Қазақстанда жігіттердің 16%-ы импотент екені рас па?

17 қарашада Total.kz порталы Мәжілісте өткен “Денсаулық сақтау жүйесі мен халық денсаулығы” Кодексінің жаңа редакциясын таныстыру барысындағы депутат Зағипа Балиеваның мәлімдемелері туралы жазды:

«Балаларымыздың жыныстық саулығы – бұл да біздің қамқорлығымыздың бір құралы. Мәліметтерге сенсек, бүгінде 25 жастағы жігіттердің 16%-ы импотент, ал жас қыздардың 30%-ы бала көтере алмай жүр»

Зағипа Балиева (орыс тілінен аударылды)
Қазақстанда жігіттердің 16%-ы импотент екені рас па?

Бедеуліктен зардап шеккен әйелдерге қатысты ресми статистиканы бұрын жаздық, ДДСҰ зерттеуі бойынша Қазақстанда бірінші бедеулік 2%-дан аспайды, ал екінші балаға бедеулік 16%-ға жетуі мүмкін, сол себепті бүгін жігіттерге қатысты мәлімдемені тексереміз.

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, мәлімдеме дәйексіз, өйткені эректильді дисфункцияның (ЭД) көріну дәрежесі әртүрлі болуы мүмкін. Екіншіден, қолда бар мәліметтер бір-біріне қарама-қайшы және нақты ештеңе айту мүмкін емес, үшіншіден, 25 жастағы қанша қазақстандықтың ЭД-дан зардап шегетінін анықтау мүмкін емес, мұндай үлкен көлемдегі зерттеулер жүргізілмеген.

Дегенмен, 2017 жылдың сәуір айында Тараз қаласында болған, танымал қазақстандық уролог, профессор Мырзакәрім Алшынбаев қатысқан баспасөз конференциясында қазақстандық ер азаматтардың 16%-ы эректильді дисфункциядан зардап шегетінін мәлімдеген болатын. Бірақ жастар туралы сөз болған жоқ. Ал ЭД белгілері 56,3% ер азаматтарда байқалған. 

2014 жылы жарияланған Б.У.Жарбосынов атындағы Ғылыми урология орталығының бағдарламасы бойынша жүргізілген еркектердің денсаулығы туралы зерттеу нәтижелері тіптен қызықты:

14 облыс және Алматы мен Астана қалаларында тұратын 25 000 еркекке скринингтік зерттеу жүргізгенде анықталғаны: эректильді дисфункция белгілері (әртүрлі дәрежеде көрінген) 56,3 % еркектерде байқалған

«Қазақстан республикасындағы ер азаматтардың денсаулығы» мақаласы, авторлары: М. Алшынбаев, А. Арынғазина, Т. Мұхамеджан

Сонымен қатар, 2013 жылы «Ерлер денсаулығы мектебінің» аясында 1068 еркек сауалнама тапсырып, тексеруден өтті, мақалада: «3-кестеден көріп тұрғанымыздай, ер азаматтардың көпшілігі (51,5%) либидо немесе сексуалды өмірінде ешқандай қиындықтар жоқ, ал 48,5% еркектердің сексуалды күйінде әртүрлі қиындықтары бар екенін атап өткен. Сонымен қатар, ақпараттың толық болуы үшін біз сауалнамаларды саралап, шағымдарды жас ерекшелігіне қарай топтарға орналастырдық. Нәтиже 4-кестеде көрсетілген».

Қазақстанда жігіттердің 16%-ы импотент екені рас па?
Қазақстанда жігіттердің 16%-ы импотент екені рас па?

Кестені құрастырушылар аздап шатасып, «да» мен «нет» орнын ауыстырып алған тәрізді (қызыл және жасыл түспен сызылған мәліметтерге назар салыңыз). Қалай болғанда да сауалнамаға қатысқан 33 жасқа дейінгілердің 20%-дан көбі либидо немесе сексуалды өмірге қатысты шағымдары бар екенін айтқан.

Одан бөлек, 12400 қазақстандық әйел сауалнама толтырған. «Әйелдерге жүргізген сауалнама арқылы 44,3% еркектерде ғана әйелдердің сексуалды өміріне әсер ететін эрекция мәселелері жоқ деген қорытынды жасай аламыз. Әйелдерге сауалнама жасау нәтижесінде 11,4% еркектерде эректильді дисфункцияның ауыр түрі анықталды, эректильді дисфункцияның орташа дәрежесі 21% еркектерде, ал 23,2% жағдайда ЭД жеңіл түрі анықталған», – делінген мақалада.

Осындай кешенді талдау жасаған күннің өзінде скрининг пен сауалнама 25 жасқа дейінгі қазақстандықтардың 16%-ы «импотент» екенін дәлелдей алмайды және де зерттеушілер біздің назарымызды эректильді функцияның әртүрлі екендігіне, яғни әртүрлі көріну дәрежесі болатынына аударған.

Контекст

  • «Қазақстан Республикасы тұрғындарының денсаулығы және 2018 жылғы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі» статистикалық жинағында , мәселен, 2018 жылы жыныстық жүйеге байланысты барлығы 1613856 жағдай тіркелген (еркектерде де, әйелдерде де). Яғни, жылдың соңында тұрғындар санының 18 395 600 адам екенін ескерсек, 8,8% тұрғындар ғана  жыныстық жүйе мәселелерімен көмекке жүгінген.
  • Әлемдік зерттеулерге келер болсақ, «The global prevalence of erectile dysfunction: a review» (Ревью: Әлемдегі эректильді дисфункцияның таралуы) еңбегінде ЭД-дан жасына байланысты 3 – 76.5% аралығында зардап шегетіні айтылған. Жоғарғы жас мөлшері мен ЭД-дан «қиналатындардың» пайызы да жоғары екені анық.
  • 2005 жылы Қытайдың ауылды аймағында тұратын 298 респондент қатысқан зерттеу, 20-29 жас аралығындағы 18,9% еркектерде ЭД бар екенін көрсеткен.
  • «Эректильная дисфункция у молодых мужчин – обзор факторов распространенности и риска» жұмысында ЭД-мен ауыратын 40 жасқа дейінгі еркектер саны артқаны және «Ірі халықаралық зерттеулер жас ер азаматтар арасындағы ЭД таралуы 30%-ға жететінін» көрсеткен.

ДДСҰ мәліметінше, «Эректильді дисфункция – жыл сайын шамамен 15% еркектер зардап шегетін кең таралған медициналық мәселе. ЭД таралуы әр елдің зерттеулерінде кеңінен тарқатылып айтылған. Бағалаулар бойынша, Құрама Штаттарда бұл көрсеткіш 20 жастан асқан 18,4% еркектерде, Канадада – 49,4%, ал Гонконгта – 63,6% болған.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz