18 адам қайтыс болды.

Көптеген жағдайда, соның ішінде осы жағдайда да, ақпаратты кәсіби фактчекерлер мен мемлекеттік органдардың тексергенін, оны жоққа шығарғанын байқаймыз.

Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық

Бірақ, үйрену мақсатында, іздеу ешқандай нәтиже бермеді деп болжайық, яғни адамдардың өліміне себеп болған Цефтриаксон туралы ештеңе таппадық делік. Тереңірек қарастырып, операторлардың бірін – тырнақшаны қолдана отырып іздеуді оңтайландырайық. Іздеу жолағына кез келген сөйлемді жазсаңыз, іздеу жүйесі тіпті сөйлемдегі сөздердің біреуі ғана кездесетін дереккөздерге де сілтемелер береді. Ал егер «Алматы дәріханаларына Цефтриаксон дәрісі түсті, 18 адам қайтыс болды» деген сөйлемді тырнақшаға алсақ, іздеу жүйесі тек осы сөйлемді іздеу керек деген пәрмен алады. Әрине, іздеу айтарлықтай тарылады, ал бұл осы сөйлемнің қандай да бір сайтта бар екенін көрсетеді.

Нәтиженің болмауы – ол да нәтиже. Ол бізге хабарламаға үлкен күмәнмен қарау керек екенін көрсетеді. Барлығынан жаырылған, тек хабарлама авторы мен шағын топқа ғана белгілі құпия ақпарат – көптеген конспирологиялық теория сюжеті.

Одан кейін денсаулық сақтау мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органның сайтына кіру керек. Бұл жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі немесе жергілікті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы болуы мүмкін. Онда «баспасөз орталығы» бөліміне назар аудару қажет. Әдетте, ескертулер және т.б. дәл осы жерде жарияланады.

Бейнеде де гуглдеуге болатын жеткілікті ақпарат бар екенін ұмытпау керек. Мысалы, іздеу жүйесіне роликтің басында пайда болатын негізгі мәлімдемені енгізуге болады: «Жалған дәрі-дәрмек жасаған қылмыстық топ мүшелері 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды». Тіпті тырнақшаларды қолданбасаңыз да, нәтижелер тізімінің жоғарғы жағында осы видео қолданылған жаңалық шығады. Біз оның 2021 жылы шыққанына және оның авторы шынымен де ZTB онлайн-ресурсы екеніне көз жеткіземіз.

Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық

Ал осы ақпаратты қайта тексеру үшін, видеода аталған Қаржы мониторингі агенттігінің сайтына кіріп, сол жерден іздеуді пайдаланып, сол уақытта шыққан қылмыстық топ мүшелерінің ұсталғаны, жасырын цехқа жасалған рейд туралы жаңалықты табуға болады.

Ақпаратқа қатысы жоқ видеоны алып тастағаннан кейін, бізге тек хабарламадағы мәлімдемені түсіндіру қалады.

Суреттерді тексеру

Цефтриаксон туралы хабарламаға ілеспе видеоның ақпаратты тексеруге қалай көмектесе алатынын талқыладық. Алайда, бұл жағдайда екінші рөл атқарады. Дегенмен, мәтін бойынша іздеу көмектеспейтін жағдайларда видеоны, ал кейде тіпті қолда бар барлық нәрсені – ешқандай контекстсіз видеоны, суреті немесе фотоны тексеру қалады.

Визуалды дезинформация жасаудың кең тараған бірнеше әдісі бар:

  1. Түпнұсқа файлда (видео немесе фото болсын) элемент(тер)ді қосу немесе алып тастау — мысалы, Photoshop және басқа редакторлар арқылы;
  2. Суретті өзгертпей, түпнұсқа файлдың астындағы жазуды өзгерту;
  3. Бірінші және екінші әдісті бірге қолдану;
  4. Суретті нөлден қайта жасау немесе дипфейк-видео жасау үшін генеративті жасанды интеллектті пайдалану.

Мәтінмен жұмыс істегендегідей, алдымен видеоны немесе фотоны мұқият қарастырып, келесі сұрақтарға жауап беруді ұсынамыз:

  1. Не көріп тұрсыз? Тек суретті ғана емес, видеодағы дыбысты да зерттеңіз, экрандағы мәтінге немесе субтитрларға назар аударыңыз,
  2. Суретте оғаш, орынсыз, көзге түсетін бірдеңе бар ма? Осы видео туралы қандай детальдар (ғимараттар, жарнамалар, көлік нөмірлері, адамдар сөйлесетін тіл және т.б.) көбірек ақпарат бере алады?

Мысал ретінде, 2024 жылдың қаңтарында Алматыдағы жер сілкінісінен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың зардап шеккен жатақханасының фотосын алдыңыз делік. Жазбада қираған ғимарат астында 4 студент қалғаны қосылған.

Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық

Суретте деталь жоқтай көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Біріншіден, жер сілкінісінің магнитудасы бес қабатты ғимаратқа зақым келтіретіндей жоғары болған жоқ. Екіншіден, ғимараттың өзі жатақханадан гөрі көп пәтерлі тұрғын үйге көбірек ұқсайды, дегенмен мұндай үйлер кейде жатақхана ретінде пайдаланылатынын да атап өту керек.

Бұл ақпаратты тексерудің бір жолы – ҚазҰУ-да осыған ұқсас бірдеңе болды ма деп гуглдеу. Бірақ хабарлама жер сілкінісі болғаннан кейін бірден алынған, БАҚ ол туралы жазып үлгермеген, интернетте ақпарат жоқ. Бұл жағдайда фотосуретті тексеру бірінші орынға шығады.

Фотошоп немесе жасанды интеллект іздерін анықтауға көмектесетін құралдар жеткілікті, бірақ оларға алғашқы тексеру нәтиже бермеген кезде ғана жүгінеміз. Мұнда біз кез келген фактчекердің негізгі құралы, көбіне визуалды контентті техникалық тексерудің бастауы– суретті кері іздеу (бұдан әрі СКІ) туралы айтып отырмыз. КСІ барлық танымал іздеу жүйелерінде қолжетімді. Әдетте, іздеу жолағының оң жақ шетінде фотоаппарат түріндегі суретті жүктеу батырмасы болады.

Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық

СКІ интернеттен іздеу жүйесіне жүктеген суреттің көшірмелерін іздеуге көмектеседі. Мақсат – сурет бұрын интернетте жарияланған-жарияланбағанын анықтау. Жарияланған болса, онда қайда, қашан және қандай контекстте жарияланғанын, сондай-ақ ол бірінші рет қай жерде пайда болғанын және өзгерістерге ұшыраған-ұшырамағанын білу.

Жартылай қираған ғимараттың фотосуретін жүктеп, оның 2023 жылдың наурызында ресейлік әскерлердің Украинадағы Запорожье қаласын атқылауы туралы жаңалықтарда пайда болғанын көруге болады. Яғни, фотоның 2024 жылдың басында болған жер сілкінісіне де, ҚазҰУ-ға да, жалпы Алматыға да еш қатысы жоқ. «Суреттің көзін табу» батырмасын басу арқылы жарияланған күндері көрсетілген сілтемелердің тізімін көруге болады.

Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық

СКІ маңызды әдіс болғаны сонша, оны браузерге арнайы орнатуға болатын нұсқасы да бар (өкінішке орай, барлығына емес). Оның көмегімен суретті кері іздеуді жылдам әрі бір мезетте төрт іздеу жүйесінде жүзеге асыруға болады: Google, Yandex, Bing және TinEye. Ол RevEye деп аталады. Құрал өте ыңғайлы және тегін. Оны Chrome интернет-дүкенінен немесе Firefox Browser Add-Ons сайтынан жүктеп алуға болады.

RevEye-ды тек компьютерден пайдалануға болатынын және ол тек веб-беттерге жүктелген суреттермен жұмыс істейтінін атап өту керек. Браузерге кеңейтім орнатылғаннан кейін, қандай да бір суретке тышқанның оң жақ батырмасын басып, пайда болған мәзірден Reverse Image Search — All search engines опциясын таңдап көріңіз. Сізде төрт қосымша ашылады, онда әрбір іздеу жүйесінде осы сурет кері ізделеді.

Фактчекиң негіздері бойынша нұсқаулық
Фотошоп арқылы жасалған Элвис Пресли мен Мэрилин Монроның фотосуреті мысалында RevEye-дың қайда орналасқанын көрсетеміз (шын мәнінде бұл екі бөлек фото)

Ал видео бойынша кері іздеуді қалай жасауға болады? Бұл жағдайда қосымша қадам қажет. Видеоны іздеу жүйесіне жүктеу мүмкін емес және онымен RevEye жұмыс істемейді. Сондықтан кадрлардың біреуінен, мүмкіндігінше ең көрнекісінен (есте қаларлық, көзге түсетін бөлшектері бар) скриншот жасап, кадрды іздеу жүйесіне жүктеу қажет.

YouTube платформасына жүктелген видеоларды тексеру сәл ыңғайлырақ. Бұл жағдайда Mattw.io сияқты қызметтер бар. Олар роликке сілтеме берген кезде оны кадрларға бөледі. Бұл кадрларды бір рет басу арқылы Google-да кері іздеу арқылы өткізуге немесе RevEye қолдануға болады.

Дереккөздерді бағалау

Дереккөздерді талдау және бағалау қабілеті, қайсысына сенуге болатынын және қайсысына сенуге болмайтынын түсіну – фактчекиңсіз мүмкін емес дағды. Онсыз ақпарат көп дәуірінде конспирологиялық теориялар немесе қате ұстанымдар құрдымына түсіп кету оңай.

Интернеттегі ақпараттық кеңістік – бұл «жабайы батыс». Онда санитарлар мен еріктілер жетіспейді. Сондықтан мұнда әртүрлі дереккөздерді кездестіруге болады: сапалы және сенімді дереккөздерден бастап, тұрақты түрде дезинформация мен пропагандамен айналысатындарға дейін. Адал журналистер, арам ниетті және журналист болып көрінетіндер, ғалымдар мен жалған ғалымдар, ғылыми журналдар мен псевдоғылыми журналдар, фактчекерлер мен жалған фактчекерлер, сондай-ақ алаяқтар, боттар, жай құзыретсіз адамдар және тағы басқалар бар. Уақыт өте келе бұл сала болжамды және түсінікті бола түспейді, сондықтан назар аударуға тұрарлық дүниені ажырата білу қабілеті барған сайын қажеттілікке айналып келеді.

Дереккөздің сенімділігін тексерудің бір жолы – оның келесі критерийлерге сай келетін-келмейтінін бағалау:

  • ресми немесе бейресми
  • тәуелсіз немесе мүдделі
  • фактілерге негізделген немесе болжамдар мен қауесеттерге негізделген
  • хабардар немесе хабарсыз (атап айтқанда, сараптамалық немесе сараптамалық емес)
  • ашық немесе жасырын
  • көптік немесе жалғыз.

Қалың қаріппен белгіленген сөздермен сипатталатын дереккөздер (мүмкіндігінше барлығы бір мезгілде) неғұрлым сенімді болып саналады. Әрине, мұнда нюанстар да бар. Басқа жағдайлар бірдей болған кезде, ресми ақпарат (ұйымдардан, органдардан шығатын) бейресми ақпаратқа қарағанда сенімдірек. Бірақ белгілі бір мәселелерде, мысалы, ұйымдар мүдделі тараптар қатарына жататын болса, ресми ақпаратты скептицизммен қабылдау керек.

«Тәуелсіз» деген сөзді бұл жағдайда сөзбе-сөз қабылдамау керек — көптеген дереккөздер бір немесе басқа жолмен тәуелді болады. Маңыздысы — қандай да бір мәселені жариялау кезінде мүдделер қақтығысының бар-жоғы. Анонимді дереккөз сенімсіз болып саналады, бірақ, мысалы, журналистік тергеулер контексінде солай болуы міндетті емес — анонимді ақпарат берушілер жеке қауіпсіздігіне байланысты анонимді болып қалуға мәжбүр. Көптеген дереккөз де қателесуі мүмкін. Мысал ретінде бірқатар БАҚ-тың кейіннен жалған болып шыққан тексерілмеген ақпаратты бөліскенін келтіруге болады.

Кейбір критерийлерге сәйкестікті бағалау оңай болғанымен, дереккөздің тәуелсіз, хабардар немесе ресми екенін түсіну үшін біраз зерттеу қажет. Мұнда біз қайтадан логика мен ақпаратты іздеу және талдау қабілетіне жүгінеміз.

Өзін БАҚ ретінде көрсететін ресурста редакция туралы ақпарат, журналистер мен редакторлардың аттары, байланыс деректері, редакциялық саясат және жақсы бедел болуы керек. Сапалы журналистика өшпенділік тілін қолданбайды, фактілермен сөйлейді, оларды деректермен растайды, салмақты талдау жасайды. Өзін ғалым деп атайтын адам сараптамасын рецензияланған ғылыми журналдардағы ғылыми мақалалармен, 20-30 жыл бұрынғы емес, жаңа (ғылым үнемі алға жылжып отырады) мақалалармен растауы тиіс. Сарапшы өзінің сараптамалық білімін біліммен, жұмыс орнымен және қажетті талдаумен растайды. Біреу өзін дәрігер деп атап, үлкен фармацевтикалық компаниялардың қастандығы мен вакциналардың зияны туралы айтса, алдыңызда біліксіз дәрігер немесе мамандығы басқа адам тұрғаны. Заңгер адам құқықтарынан гөрі «батыстық құндылықтармен» күресуге көбірек алаңдаса, бәлкім ол шындықпен байланысын әлдеқашан жоғалтқан болар.

Сана

Сана маңызды. Фактчекерлер суық сана туралы жиі айтады, бұл бекер емес. Ақпараттық гигиенаны сақтау салқын сананы сақтауға мүмкіндік береді, және керісінше – салқын сана ақпаратты тексеру процесі үшін өте маңызды. Мысалы, ол WhatsApp-тағы банк картасының деректері үшін ақшалай сыйлық уәде етілген хабарламаның алаяқтық екенін түсіндіреді; немесе қандай да бір ауруды емдеудің «ежелгі әдістері» қазіргі заманғы дәлелді медицинадан тиімді бола алмайтынын көрсетеді.

Сана туралы айтқанда, кез келген адамға тән когнитивті бұрмалаулар мен адамдар жи істейтін логикалық қате туралы айтпай кетуге болмайды. Олар белгілі бір көзқарасты бұрмалайды және дұрыс шешім қабылдамауға итермелейді. Бұл бұрмалаулар мен қателердің не екенін түсіну – оларды болдырмаудың бір тәсілі. Біз бұл тақырыпта бірнеше рет жаздық, сонымен қатар медиасауат пен фактчекиң негіздері туралы бірқатар видео шығардық. Сіз оларды мына сілтеме арқылы көре аласыз.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz