COVID-19 АҚШ – Қытай қатынасына нүкте қоюы мүмкін

325 мыңға жуық адамның өмірін жалмап, әлем экономикасын Ұлы депрессия кезінен бергі ең жойқын құлдырауға ұшыратқан COVID-19 кесірінен болған дағдарыс ендігі кезекте геосаясатты да өзгертуде. Пандемия өткен соң әлемдік тәртіп қалай орнығарын дөп басып айту қиын, дегенмен  әлден түсінікті анық бір жайт бар: АҚШ пен Қытай арасындағы салқын қарым-қатынас қалпына келмейді, бұл екі ел бір-бірінен одан әрі алшақтай түсіп, өзара жауласу өршуі мүмкін.

Дағдарысқа дейін де АҚШ-Қытай арасы мәз емес еді. Ал коронавирус індеті екі ел арасындағы байланысты мүлдем тұйыққа тіреді. Қытай жергілікті билігінің жаңа коронавирус туралы ақпаратты әуел бастан жасырын ұстауы, сондай-ақ, аяқ астынан Қытайда жалпыұлттық карантиннің енгізілуі салдарынан туындаған жаһандық өндіріс желісіндегі қиындықтар көптеген америкалықтарға АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы қалыптастырған осалдықтың екі қайнар көзін ашып көрсетті. 

Біріншісі – Қытайдың репрессивті саяси жүйесі. Ұзақ уақыт бойы америкалықтар Қытаймен арадағы идологиялық кикілжің туралы хабардар еді, бірақ көбі мұны абстракция ретінде қабылдайтын. Синьцзяндағы мыңдаған ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарды күштеп ұстау, тибеттіктерге қысым көрсетіп, репрессиялау және саяси диссиденттерді қудалау туралы ақпараттар жан түршігерлік көрінгенімен, барлығы алыс мемлекетте орын алып жатты. Көпшілігі үшін аталған жайттар АҚШ жүйесінің үстемдігінің дәлелі ғана болды. 

Осы уақытқа дейін 58000 амеркалықтың өмірін қиып, экономиканың ішінара жабылуы мен жаппай жұмыссыздыққа себеп болған COVID-19 дерті абстракцияны шындыққа айналдырды. Өз елінде өз бетімен өмір сүріп жүрген қатардағы америкалықтар алғаш рет шалғайдағы мемлекеттің саяси репрессиясына бола экономикалық және физикалық тұрғыдағы күн көрісіне алаңдай бастады. 

Расымен де америкалықтардың басым бөлігі осы дағдарысқа себепші Қытайдың саяси репрессиясы деп санайды. Harris-тің жақында жүргізген сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың 70%-ы Қытай үкіметі эпидемия барысы мен нәтижесі туралы жалған ақпарат таратты десе, ал 75%-ы  вирустың таралуына Қытай билігі жауапты деп есептейді, 55-60%-ы Америкада коронавирустың таралуына АҚШ үкіметінен гөрі Қытай кінәлі екеніне кәміл сенеді. 

Екіншісі –мемлекеттердің өзара экономикалық тәуелділігі, әсіресе, АҚШ-тың Қытай өндірістік желісіне тікелей тәуелді болуы. Эпидемияға дейінгі уақытта АҚШ азаматтары аталған проблеманы сыртқы сауда балансының бұзылуы және жұмыс орындарының жойылу призмасы арқылы ғана бағалаған еді. Ал қазір америкалықтар Қытайдың әлем бойынша жеке қорғаныс құралдары мен фармацевтикалық қоспалар өндіруде маңызды рөлге ие болуын тез арада реттелуді талап ететін ұлттық қауіпсіздік жүйесінің осал тұсы ретінде қарастырады. 

COVID-19 дағдарысы америкалықтарға Қытай бірпартиялы жүйесімен байланысудың қаупі қандай болатынын нақтылап бергенмен, екі ел арасындағы аз уақыт ішінде қалыптасқан, ауқымы кең жауластық қарым-қатынастың орнығуы сөзсіз еді. АҚШ пен Қытай үкіметінің ішкі саяси жағдайды нығайту үшін дағдарысты  өз пайдасына қолдану туралы шешімі осындай жағдайға алып келді.

Биліктің Уханьдағы алғашқы әрекеті қате болды деген ақпарат тараған соң, Қытай Коммунистік партися (ҚКП) қатерді бақылауға алу режиміне көшті. Жаңадан ауру жұқтырып алғандардың саны азая бастаған шақта билік өз имиджін қайта қалпына келтіру мақсатында қатаң дипломатиялық шаралар қолданып, пропагандалық шабуыл  ұйымдастыра бастады. Қытай билігі қатты зардап шеккен Иран, Италия, Филиппин сияқты елдерге медициналық материалдар мен дәрігерлерді жіберді. Ұлтшылдықты өршітіп әрі Батыстың бірқатар демократиялық елдеріндегі пандемияға қарсы атқарып жатқан шараларын сынға ала отырып, Қытай өзінің батыл әрекетін мемлекет ішінде мадақтаумен болды. 

Батыс өз кезегінде Қытайға толыққанды жауап қайтара білді. АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус дағдарысына қарсы күресте нәтижесіз әдістерді көрсетіп жатыр: кінәлілерге іздеу салып, үнемі қарама-қайшылыққа толы пікір білдіріп, ашықтан-ашық жалған сөйлеп жүр. 

Трамптың сәтсіз шаралары және соған байланысты АҚШ экономикасының құлдырауы оның президенттікке қайта сайлану келешегіне қауіп төндіріп тұр. Сондықтан Республикалық партия барлық кінәні Қытайға артуға дайын. Тіпті америкалықтардың көпшілігін осы уәжбен көндіріп те қойғанға ұқсайды: Harris сауалнамасының деректеріне сәйкес, Америка халқының тең жартысы дерлік Трамптың жаңа коронавирусты «Қытай вирусы» ретінде қолдануын қолдайды екен. 

Идеологиялық жауластық, біраз уақыттан бері жалғасып келе жатқан сауда соғысы, геосаяси бақталастық пен ішкі саяси жылпостықтан құралған улы қойыртпақ қос тараптың шиеленіскен байланысын одан сайын қиындата түсері айқын. АҚШ Конгресі ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды саналатын Қытайда орналасқан тауар өндірісін қайтаруды талап ететін заң қабылдауы мүмкін. Трамп әкімішілігі болса жаңа санкциялар қабылдап, әсіресе, технология трансферіне қатаң тыйым салуы ықтимал. 

Америкалықтардың 71%-ы Қытайда орналастырылған өнеркәсіптік өндірісті кері қайтарғысы келеді. Бұдан келіп шығатын сұрақ – қоғамда қолдау тапқан жоғарыда аталған қатаң шаралар қаншалықты қатал болмақ. Саяси мүдде жоғары тұрған сәтте Трамптың сабырлық танытуы екіталай. АҚШ-Қытай байланысы қарашада өтетін президент сайлауында ең өзекті сыртқы саяси мәселе болады. Қазірдің өзінде Трамп Демократиялық партиядан сайлауға түсетін бұрынғы вице-президент, ықтимал қарсыласы Джо Байденді Қытаймен арадағы жанжалды шешуде «әлсіз» деп сынға алып жүр. Оған жауап ретінде Байден Трамптың әрекеті «одан да әлсіз» екенін айтып президентті айыптады

ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге келер болсақ, оның  «кері шегінуі» мүмкін емес жағдай. Сәуірдің басында өткен Саяси бюро Тұрақты комитетінің отырысында (ҚКП жоғары шешім қабылдаушы орган) Си Цзиньпин: ««Соңғы нәтижеге бағытталған ойлау жүйесін» қалыптастырып, салыстырмалы түрде ұзақ уақытқа созылатын сыртқы орта өзгерісіне интеллектуалды және материалдық дайындық жасауымыз керек»,-деп мәлімдеді. Қытай президентінің «соңғы нәтижеге бағытталған ойлау жүйесі» ретінде нақты нені меңзегені белгісіз. Бірақ бұл сөзіне қарап кері шегіну емес, керісінше АҚШ қысымына қарсы тойтарыс көрсетілетіндігін жорамалдауға болады. 

Әлем барлығына бірдей ортақ қауіппен бетпе-бет келген күрделі уақытта қос державаның арасындағы Қырғи қабақ соғыстың қажеті шамалы. Алайда ештеңеге қарамастан екі ел президентінің де  өз ойынан бас тартқысы жоқ. Пандемия жаһандық серіктестіктің жай ғана қозғаушы күші болып қана қоймай, АҚШ пен Қытай шиеленісін жойқын текетіреске алып келуі әбден мүмкін. 

COVID-19 АҚШ - Қытай қатынасына нүкте қоюы мүмкін

Минсин Пей

Клэрмонт МакКенна колледжінің профессоры,
АҚШ Маршалл неміс қорыныңбейрезидент Бас ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz