Белгісіз біреулер оператордың екі көлігін жарып жіберген

Белгісіз біреулер журналист Вадим Борейконың операторының екі көлігін жарып жіберген. Бұл туралы журналист өзінің Telegram парақшасында хабарлады.

Борейко желіге өртенген көліктің видеосын жариялады.

20 ақпанда түнде операторымның үйінің маңында оның екі көлігін жарып кетті.

Вадим Борейко, журналист

19 қаңтарда журналист Вадим Борейкоға шабуыл жасалмақ болғанын хабарлағанымызды айта кетейік. Түнгі үште белгісіз біреулер оның пәтерінің есігінің сыртына құрылыс желімін жағып кеткен. Борейко мұны қызметіне байланысты “қасақана жасалған қастандық” деп санайды.

Контекст

Кейінгі кезде медиа қызметкерлеріне жиі шабуыл жасалып жатыр. 14 қаңтарда Алматыда белгісіз біреулер журналист Динара Егеубаеваның көлігіне от қойған. Ал 18 қаңтарда журналист Вадим Борейко Ulys Media сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға кибершабуыл жасалғанын хабарлады. Оның сөзінше, қылмыскерлер Ибраеваның сайтын бұзып, онда журналистің және оның отбасының жеке деректерін, фотосын жариялап жіберген. Ал 8 ақпанда әлдекім Самал Ибраеваға малдың еті мен балаларының суретін қорапқа салып жіберген.

Factcheck.kz