БҰҰ-ның Иракқа қарсы санкциясынан 500 мың бала қайтыс болды ма?

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) 1990 жылы Иракқа қарсы енгізген санкция салдарынан 500 000-нан астам ирактық бала қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.

“Проверено” басылымы фактчекерлері статистиканы тексеріп көрді.

Қайтыс болған жарты миллион ирактық балаға” қатысты ақпарат көбінесе санкцияны қолдаған әрі қатайтуды ұсынған АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайттың есімімен бірге кездеседі.

Мадлен Олбрайт 1997-2001 жыл аралығында АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметін атқарды. 1996 жылы “60 минут” бағдарламасына берген сұхбатында жүргізуші Лесли Шталь Олбрайттан “Жарты миллион баланың қайтыс болғанын естідік. Бұл Хиросимода қаза тапқандардан көп. Сіздіңше, бұл осыған тұрарлық па?”,- деп Иракқа қарсы енгізілген санкция салдары туралы сұрайды. Оған Олбрайт: “Меніңше, бұл — өте қиын таңдау. Алайда біздіңше, осы іс өзін-өзі ақтап тұр”,- деп жауап береді.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілінің бұл мәлімдемесін бірқатар медиа мен әлеуметтік желі жариялады (мұнда, мұнда, мұнда, мұнда және мұнда).

Дегенмен Олбрайт кейін бұл сөзі үшін өкінетінін мәлімдеді.

Фактчекерлер қоғамның жүргізушінің сұрағындағы “500 000 баланың өліміне” қатысты статистиканың қаншалық шынайы екеніне аса мән бермегенін айтады.

БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі Иракқа қарсы санкцияларды 1990 жылы 6 тамызда, Ирактың Кувейтке басып кіруінен төрт күн өткен соң енгізді. БҰҰ-ның санкциясы Иракпен сауда-экономикалық қатынасының кез-келген түріне тыйым салды. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізуге рұқсат етілді, бірақ оны мұқият тексеріп отырды. Хлордың улағыш зат ретінде қолданылуы мүмкін екенін ескеріп, оны импорттауға тыйым салды. Осыған байланысты елде хлор жетіспей, ауыз суы тапшы болды. Оған қоса бес жасқа дейінгі балалар арасында дизентерия ауруы өршіді. Балабақшаларда дәрі-дәрмек, антисептик және вакцинаның болмауы қызылша, желшешек, паротит сияқты аурулардың тарауына себеп болды.

Осы жағдайдан кейін балалардың өліміне қатысты тақырып қызу талқыға түсті. 1995 жылы Lancet медицина журналы Food and Agriculture Organization (FAO, Аштықпен күресетін БҰҰ ұйымы) зерттеуін жариялады. Авторлардың айтуынша, БҰҰ-ның Иракқа қарсы экономикалық санкциялары кесірінен шамамен 576 000 ирактық бала қайтыс болды: дәрігер Мэри Смит Фавзи Бағдадтың 25 ауданындағы 10 жасқа дейінгі 2 120 баланы тексерген. Оның бақылауына сәйкес, сәбилердің өлімі екі есе, ал бес жасқа дейінгі балалардың өлімі, 1991 жылы Фавзидің өзі жинаған деректерімен салыстырғанда, бес есе көбейген.

1999 жылы ЮНИСЕФ зерттеу жүргізіп, осыған ұқсас мәліметтер жариялады: БҰҰ-ның Иракқа қарсы санкциялары салдарынан 500 000-нан астам бала қайтыс болды-мыс.

Алайда 2017 жылы Лондон экономика мектебінің зерттеушілері ЮНИСЕФ-тің зерттеуін “жалған” және “шебер алаяқтық” деп сипаттады. Олардың пікірінше, ЮНИСЕФ есебінде елеулі кемшіліктер бар. Мысалы, 1988-1992 жыл аралығы, санкцияның алғашқы жылдары бала өлімінің көптігі ішінара Ирак үкіметінің елдің солтүстігіндегі күрдтерге қарсы жүргізген қуғын-сүргініне байланысты. Сонымен қатар ЮНИСЕФ-тің тұжырымдары Ирак үкіметі ұсынған мәліметтерге негізделген. Ал бұл деректердің дұрыс екені тәуелсіз жолмен расталмаған.

2017 жылғы баяндаманың авторлары БҰҰ-ның тағы үш тәуелсіз зерттеуінің дерегін келтірді. Онда санкцияға дейінгі және кейінгі уақыттағы балалар өлімі деңгейінен айтарлықтай айырмашылық таппады.

ЮНИСЕФ сынға жауап берді. Олар пресс-релизінде 1990 жылғы зерттеуінде Иракқа қарсы санкция салдарынан нақты қанша бала қайтыс болғанын анықтауға тырыспағанын айтқан. Оның орнына олар “1980 жылдары Ирактағы балалар өлімі саны төмендеуі 1990 жылдарға дейін жалғаса берсе — басқаша айтқанда, екі соғыс болмаса, санкциялар енгізілмесе және әлеуметтік қызметтерге инвестициялар жалғаса берген жағдайда балалары өлімі саны 500 000-ға аз болуы мүмкін” екенін жеткізігі келген.

Колумбия университетінің профессоры Ричард Гарфилдтің зерттеуінде 1990 жылдың тамызынан 1998 жылғы наурызға дейін Иракта бес жасқа дейінгі балалар өлім саны 106 000-ға жеткенін жазған. Ол мұның төрттен бірі Парсы шығанағы соғысының салдарымен байланысты деп есептейді.

Осылайша, кейінгі тәуелсіз зерттеулер көрсеткендей, ЮНИСЕФ-тің жарты миллион Ирак балалары туралы деректері шындыққа жанаспайды.

Factcheck.kz