Telegram Беларусь туын ақ-қызыл-аққа ауыстырды

Euronews’тің хабарлауынша Telegram Беларусь туын ақ-қызыл-аққа ауыстырды. Эмодзилар тізімінде Беларусьтің ресми қызыл-жасыл туы әлі бар. Бірақ оны еш мәтінсіз жіберген кезде оның орнына наразылық қозғалысының символына айналған ту көрсетіледі.

Жаңа эмодзи әдеттегіден үлкен және анимация түрінде көрсетілген. Сондай-ақ, хабарламаны жіберген кезде “Жыве Беларусь” деген жазуы бар жапсырма көрсетіледі. Ал егер тумен бірге мәтін хабарлама жіберілсе, онда бәрі өзгеріссіз қалады.

Екі апта бұрын мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров көптеген белорустар биліктің республика аумағында интернетті бұғаттауына қарамастан қосымшаны қолдана алуы үшін “цензураға қарсы құралдарды” іске қосқанын хабарлады.

Ақ-қызыл-ақ түстегі ту Александр Лукашенко билікке келместен бұрын Беларусьтің ресми символы болды. Алайда, 1995 жылы Лукашенко референдум өткізіп, нәтижелері бойынша Беларусь Кеңестік Социалистік Республикасының туына ұқсас ту елдің рәмізіне айналды.

Factcheck.kz