Полиция Путиннің сапарына қарсылық білдірген үш белсендіге “ұсақ бұзақылық” бойынша айып тақты

Көкшетауда Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапарына қарсылық білдірген белсенділерге – Марат Жанұзақовқа, Бауыржан Балташев және Уәлихан Нығметовке полиция “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша айып таққан. Бұл жөнінде белсенді Марат Жанұзақов Азаттық Радиосына хабарлады.

“Біз өз үйлеріміздің жанында әншейін Қазақстан және Украина туын ұстап тұрдық. Ештеңе деген жоқпыз. Сосын полиция шақырып алып, кешкі сағат 9-ға дейін 3-тірек пунктінде ұстап отырды. “Ұсақ бұзақылық” бойынша хаттама толтырды. Бүгін таңертең сот болады”, – деді Марат Жанұзақов.

Әлеуметтік желіде жарияланған суретте белсенділердің қолында балағат сөз жазылған плакат бары көрінеді. Онда “х….о, пошел вон из Казахстана” (х…..o, Қазақстаннан жоғал!) деп жазылған.

Азаттық Көкшетау полициясынан жауап ала алмаған.

Контекст

27 қарашада кешке Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Путин келетін күні қалада әр жерде экранда Ресей тулары көрсетіліп, “Жоғары мәртебелі Владимир Путин, Астанаға қош келдіңіз” деген үлкен жазуы бар билборд ілініп тұрды.

Ал былтыр Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс істеді деп айыптаған.

Басты беттегі сурет Азаттық Радиосының Телеграм арнасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz