Желтоқсан айының басында Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева 12 жасқа толмаған балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салуды ұсынды. Бұл мәлімдеме үйде қараусыз қалған балалардың қайғылы жағдайына байланысты жасалды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде ресми деректерге сәйкес, 223 бала терезеден құлап, олардың 12-сі қаза тауып, 19 бала өрт кезінде көз жұмған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде жыл сайын балалар арасында 200 мыңға дейін қайғылы оқиғалар тіркеледі. Олардың 70%-і үй жағдайында, ал балалар өлімінің 20%-і өмірге қауіпті жарақаттардың салдарынан болады.
Балаларды қараусыз қалдырғаны үшін жауапкершілік енгізудің көмегі бола ма және тағы қандай шараларды қолдануға болады — осы мақалада қарастырамыз.
Отбасы мәселелері
Қазақстандағы ЮНИСЕФ 2019 жылы балалардың кездейсоқ жарақаттарына қатысты зерттеу жүргізіп, ата-аналардың 84%-і балаларын тұрақты бақылауда ұстауда қиындықтарға тап болатынын анықтады. Орта есеппен бір жасқа дейінгі балалар 10 минут, ал 3-4 жастағы балалар 41 минут бойы қараусыз қалады. Көптеген отбасының қауіпсіздікке арналған құралдарды сатып алуға мүмкіндігі жоқ: тек 15,7%-і түтін детекторларын орнатқан. Терезеге шектегіштер орнату міндетті талап емес, бұл ата-аналардың жауапкершілігінде.
БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясына сәйкес, мемлекет ата-аналарға балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға көмек көрсетуі тиіс. Дегенмен, Қазақстанда бұл бағытта, әсіресе жалғыз басты ата-аналарға қатысты, нақты шешімдер жоқ. Статистика бойынша, некелердің 30%-тен астамы ажырасумен аяқталады және көптеген ата-ана қаржылық қиындықтарға тап болады. Алимент бойынша қарыздар деңгейі өте жоғары. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, жеке сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіру бойынша 273 417 құжат болған.
Нәтижесінде, ата-аналар жұмысқа байланысты балаларын қараусыз қалдыруға мәжбүр.
«Танысым ұлы екеуі жалғыз тұрады, ата-анасы жоқ, өзі зауытта ауысыммен жұмыс істейді. Бұл бала 7 жасынан бастап өзі ұйықтап, тамағын жылытып, мектепке баруға дайындалып үйренген. Анасы басқа амал болмағанын, бәрін балаға үйретуге тура келгенін айтады. Ол ерте жасынан жауапкершілікті өзіне алып, есейіп кетті», — деп әңгімелейді балалар қауіпсіздігі бойынша тренер Ольга Костенко.
Заңнамадағы мәселелер
Қазақстанда балаларды қараусыз қалдырғаны үшін жауапкершілікті енгізу мәселесі 2019 жылдан бері талқыланып келеді. «Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы» Заңына сәйкес, ата-аналар балаларын күтіп-бағуға міндетті (24-бап), ал бұл міндеттерді тиісінше орындамау үшін қатаң шаралар, соның ішінде ата-ана құқықтарынан айыру (50-бап) қарастырылған.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 119-бабында өзіне қамқор бола алмайтын, мысалы, кішкентай балаларды қауіпті жағдайда қараусыз қалдырғаны үшін жаза көзделген.
Алайда, балаларға күтім жасау бойынша нақты ережелер жоқ. Заңнама ата-аналардың міндеттерін нақты көрсетпейді. «Неке және отбасы туралы» Кодекс олардың міндеттерін тек жалпы түрде сипаттайды. Соның салдарынан әркім заңды өз қалауынша қолданады.
Балалар құқығы саласындағы PhD докторы Әйгерім Мұсабалинова қолданыстағы заңдардың тиімсіз екенін айтады — олар трагедиялардың алдын алуға емес, тек олардың салдарын шешуге бағытталған, кейде бұл да жүзеге асырылмайды.
Мысалы, Балқаштағы қайғылы жағдайлардың бірінде бала даладағы дәретхана шұңқырына құлап, қайтыс болған, бірақ қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты қозғалған жоқ.
Қазіргі уақытта Қазақстанда балалар құқығын қорғау бойынша заңнаманы жетілдіру үшін Балалар құқығына әсерді бағалау тәжірибесі қолданылмайды. Мұндай бағалау ұсынылған заң жобаларының және қолданыстағы заңдардың балаларға ықтимал әсерін анықтауға мүмкіндік берер еді, сондай-ақ балалар құқығын қорғау мен ілгерілетуді жақсарту үшін қандай өзгерістер қажет екенін көрсетуге көмектесер еді.
Не істеу керек
Жүргізілген талдаудан көрініп тұрғандай, Қазақстан заңнамасы әзірге жауапкершілік шараларынан басқа баламалы шешімдерді ұсынбайды. Бірақ қабылданатын шаралар кешенді әрі мұқият ойластырылған болуға тиіс. Тек тыйымдар мен айыппұлдар әсіресе аз қамтылған отбасылар үшін мәселені шеше алмайды, өйткені мұндай жағдайда балалар екі рет жазаланады.
ЮНИСЕФ Қазақстандағы өз ұсыныстарында алдын алу шараларына басымдық беруді, оның ішінде балалар жарақаттануының алдын алу туралы хабардарлықты арттыруды ұсынады. Сонымен қатар ұйым қауіпсіздік ережелерін бұзудан түскен табыстарды мұқтаж отбасыларды қауіпсіздік құралдарымен (түтін датчиктері, өрт сөндіргіштер, терезе құлыптары және т.б.) қамтамасыз етуге пайдалану және тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тексеру жұмыстарын жүргізуді ұсынады.
Бұл бағыттағы жұмыстар белгілі бір дәрежеде басталып кетті. 2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда балалардың өмір сүру жағдайын бақылау үшін отбасылық цифрлық карта енгізіле бастады. Келесі жылы отбасылардың әл-ауқатын анықтау әдістемесі қабылданды. Бұл туралы толығырақ Factcheck.kz мына материалынан оқи аласыз.
Жалпы алғанда, баланы қорғау және отбасына қолдау көрсету жүйелері дұрыс жұмыс істеуі керек және салдармен емес, себептермен күресуі қажет. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетіліп, ал балаларға немқұрайлы қарау жағдайларында көршілер, туыстар немесе басқа мүдделі тұлғалар бұл туралы хабарлап отыруға тиіс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар жарақатының қауіпті факторлары туралы, әсіресе көлік, судағы қауіп-қатерлер, өрт қаупі, балаларды қараусыз қалдыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу мәселелері бойынша хабардарлықты арттыруды, сондай-ақ балалар жарақатын болдырмауға бағытталған арнайы бағдарламаларды қолдауды ұсынады.
Өзгерістерді енгізбес бұрын, балалар құқығына әсерін бағалау жүргізу және ата-аналарға балаларға қамқорлық көрсету мен күтім жасау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар қабылдау маңызды.
Басқа елдердегі шектеулер
АҚШ-та көптеген штатта баланы қараусыз қалдыруға болатын нақты жас мөлшері белгіленбеген. Жауапкершілікті анықтау кезінде бірнеше фактор ескеріледі: баланың эмоциялық дайындығы, қараусыз қалған уақыты, ата-анамен байланысу мүмкіндігі, қауіпті жағдайда өзін қалай ұстау керектігі туралы нұсқаулықтың берілуі және тағы басқа.
Сонымен қатар штат билігі мен денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер департаменті ата-аналарға саналы шешім қабылдауға көмектесетін бірқатар нұсқаулық әзірлеген.
- 7 жасқа дейін баланы үйде (сондай-ақ көлікте, ойын алаңында және т.б.) ешқандай жағдайда қараусыз қалдыруға болмайды. Бұл — осал жас және оларды қараусыз қалдыру қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді.
- 8-10 жас күндізгі немесе таңертеңгі уақытта, 1,5 сағаттан аспайтын мерзімде қараусыз қалдыруға рұқсат етіледі.
- 11-12 жас күндізгі уақытта 3 сағатқа дейін қараусыз қалдыруға болады (бірақ түнгі уақытта емес).
- 13-15 жас қараусыз қалуға рұқсат етіледі, бірақ түнгі уақытта емес.
- 16-17 жас екі күнге дейін қараусыз қалуға рұқсат беріледі.
Англияда балаларды қараусыз қалдыруға қатысты нақты жас мөлшері қарастырылмаған. Балалар мен жасөспірімдер туралы заңға (Children and Young Persons Act) сәйкес, бала қараусыз қалып, оған зиян ттисе немесе жарақат алса, ата-аналарға қылмыстық жауапкершілік жүктелуі мүмкін.
Сонымен қатар Ұлыбританияның балаларға қатыгездік көрсетудің алдын алу жөніндегі ұлттық қызметі (NSPCC) 12 жасқа толмаған балаларды ұзақ уақытқа қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, 16 жасқа толмаған балаларды түнде үйде жалғыз қалдыруға болмайтынын айтады.
Германияда ата-аналар баланы қараусыз қалдыруды қамтитын немқұрайлылық әрекеттері үшін 6 айдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаза тағайындау кезінде баланың денсаулығына төнген қауіп пен келтірілген зиян ескеріледі.