БҰҰ: Қазақстан билігі Ержан Елшібаевты түрмеге заңсыз қамады

БҰҰ-ның жұмыс тобы жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевты түрмеге қамаған Қазақстан билігіне қатысты “адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды” деген қорытынды жасады. Ұйым Қызылорда түрмесінде бес жылдық жазасын өтеп жатқан Елшібаевты дереу босатуды талап етті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Әлемдегі ар-ұждан тұтқындарын қорғаумен айналысатын америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ-ның жұмыс тобына Елшібаев ісі бойынша мәлімдеме жолдаған. БҰҰ-ның жұмыс тобы Елшібаев ісі бойынша 3-12 мамырда Женевада өткен заңсыз қамауларға қатысты жиында шешім қабылдаған. Алайда оның мәтіні мамырдың соңында жарияланды.

Freedom Now ұйымының мәлімдемесінде Елшібаевтың түрмеге қамалу жағдайына тоқталып, оны қамау белгілері бостандықтан айырудың алғашқы үш категориясына сәйкес келетіні жазылған. Ал Жұмыс тобының пікірінше, Елшібаевты қамау мен соттау бостандықтан айырудың бесінші категориясына да жатады. Бұл топқа түрлі дискриминацияға ұшырап, оның ішінде саяси және өзге көзқарасы үшін қамалғандар кіреді.

Ержан Елшібаевты заңсыз қамаған, себебі оны қамау Адам құқығы жөніндегі жалпы декларацияның 2, 3, 7, 9, 10, 19 және 21 баптарына қайшы және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 2 (1), 9, 14, 19, 25 және 26 баптарына қайшы. Бостандықтан айырудың I, II, III және V категорияларына кіреді” делінген Жұмыс тобының шешімінде.

Құжат Freedom Now сайтында жарияланды

Freedom Now ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Адам Ледматтың айтуынша, Елшібаев екі жылдан астам уақыттан бері жасанды айып бойынша қамауда заңсыз отыр.

Жұмыс тобының аталған шешімін жылы қабылдаймыз. Ержан Елшібаев екі жылдан астам уақыттан бері жасанды айып бойынша қамауда заңсыз отыр. Біз Ержан түрмеде қысым көріп, қатыгездікке ұшырады ма деп қатты алаңдаймыз. Оны ұзақ уақыт жалғыз адамдық камераға қамап, отбасынан жырақ алыстағы түрмеге жасырын ауыстырып жіберді ме деген күдігіміз де бар.

Адам Ледмат.

Контекст

  • 2019 жылы қазан айында Жаңаөзен соты Елшібаевты 5 жылға бас бостандығынан айырған. Сот оны “Денсаулыққа қасақана зақым келтіру” (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігі) бабы бойынша кінәлі деп тапқан. Кейінірек Ақтау соты Елшібаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
  • Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, істің саяси астары барын айтты. Құқық қорғаушылар оны “саяси тұтқын” деп атаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz