“Резонанс болмаса, протез де жоқ” —  параспортшы Чакер Смағұлов

«Өз көзімізбен» арнайы жобасы аясында Factcheck.kz редакциясы қазақстандық параспортшылармен мүгедектігі бар адамдардың проблемалары туралы әңгімелесіп келеді. Бұған дейін паравелосипедтен Азия чемпионатының қола жүлдегері, альпинист, кәсіпқой голболшы Кенжеғұл Социалұлымен сұхбаттастық. Бүгінгі материалымыздың кейіпкері — паражүзуші, Қазақстан спартакиада чемпионы Чакер Смағұлов.

Қазір Чакер 61 жаста. Кәсіби спортпен шұғылдануымен қатар, ол Қызыл Ту ауылындағы №24 орта мектепте 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол жас кезінде дәрігердің салғырттығынан аяғын кестіртуге мәжбүр болған. Соған қарамастан футбол мен триатлоннан бастап велоспорт пен жүзуге дейінгі әртүрлі спортпен айналысады.

Спортшы бізбен сұхбаттасуға әрең уақыт тапты, өйткені ол күнде түрлі жұмыспен айналысып, дамылдамайды. Нәтижесінде Чакер жұмыс істейтін мектепке барып, дәл акт залында сөйлестік. Чакер өзі туралы аз сөйлейді. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ, біз диктофонды қосып үлгермей жатып, Чакер Талғар ауданындағы паражүзушілердің оқуын қаржыландыру мәселесін айта бастады.

Параспортшылар мен Чакер Смағұловтың өзі қандай кедергілерге кездесетінін төменнен оқыңыз.

Телевидения болмаса, әкім де жоқ

Чакер Смағұлов 2021 жылы паражүзу спартакиадасында алтын ұтып алған соң мүгедектігі бар балаларды жаттықтыруды ойлаған. Алайда спортшылардың мұндай мүмкіндігі жоқ – Талғар ауданындағы бассейндер жекеменшік, яғни ақылы. Төлем қымбат. Жазылу балалар үшін айына 23 000 теңге, ал ересектер үшін 27 000 теңге. Көптеген параспортшы мұндай соманы көтере алмайды, өйткені олар жаттығудан басқа, құрал-жабдықтарды, витаминдерді, спорт кешеніне баратын жолды, сондай-ақ спорттан бөлек басқа да заттарды төлеуі керек. Соныдақтан Чакер мен оның серіктестері жарты жыл бойы Талғар ауданының әкімдігінен қаржы алуға тырысып жүр.

"Резонанс болмаса, протез де жоқ" —  параспортшы Чакер Смағұлов
Чакер Смағұлов (фото Facebook-тегі жеке парақшасынан алынды)

Талғар әкімі камера алдында жаттықтырушы болу үшін заңды түрде үш күн ғана қажет екенін айтты. Бір аптадан соң топ жинадым, 5-6 спортшым бар. ЦСКА-да (жергілікті бассейн) кездестік, ол өзінің орнына орынбасарын жіберді. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары келді. Олар жаттықтырушы пара-спортшылар қатарынан екеніне қуанды. Пара-спортшыларды 5-10 минут жаттықтырдым. Мені бекітті. Олар: «Бір апта ішінде ЦСКА-мен келісімге отырамыз. Топ жина” деді. Осыдан соң тек уәдемен тойдырып келеді. Жарты жыл өтті. Бұл былтырдың тамызы еді. Мен бірнеше рет әкімдікке бардым. Әкімге де бардым, орынбасары: «бір апта күтіңіз» дейді. Ылғи осылай. Өтірік сөз, алдау. Мен кішкентай бала емеспін ғой, жасым 61-де. Неліктен бірден жоқ деп айтпайды?

Чакер Смағұлов

Іс басталғаннан бері Талғар ауданы әкімінің ауысуы мәселені ушықтыра түсті. 2023 жылдың қаңтарынан бастап аудан басшысы лауазымына Қайдар Әбдіхановтың орнына Танат Айдарбеков келді. Параспортшылар басшылықтың ауысуына байланысты қаржыландыру процесі бұдан да ұзара ма деп қорқады.

Резонанс болмаса, протез де жоқ

Бір жыл бұрын Чакер арнайы оңалту бағдарламасы аясында протез алған. Бірақ оның нашарлығы сонша, спортшы оған қарағанда әртүрлі қосалқы бөлшектен жасалған ескі, кеңестік протезі жақсы екенін айтады. «Онымен жүгіруді былай қойғанда, жүре алмайсың», – деген Смағұлов 31-арнаның сюжетінде. Материал шыққаннан кейін резонанс болып, Чакерге тез-ақ басқа протез берген.

Ағаштан, былғарыдан, темірден жасалған ескі протезбен жүрген едім. 8 килограмм. Онымен футбол ойнадым! Одан кейін 31-арна дәл чемпионатта бассейнге келді. Сюжет түсірген соң бірден шу көтерілді — ол министрлікке дейін жетті. Сосын мені түріктердің жеке зауытына шақырды. Демеуші тауып, протездің еуропалық нұсқасын жасаттық. Иілгіш аяқ. Тақтым да бірден жүгіріп кеттім. 1,5-2 кг. Ал бұған дейінгі протезім ағаштан жасалғаны үшін бүгілмейтін. Еденге тисе «дүрс-дүрс» деген дыбыс шығатын. Ал мынау иіледі, дыбыссыз жүресің.

Чакер Смағұлов

Алтынсыз стипендия жоқ

Стипендия алу үшін Алматы облысының параспортшылары Қазақстан спартакиадасында алтын алуы керек. Сондықтан Чакер жаттығуға көп күш жұмсаған — себебі оған алтын керек-ті. «Оған дейін бірыңғай күміс еді, – дейді спортшы, – содан кейін 400 метрге жүзіп алтын ұтып алдым. Өз дегеніме жеттім». Сонымен бірге, оның айтуынша, кейбір аймақтарда жүйе мұндай емес – күміс пен қола үшін де стипендия беруі мүмкін. Ең бастысы жүлделі болу.

ФЧ: Сізге бұл стипендия жетем ме?

Чакер: Біздің шәкіртақы 70 мың (теңге – ред.). Бұл үшін әрине рахмет, бірақ басқа облыстарда көбірек төлейді, кейде 120 мыңға жетеді. Спортқа арналған іш киім 45 мың тұрады. Көзілдірік – 25 мың. Бас киім де қымбат. Витамин де алу керек. Ең болмағанда 100 мыңға дейін көтерсе болар еді. Олар, әрине, көтереміз деп уәде берген, бірақ ештеңе өзгерген жоқ.

Чакер 1999 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мектебіндегі жалақысы 100 000 теңге шамасында. 70 мың теңге стипендиясы болса да, бұл жеткіліксіз, сондықтан жеке бассейнде жаттықтырушы болып күнелтеді.

"Резонанс болмаса, протез де жоқ" —  параспортшы Чакер Смағұлов
Чакер Смағұлов (фото жеке мұрағатынан алынды)

Спорттан басқа қандай хоббиіңіз бар деген сұраққа ол: «Мектеп алдындағы мына ағаштарды, бұталарды өз қолммен, қайшымен жасадым. Мен үшін бұл да дене шынықтыру (күлді)”.

Алдағы мақсаттары туралы айтқанда, Чакер жергілікті паражүзушілерді тағы да еске салды: «Мақсат — параспортшыларға көмектесу. Талғар әкімдігі мәселені созбақтай бермесе екен. Тез арада келісімшарт жасап, оқуды қаржыландырсын. Бассейн бар, жаттықтырушы бар, спортшылар бар. Бізге осы трениңдерді төлегені ғана қажет. Аптасына үш жаттығу. Талапкер көп, бірақ кейбіреуі алыста тұрады, жәрдемақы аз. Егер ЦСКА-ны параспортшыларға тегін қылса, олар көбейер еді. Тамыздан бері мәселені шеше алмай келеміз. Олар камераға төлейтінін айтып, бүгінге дейін ештеңе істемеді».

Оқи отырыңыз

Factcheck.kz