Журналистерге шабуыл жасаған 18 күдікті ұсталды

Журналистер мен блогерлерге жасалған шабуылға қатысы бар 18 күдікті ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz telegram арнасында хабарланды.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы қыркүйектен бастап 2023 жылғы 20 ақпанға дейін Алматы мен Астанада 6 журналист пен блогерге және олардың қызметіне қатысы бар 1 адамға заңсыз әрекеттер жасалған: мүлкіне қасақана зақым келтірген, автокөлігін өртеген, әртүрлі зат жіберіп қорқытқан, жеке мәліметтерін интернетке жариялаған.

Осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР қылмыстық кодексінің 115-бап “Қорқыту”, 147-бап “Жеке өміріне қатысты мәліметтерді тарату”, 158-бап “Журналистік қызметке кедергі жасау”, 202-бап “Бөтеннің мүлкін қасақана жою”, 293-бап “Бұзақылық” бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұған қатысы бар 18 адам ұсталды.

Ішкі істер министрлігі

Контекст

Айта кетейік, осы күнге дейін журналист Динара Егеубаеваға, Вадим Борейкоға және Самал Ибраеваға шабуыл жасалды. 20 ақпанда белгісіз біреулер Вадим Борейконың операторының екі көлігін өртеп жіберген. Ал 22 ақпанда Данияр Молдабековты ұрып кеткен.

Factcheck.kz