Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

Қазақстан Премьер-лигасының футбол клубтарын жергілікті бюджет қаржыландыратыны жасырын емес. Қаржы клуб бюджетіне тікелей аударылады немесе мемлекеттік сатып алу арқылы түседі. Соңғысы бойынша әкімдіктер командаларды Қазақстан Премьер-лигасы матчтарына дайындау қызметтерін сатып алады. Қызмет түрлеріне жаттығулар, персоналдарға қызмет көрсету, жаттығу алаңдарын жалға алу, матч ұйымдастыру мен медицина қызметтері кіреді.

УЕФА-ның (Еуропа футбол қауымдастығы) ресми мәліметі бойынша Қазақстанның кәсіби футбол клубтарының 75%-ы (УЕФА лицензиясы бар) мемлекеттік ұйым деп есептеледі.

Қазақстанның футбол клубтарына жергілікті бюджеттен мемлекеттік сатып алу әдісі арқылы қанша қаражат бөлінетінін қарайық.

Дисклеймер: Мақалада келтірілген сома – клубтардың жалпы бюджеті емес, бюджеттің мемлекеттік сатып алу арқылы түскен бөлігі ғана.

2019 жылы қанша қаражат қандай мақсатқа бөлінді?

«Тобыл» (Қостанай) 3,1 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

2019 жылдың қаңтарында әкімдік пен «Тобыл» (Қостанай) 3 000 000 000 теңгеге мынадай қызмет түрлерін көрсету жөнінде келісімшартқа отырды:

  • жылына 1 рет негізгі құрамның жаттығу процесін ұйымдастыру мен өткізу;
  • жылына 1 рет негізгі құрамның толық медициналық тексерілуін ұйымдастыру мен өткізу;
  • жылына 4 рет негізгі құрамның оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру мен оларға құрамды қатыстыру;
  • негізгі құрамның ҚР чемпионаты мен 2019 жылғы маусымның Премьер-лига командалары арасындағы ҚР кубогындағы 33 ойынын ұйымдастыру мен өткізу;
  • жастар құрамының медициналық тексеруден өтуі мен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру;
  • футбол орталықтары мен академиялар командалары арасындағы ҚР біріншілігіне қатысуды ұйымдастыру – 7 турнир;
  • жаттығатын спортшыларының саны көрсетілген футбол орталығының қызметін ұйымдастыру – 350 спортшы;
  • футбол орталығы жаттығушысының медициналық тексерілуін ұйымдастыру мен өткізу – жылына 1 рет.

Осы жылдың шілдесінде «Тобылмен» арада 183 400 000 теңгеге төмендегі қызмет түрлері бойынша тағы бір келісімшарт жасалған:

  • аптасына 5 рет негізгі құрамның жаттығу процесін ұйымдастыру мен өткізу;
  • жылына 1 рет негізгі құрамның толық медициналық тексерілуін ұйымдастыру мен өткізу;
  • жылына 4 рет негізгі құрамның оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру;
  • негізгі құрамның 2019 жылғы ҚР кубогындағы 3 ойынын ұйымдастыру мен өткізу.

Dfo.kz мәліметінше, 2018 жылы клуб бюджетіне барлығы 3,9 млрд теңге түскен.

«Астана» (Нұр-Сұлтан) – 1,7 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

«Астана» футбол клубын «Самұрық-Қазына» қоры мен Нұр-Сұлтан бюджеті қаржыландырады. «Самұрық-Қазына» қорынан қанша қаржы бөлінетіні туралы ресми мәлімет ашық дерек қатарында емес, сол себепті біз ашық дереккөздерден Нұр-Сұлтан бюджеті туралы кей мәліметті келтіреміз.

Нұр-Сұлтанның футболдан құрама командаларын республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау мен қатыстыру қызметін көрсету туралы 1 785 714 285 теңгенің келісімшарты. (Команданың келісімшартында көрсетілетін қызмет егжей-тегжейлі сипатталмаған.)

«Астана» футбол клубы Президенттің «Астана» спорт клубының құрамына кіреді. Жылдың басында Үкіметтің «Ашық үкімет» порталында жарияланған қаулысының қосымшасында «Самұрық-Қазына» қорынан «Астана» спорт клубын қаржыландыру жолымен 35 млрд теңге бөлу, ал басқа федерацияларды Мәдениет және спорт министрлігі арқылы қаржыландыру ұсынылған.

«Астана» футбол клубының басшысы Михаил Гурман Sports.kz-ке берген түсініктемесінде (27.07.2019) былай дейді:

«Биыл бізде 9 млрд теңге бар, бұл – 26 млн доллар. Шын мәнінде аса көп емес бюджет, бірақ осы бюджетпен біз бәрібір жақсы нәтиже көрсеткіміз келеді».

Михаил Гурман

«Қайрат» (Алматы) – 892 млн теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

Алматының кәсіби футбол командаларын ұйымдастыру, олардың футболдан ҚР чемпионаты мен кубогына және басқаларға қатысуын қамтамасыз ету қызметі жөніндегі 892 857 143 теңгенің келісімшарты.

«Ордабасы» (Шымкент) – 5 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

5 043 839 000 теңгенің келісімшарты ҚР чемпионатына, ҚР кубогын ойнату мен Еуропа лигасы турнирлеріне қатысуды ұйымдастыру, сонымен бірге балалар мен жасөспірімдер және жастар футболын дамыту қызметі туралы.

Dfo.kz мәліметінше, 2018 жылы клуб бюджетіне түскен барлық қаражат – 4 млрд теңге.

«Қайсар» (Қызылорда) – 4 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

4 000 000 000 теңгенің келісімшарты. Облыстық футбол командасы мүшелерінің Премьер-лига чемпионатына, Бірінші лига командалары арасындағы біріншілікке және 2019 жылғы футболдан ҚР кубогына дайындығы мен қатысуын ұйымдастыру қызметі.

Dfo.kz мәліметінше, 2018 жылы клуб бюджетіне түскен барлық қаражат – 3 млрд теңге.

«Оқжетпес» (Көкшетау) – 1,9 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

1 975 000 000 теңгеге жасалған келісімшарт. «Оқжетпес» командасының футболдан Премьер-лига клубтары арасындағы ҚР чемпионатына дайындығы мен қатысуы бойынша қызмет.

«Тараз» (Тараз) – 1,2 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

1 252 485 714 және 6 992 857 теңгенің келісімшарттары. Футболдан облыстың құрама командалары мүшелерін республикалық және халықаралық спорт жарыстарына дайындау мен қатыстыру, олардың оқу-жаттығу жиындарына орташа есеппен 4 рет және футболдан республикалық, халықаралық спорт жарыстарына орташа есеппен 322 рет қатысуын қамтамасыз ету қызметі.

«Атырау» (Атырау) – 1,9 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

Құрама команданы Атырау облысы атынан 2019 жылы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау мен қатыстыру туралы 1 922 700 000 теңгенің келісімшарты. Сонымен бірге футбол орталықтары мен академияларының балалар мен жасөспірімдер және жастар командалары арасындағы біріншіліктерге дайындау мен қатыстыру қызметі.

«Ертіс» (Павлодар) – 1,2 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

1 236 547 000 теңгенің келісімшарты. Павлодар облысын Премьер-лига клубтары арасындағы футболдан ҚР чемпионатына қатыстыру арқылы 2019 жылы Павлодар облысында түрлі жастағы топтар арасында футболды дамыту қызметі.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – 2,4 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

1 300 000 000 + 700 000 000 + 450 000 000 теңгенің келісімшарттары. «Ақтөбе» футбол клубының негізгі командасын, «Ақтөбе – Жас» бірінші лигасын, Актобе U21 жастар командасын және минифутбол командасын дайындау, футбол орталығы қызметі мен 2019 жылы оның ҚР біріншіліктеріне және барлық команданың футболдан халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қызметі.

Dfo.kz мәліметінше, 2018 жылы клуб бюджетіне түскен барлық қаражат – 2,1 млрд теңге.

«Шахтер» (Қарағанды) – 2 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

2 000 000 000 теңгенің келісімшарты. Бекітілген спорт күнтізбесі мен ҚР чемпионаттары, біріншіліктері және кубоктары жарыстарын өткізудің бекітілген форматы бойынша команда мен персоналды 2019 жылы Қарағанды облысы атынан футболдан өтетін республикалық жарыстарға дайындау, қатыстыру мен қамтамасыз ету.

Dfo.kz мәліметінше, 2018 жылы клуб бюджетіне түскен барлық қаражат – 1,9 млрд теңге.

«Жетісу» (Талдықорған) – 3,3 млрд теңге

Мемлекеттік сатып алу хабаршысы: Қазақстан футболы ақшаны қайдан алады?

3 340 531 000 + 10 091 000 + 19 811 000 теңгенің келісімшарттары. Алматы облысы командасы мен оның жасөспірімдер командаларының ҚР чемпионаттары мен біріншіліктерінде сәтті өнер көрсетуіне жағдай жасау, командаларды жергілікті спорт мектептері мен кәсіби клубтар резерві есебінен білікті футболшылармен толықтыру, клубтың жас футболшыларының шеберлігін шыңдап, «Жетісу» кәсіби футбол клубына беру, ҚР жасөспірімдер мен жастар құрамаларына кандидаттарды дайындау.

2019 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының жалпы сомасы – 29,1 млрд теңге.

Контекст

УЕФА-ның клубтарды лицензиялау жөніндегі салыстырмалы есебінің мәліметінше, 2017 қаржы жылы Еуропаның 12 лигасына мемлекеттік мекемелер тартылған.

Еуропаның барлығы 12 топ-дивизионында мемлекет меншігіндегі клубтар бар. Меншіктің мұндай формасы Қазақстанда (9 клуб), Беларусьте (8 клуб) және Ресейде (6 клуб) көп. Мемлекеттік деп есептелетін ұйымдарға муниципал органдар немесе мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын мекемелер жатады.

Лигалардың табыс көзіне қарай жіктелуі

УЕФА есебінде ағылшын футболында табыстың көп бөлігі телетрансляциялардан, Ресей мен Австрияда демеушілер мен коммерция қызметінен, Қазақстанда басқа көздерден (әдетте субсидиялар мен қаржылай қолдаулар) түсетіні айтылған. (5-бөлім, 68-бет).

Грекияда, Израильде, Қазақстанда, Ресейде, Түркияда және Украинада жалақы шығысы табыстың 70%-ынан асады

Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының бюджеті туралы соңғы мәлімет еш жерде ашық жарияланбағандықтан біз клубтардың жалақы қоры олардың бюджетінің қандай үлесін алып тұрғанын білмейміз. Есесіне ондай ақпаратты УЕФА-ның есебінен табуға болады.

Топ-20 лига арасында жалақының табысқа ең төменгі қатынасы бұрынғысынша неміс клуб футболында (53% деңгейінде). Қарама-қайшы жағдай Израильде, Қазақстанда, Түркияда және Ресейде – жалақы қоры орташа есеппен табыстың 70%-ынан 80%-ына дейін барады, Грекия мен Украина клубтары жалақыға табыстың 100%-ына дейін жұмсайды.

Басқа шығыс, айталық, көбіне белгіленген операциялық шығыстың әдетте табыстың 33%-ынан 40%-ына дейін баратынын ескерсек, трансферлер есебінен айтарлықтай пайдамен өтем жасалмаса, жалақының табысқа қатысы 70% деңгейден жоғары болуы шығынға ұшыратуы мүмкін. Сол себепті бұл көрсеткіш УЕФА-ның клубтарды лицензиялау және қаржылық «фейр-плей» жөніндегі регламентінде қауіп индикаторына жатқызылған.

Еуропадағы орын

УЕФА мәліметінше, 2019/20 маусымында Еуропада топ-7 футбол лигасын бөліп көрсетуге болады. Олар – Испания, Англия, Германия, Италия, Франция, Ресей және Португалия. Қазақстан бұл рейтингіде Еуропаның 55 елі арасында 25-орында.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz