Жаңа әлеуметтік кодекс мүгедектігі бар адамдарға көмектесе ала ма?

2020 жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әлеуметтік кодексті әзірлеуді тапсырды. Екі жылдан кейін, 2022 жылдың қыркүйегінде жаңа заң жобасы ашық НҚА сайтында жарияланып, 2023 жылдың наурызында сенат екінші оқылымда қабылдады.

Алғашқы жоспарға сай, жаңа кодекс әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттырып, өнімді еңбекпен қамтуға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға (МБА) жағдай жасауға тиіс. «Өз көзімізбен» арнайы жобасы аясында Factcheck.kz редакциясы сарапшылармен кодекс алға қойған мақсаттарға жетуге көмектесе ме, жоқ па деген сұрақты талқылады.

Жұмыс тобының отырыстары қалай өтті?

Әлеуметтік кодексті әзірлеу 2021 жылы басталған. «Ашық үкімет» жобасының арқасында заңгер, МБА құқықтары жөніндегі сарапшы Анатолий Мигай жұмыс тобының қатарына іліге алды. Оны 180-нен астам қатысушысы бар WhatsApp чатына қосқан. Чатта әкімшілер ғана хабарлама жібере алатындықтан, байланыс бір жақты болған. Нәтижесінде, Мигайдың айтуынша, жұмыс тобының бірде-бір отырысы (кем дегенде, оның қатысуымен) өтпеген.

[Әлеуметтік кодекс жобасы] ашық НҚА сайтында жарияланғанда көптеген адам өз пікірін жазып жатты, бірақ бұл талқыланған жоқ. Бұл әлі [жобаның] мәжіліске бармаған сатысы еді. Ал мәжілісте ешбір сын талқыланбады да, сенатқа барып, ақыры бірінші оқылымда мақұлданды.

Анатолий Мигай

Ал Қоғамдық кеңестің мүшесі және Қостанай облысы мәслихатының депутаты Аруна Жақсағұлова отырыстар күн сайын, түске дейін және кейін өткенін, жұмыс қауырт жүргенін айтады. МБА құқықтары жөніндегі сарапшы Зият Әбдіқайымов 2023 жылдың 8 ақпанында басталған аралас отырыстарға Zoom арқылы қатысқанын айтты.

Жеке көмекшілер — әлеуметтік қызметкер ме?

Сарапшылар назар аударған маңызды тұстардың бірі – жеке көмекшілерді (ЖК) әлеуметтік қызметкерлер мәртебесіне теңестіру туралы новелла. Бұл жеке көмекшілердің енді әлеуметтік қызметкерлер сияқты квалификациясы болуы керек дегенді білдіреді. Ал олардың көпшілігі мүгедектігі бар адамдардың туыстары.

Заңгер, Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі координаторы Нұргүл Мұхиттың айтуынша, бұл екі санатты ажырата білу керек. Оларды біріктіру психолог пен психиатрды салыстырумен бірдей.

Жеке көмекші әдетте «А» пунктінен «В» нүктесіне дейін жүріп-тұру бойынша көмекке мұқтаж МБА-ға еріп жүреді. Әлеуметтік қызметкер үйге күннің бірінші жартысында келіп, өтініші бойынша мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, қарттарға да көмек көрсетеді. Дәл осы адамдар, мысалы, үй шаруаларына қолғабыс болып, психологиялық қолдау көрсетеді және дәрі тамызғыштар қоя алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөзінше, туыстарын көмекші ретінде тіркеу оларға әлеуметтік аударымдарды алуға және еңбек ақысын төлеуге мүмкіндік береді. Алайда, Анатолий Мигай өзгертулер кесірінен жеке көмекшілер талаптарға сай келмей, мәртебесінен айырылып қала ма деп қауіптенеді. Сонымен қатар, заңгердің айтуынша, министрлік бұл критерийлер қандай болатынын, қандай жағдайда жеке көмекші мәртебесін беретінін, ал қайсысында берілмейтінін түсіндірмеген.

Егер [ЖК- ны] әлеуметтік қызметкерлермен теңестірсек, біліктілік талаптары қойылатыны анық. Адам критерийлерге сәйкес келуге міндеттеледі, ал көптеген адамның туыстарында мұндай біліктілік жоқ. Олардың әлеуметтік қызметкер мәртебесі жоқ. Адамдар көмекшісіз қалып, бұл мәселені басқаша шешуге мәжбүр болады. Еңбек министрлігі, өкінішке орай, мұны жұртшылыққа дұрыстап түсіндірмеді.

Аруна Жақсағұлова да осындай пікірде:

Жеке көмекшілер мен әлеуметтік қызметкерлерді ешбір жағдайда теңестіруге болмайды. Мен мұны жұмыс тобында да айттым. Әлеуметтік қызметкерлердің квалификациясының 8 деңгейі бар. Олар білім алған арнайы мамандар. Ал жеке көмекшілер көбінесе [МБА-ның] жақын адамдары, туыстары. Оларды салыстыруға келмейді.

Дегенмен, Қазақстан заңнамасында үйлеспейтін екі санатты біріктіруге тырысу бірінші рет болып отырған жоқ. Мәселен, біз бұған дейін егжей-тегжейлі талдаған «БАҚ туралы» жаңа заң жобасында (1, 2) блогерлер мен БАҚ қызметкерлерін теңестіру туралы айтылған.

Әлеуметтік қызметтер порталы мен алаяқтық

Сарапшылар назар аударған екінші мәселе – әлеуметтік қызмет көрсетудің мемлекеттік сайтының жұмысы. Жаңа сайтта адамдар оңалтуға арналған тауарларды өз бетінше ала алады. Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұдан былай техникалық жабдықтарға шекті бағалар енгізіліп, алда жеке секторды тартады. Анатолий Мигай бұл жаңашылдық ештеңені түбегейлі өзгертпейтінін, ал жаңа әлеуметтік кодекстегі өзгерістер косметикалық екенін айтады.

«Мүгедектігі бар адам ретінде мен үшін ең ауыры – техникалық оңалту құралдарын алу», — дейді Мигай. — «Мәселен, порталдағы мемлекеттік бақылау, қаражатқа бақылау болуына арналған біздің ұсыныстар еленбеді. Онда миллиардтаған ақша бар! Ал мемлекет оны дұрыс бақылап отырған жоқ».

Мүгедектігі бар адамдар осы техникалық құралдарды сатып алу үшін жеткізушілермен сөз байласады. Мысалы, жеткізушілер көзі көрмейтін адамдарға арналған оқу машинасына ақша ұсынып: «Бұл сізге керек пе? Керек болмаса, ақшаны берейін, порталдағы актіге құрылғыны алғаныңызды белгілеңіз» дейді. Нәтижесінде ол аппаратты емес, ақшаны алады.

Әлеуметтік қызметтер порталының тағы бір жаңалығы сапасыз тауарлар не қызметтерге өтініш жазу мүмкіндігі пайда болды. Шағымды арнайы комиссия қабылдаған жағдайда өнім беруші порталдан шығарылуы я адал еместер тізіліміне енгізілуі мүмкін.

Бір қарағанда, жаңашылдық жақсы көрінуі мүмкін, бірақ Анатолий Мигай оның дұрыс жүзеге асатынына күмәнданады. Оның айтуынша, қазірдің өзінде жеткізушілер контрафакті өнімді беретін жағдайлар жеткілікті. Бүгінге дейін барлық ықтимал жағдайдың тек беруінің соты өтіп, бірақ оның өзінде пайдаланушы белгісіз себептермен шағымын қайтарып алған.

Нұргүл Мұхит алаяқтық схемаларды да айтады. Бірақ бұл ретте порталдың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көру керек деп есептейді.

Тәжірибеде көру керек: портал пайдаланушылары жеткізушілерге нақты қалай шағымдана алады, оларды порталдан «блоктау» немесе жою процесі қандай, олар мұны айналып өтіп, алаяқтық схемаларын ойлап таба ма?

Аруна Жақсығұлова жосықсыз жеткізушілерді жою мүмкіндігін дұрыс санайды. Сарапшы қазір порталда тауарлар мен қызметтерді көрсетумен бір адамдар айналысатынын мойындайды. Бәсекелестік жоқ, сондықтан ортопедиялық аяқ киімнің, мүгедектер арбасының және протездің сапасы туралы көптеген сұрақ туындайды.

14,5% — көп пе, аз ба?

Наурыздың 16-сы парламент сенатының отырысы өтіп, депутат Ләззат Қалтаева мемлекеттік және әлеуметтік жәрдемақылардың 14,5%-ке өсетінін мәлімдеді. Осы мәселе бойынша мамандардың пікірін сұрадық.

«Бұл әлеуметтік кодекс қабылданғанға дейін де жылдан-жылға айтылып келді» дейді Анатолий Мигай. «Менің ойымша, мұның бәрі сайлау алдындағы манипуляция. Өссе де биылдан емес, кем дегенде келесі жылдан, қаңтардан бастап өсіреді. Сондай-ақ, олар бірден көтереді деген әңгіме жоқ қой. Олар әр жылдағыдай 5-7%-ке көтереді. Сондықтан мен тұжырымдамалық тұрғыдан ештеңе өзгерген жоқ деп айтамын».

Нұргүл Мұхит өсімді елеусіз дейді:

14,5%-ке өсу пайыздық көрсеткіште жақсы көрінгенімен, іс жүзінде келесідей: үшінші топтағы мүгедектігі бар адам, мысалы, 44 867 теңге алса, онда оның жәрдемақысы 51 000 теңгеге дейін (және қандай да бір тиындарымен) өседі, яғни бар-жоғы 7 000 теңге қосылады. Мұнда тұрақты инфляцияны, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының өсуін ескеруіміз керек. Көптеген мүгедектігі бар адам арнайы диетаны ұстанады, емханалардан тегін берілмейтін дәрі-дәрмектерді тұрақты түрде қабылдайды – ал олар берілсе де, онда шектеулі мөлшерде ғана беріледі.

Аруна Жақсығұлова бастапқыда жәрдемақыны небәрі 1,4-1,6%-ке көтермек болғанын, ал оның мүлдем мардымсыз екенін айтады. Оның сөзінше, ол мұны одан әрі арттыруға бастамашы болғандардың бірі.

Бір қызығы, Қазақстандағы кез келген әлеуметтік төлем АЕК арқылы есептеледі. Экономистер мен кейбір мәжіліс депутаттарының айтуынша, бұл әдіс ескірген және қазақстандықтардың нақты жалақысын көрсетпейді.

Factcheck.kz