Қазақстанда адам құқықтарын бұзған кінәлілер жазадан құтылып кетеді деген әсер қалыптасады. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бас ассамблеясына арналған адам құқықтары жөніндегі кеңестің баяндамасы осылай дейді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Арнайы комиссияның есебінде Конституциялық соттың 2022 жылы қайта қалпына келтірілгені және 2020 жылы Қазақстанда әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылданғаны айтылады. Алайда құқығы бұзылған құрбандар тиімді, жедел, жан-жақты әрі бейтарап тергеу жүргізе алмайды. Көп жағдайда күдіктілер жазадан құтылып кетеді, бұл жазасыздық сезімінің күшеюіне әкеледі. Қазақстанға заңнамаға өзгеріс енгізіп, толықтыруды, құқығы бұзылған жандар үшін құқықтық қорғау және өтемақы алу құралдарын қамтамасыз ету ұсынылады», – делінген баяндамада.
Бұдан бөлек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) Қазақстанға тәуелсіз, бейтарап және құзыретті прокуратура құруды, адам құқықтары жөніндегі уәкіл басшылығын тағайындауды ашық жүргізуді ұсынды.
Адам құқықтарын көтермелеу және қорғау саласында Қазақстанға мына бағыттар бойынша халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыру керегі де айтылды:
- теңдік және кемсітпеу;
- өмірге, бостандыққа және жеке басына қол сұғылмаушылыққа, сондай-ақ азаптаудан азат болуға құқық;
- адам құқықтары және терроризмге қарсы күрес;
- құқық қорғау жүйесі, соның ішінде жазасыздық пен құқықтың үстемдігі;
- негізгі еркіндіктер мен қоғамдық және саяси өмірге қатысу құқығы;
- жеке өмірдің құпиялылығына құқық;
- неке мен отбасылық өмірге құқық;
- құлдықтың барлық түріне, оның ішінде адам саудасына тыйым салу;
- еңбек ету және әділ әрі қолайлы еңбек жағдайларына құқық;
- әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы;
- лайықты өмір деңгейіне құқық;
- денсаулық сақтау құқығы;
- білім алу құқығы;
- даму, қоршаған орта, кәсіпкерлік қызмет және адам құқықтары.