ШЫНДЫҚ | ҚСЗИ шығарған Расул Жұмалының кітабында авторлық құқық бұзушылық бар

Расул Жұмалының кітабының мұқабасы, kisi.kz сайтынан 2017 жылдың сәуір айында желіде «Қазақстандағы плагиат» деп аталатын ресурс пайда болды, онда жалғыз ғана саясаттанушы Расул Жұмалының «Арабский пасьянс» кітабына қатысты мақала бар (Жұмалы Р.Б. Арабский пасьянс. Хроники столетия. – Астана: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, 2016. – 508 б. ISBN 978-601-7476-23-6).

Аты-жөнін көрсетпеген автор Расул Жұмалының ҚСЗИ шығарған кітабында авторлық құқық бұзылған және «плагиат бар» деп есептейді. Автор бұл сөзіне бірқатар мысалдар келтіреді.

26 мамыр күні журналист Данияр Сәбитов өзінің Facebook парақшасында осы ақпараттың рас-өтірігін тексеруді біздің редакциямыздан өтінген екен. Оқырманның сұранысын аяқсыз қалдырмай, шын мәнінде солай ма, әлде олай емес пе, тексеруді жөн көрдік.

Үкім: Шындық

Кітапта шынымен де кей тұстары басқа авторлардың бұрын жарық көрген мәтіндерімен толықтай сәйкес келетін тұстар бар. Әрі авторлардың барлығы бірдей библиографияда көрсетілмеген, ал мәтінде келтірілген сөздер безендірудің академиялық нормасы бойынша да, авторлық емес мәтінді беру бойынша да белгіленбеген.

Енді тексеру жөнінде рет-ретімен баяндасақ.

Кіріспе деректер және тексеру принциптері

Жалпы, кітапта мағынасы жөнінен, лексикасы жағынан ұқсас, ал кейде дәл осы тақырыптағы басқа кітаптардағы сөздермен дәлме-дәл үйлесетін, алайда дәйексөз ретінде берілмеген мәтін өте көп кездеседі (мұны Р.Жұмалының өзі де жоққа шығармайды, мақаланың соңындағы скриншотты қараңыз). Кітапта дерек көздері өте көп болғанына қарамастан, дәйексөздер тиісті деңгейде безендірілмеген. Яғни, бірде-бір дерек көзіне сілтеме көрсетілмеген, тіпті, автор сөзі секілді берілген мәтін дереккөздегі мәтінмен бірдей тұстарында да.

Дегенмен, кітаптың соңында библиографиялық тізім беріліп, онда бірқатар дерек көздері көрсетілген. Қазақстан заңнамасында дәйексөз алынып отырған мәтінде дерек көзі көрсетілмей, «еркін әңгімелеу» авторлық құқықты бұзуға жататыны туралы жеке бап болмағандықтан, біз «Қазақстандағы плагиат» сайтындағы аты-жөні белгісіз автордың дәлел ретінде келтірген кейбір дәйексөздерін қарастыруды жөн деп санамадық.

Заңдық негіздемесі

Дәйексөз келтіру талабы заңнамада жазылған. Қазақстан Республикасы «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 19-бабы былай дейді:

Шығарманы автордың немесе басқа құқық иесінің келісімінсіз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану: Автордың немесе басқа құқық иесінің келісімінсіз және авторлық сыйақы төлемей пайдалануға рұқсат беріледі, алайда, міндетті түрде шығармасы пайдаланылып отырған автордың аты және оның алынған дерек көзі көрсетілуі тиіс.

«Қазақстандағы плагиат» сайтының Расул Жұмалының атына таққан айыбын тексермес бұрын авторлық құқық жөніндегі маман Темірлан Төлегеновтен Қазақстандағы «плагиат» сөзінің заң жүзіндегі мәртебесін анықтап, мәтінде басқа автордың мәтінінен оның авторлығын көрсетпей дәйексөз қолдануға қатысты құқықтық баға беруін өтінген едік.
Темірлан Төлегеновтің түсіндіруі бойынша, қазақстандық заңнамада «плагиат» түсінігіне нақты анықтама берілмеген. Алайда, авторлық құқық туралы заңға сәйкес, мүліктік және мүліктік емес құқықты бұзу түсінігі бар:

• Егер басқа біреудің мәтіні келтіріліп, автордың және құқық иесінің рұқсаты алынбаса, осының өзі бірқатар жағдайда авторлық құқықты бұзуға жатады. Тек кей жағдайларда ғана дәйексөзді авторға сыйақы төлемей және оның рұқсатын алмай пайдалануға болады, бірақ авторлығы міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
• Жаңалықтар шолуында дерек көзіне сілтеме жасай отырып, дәйексөзді рұқсатсыз пайдалануға болады.
• Ғылыми жұмыста да рұқсат алмай дәйексөзді пайдалануға болады, бірақ ол үшін дәйексөзді келтіретіндей нақты ғылыми мақсат болуы керек.
• Осы жағдайлардың кез келгенінде дереккөзді көрсету қажет.

Біз берілген деректерді тексеру кезінде осы принциптерге сүйендік.

Біз Расул Жұмалының кітабындағы библиографияда көрсетілмеген, ал «Арабский пасьянс» кітабында дереккөз көрсетілместен, авторлық мәтін ретінде берілген бірнеше мысал келтірмекпіз, себебі бұл авторлық құқықтың бұзылуы болуы мүмкін.

Тексеру нәтижесі

Араб пасьянсы және Бассам әл-Мурхидж

Расул Жұмалы кітабының 352-357-беттерінде 1997 жылы жарық көрген «Арабские страны Западной Азии и Северной Африки (новейшая история, экономика и политика)» (ISBN 5–89394–008–3. РҒА Шығыстану институты. Израиль мен Таяу Шығысты зерттеу институты) атты жинақтағы Бассам әл-Мурхидж мақаласының айтарлықтай бөлігін (268-278-беттер) азғантай түзетулермен және қысқартып келтіреді. Әл-Мурхидж келтірген деректер мен бағалау маркерінен мәліметтер келтіреді. Ал Расул Жұмалының кітабындағы әдебиеттер тізімінде әл-Мурхидж мақаласына сілтеме жоқ.

Мурхидж

Мәселен, Бассам әл-Мурхидж мақаласын оқиық:

«Саддам Хусейннің саясатын айыптауға асықпаған араб мемлекеттерінің лагері Суданның есебінен көбейді, ол, сондай-ақ, Ирактың Кувейттегі саясатына қатысты екіжүзді саясат жүргізді… егер арабтардың экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайы басқаша болса, яғни даму процесін қаржыландыру және ішкі саяси тұрақтылыққа қол жеткізу үшін қаражат таба алмай амалдап отырмаған болса, олардың агрессивті соғысқа қатысты саясатына түсіністікпен қарауға да болар ма еді»…

Расул Жұмалының кітабында:

«Саддам Хусейннің саясатын айыптауға асықпаған араб мемлекеттерінің лагері Суданның есебінен көбейді, ол екіжүзді саясат ұстанды… егер арабтардың тұрмыс жағдайы халқының әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін қанағаттандыру үшін қаражат іздеп, соған сай өз режимдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін амалдап жүрмегенде, олардың саясаты мейлінше шоғырланған болар ма еді…»

Тағы бір үзінді:

• Әл-Мурхиджде: «Йемен араб әлеміндегі Иракқа қатысты ұстанымын айқындауда өзіндік себептері бар жалғыз мемлекет емес еді. Оған шығанақтағы соғысқа қатысты көзқарастарының әртүрлі болуына орай күйреуге ұқсас жағдайды бастан кешкен Иордания да қосылды. // Парсы шығанағындағы дағдарыс кезінде Иорданияның бұл конфликтіге қатысты екі түрлі көзқарасы болды. Ресми билік тарапының ұстанымы болды және бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанымы болды.
• Р.Жұмалыда: «Қысқасы, Йемен араб әлеміндегі Иракқа қатысты ұстанымын айқындауда өзіндік себептері бар жалғыз мемлекет емес еді. Оған шығанақтағы соғысқа қатысты көзқарастарының әртүрлі болуына орай күйреуге ұқсас жағдайды бастан кешкен Иордания да қосылды. Дағдарыс кезінде Иорданияның бұл конфликтіге қатысты екі түрлі көзқарасы болды. Ресми билік тарапының ұстанымы және ықпалды БАҚ ұстанымы».

Бұл арада мазмұнның ұқсастығынан бөлек, екі мәтінде де қайталанатын стилі өзгеше «күйреуге ұқсас жағдай» деген сөз тіркесіне назарларыңызды аудартқымыз келеді.
Библиографияда сілтеме берілген бірқатар мәтіннің де жоғарыдағыдай тәсілмен келтірілгенін айта кеткен жөн. Алайда, бұл мәтінге сілтеме берілмеген.

Араб пасьянсы және Қаддафидің өмірбаяны

Өзгеріссөз көшірілген мәтін ретінде шығыстанушы А.З.Егориннің Муаммар Қаддафи туралы кітабынан алынған үзіндіні келтіруге болады («Муаммар Каддафи». Восток: исторические портреты. Москва: ИВ РАН, 2009, 464 с. ISBN 978-5-89282-393-7):

Расул Жұмалының кітабындағы 368-бетті оқиық: «Оның толық аты-жөні – Муаммар Бен Мұхаммед Әбу Меньяр Әбдел Салям Бен Хамид әл-Қаддафи. Бәдеуи және бәдеуидің баласы. Жас кезінен-ақ ерекше ұйымдастырушылық талантымен, ерік-жігерімен, көшбасшылыққа деген табанды талпынысымен танылған. Жасырын жастар ұйымын мектепте оқып жүргенінде құрған. Кейінірек, 1963–1965 жылдары, Бенгазидегі әскери колледждің курсанты ретінде үлкен үміт күттірген. Жас офицер ортасына сыйлы, тақуалығымен және жылы шырайымен бәрін баурап алатын болған. Қаддафидің айналасындағылардың ешқайсысы, ат төбеліндей топтан басқасы, оны режимнің жауы деп білген жоқ. Билікке қарсы шеру ұйымдастырып, сол себепті мектептен шығып кеткені үшін Себха полициясы қозғаған іс те назар аударарлық емес еді. Ал кешкілік Бенгази университетіндегі тарих дәрісіне қатысуын жәй ғана әуестік деп бағалады…»

Библиографияда Егориннің кітабына сілтеме жоқ. Мәтінде дерек көзі көрсетілмеген.

Араб пасьянсы және «Известия» газеті

Р.Жұмалы кітабының 383-384 беттеріндегі тұтастай үш азатжол «Известия» газетінің 2003 жылдың 21 желтоқсанындағы санында жарық көрген мәтінмен сөзбе-сөз сәйкес келеді (Авторлары: Евгений БАЙ, Владимир КОНЕВ, Вашингтон-Мәскеу). 383-беттегі «Триполи бұл шешімін жаңартқаннан кейін…» деген сөзден бастап, 384-бетте аяқталатын «…біз оның жаппай қырып-жоятын қару жасау жөніндегі жобасы туралы соншалық не білетін едік» дегенге дейін.

Кітапта «Известия» газетіне сілтеме жоқ. Библиографияда басылым да, келтірілген авторлар да көрсетілмеген.

Расул Жұмалының реакциясы

Расул Жұмалы «Қазақстандағы плагиат» сайтындағы мақалаға орай журналист Данияр Сәбитовтің парақшасындағы талқылауда өз ұстанымын білдіреді. 2017 жылғы 30 мамыр күнгі 12.00 кезіндегі комментарийдің скриншотын келтірсек:

ШЫНДЫҚ | ҚСЗИ шығарған Расул Жұмалының кітабында авторлық құқық бұзушылық бар

Біз Жұмалы мырзаның аноним сайт дәлелді дереккөз бола алмайды деген пікірімен келісеміз. Сондықтан, біз оқырманның өтініші бойынша өзімізше зерттеу жүргізіп, деректерді салыстырған едік.

Бұл арада Жұмалы мырзаның «мүлдем басқа мәтін» туралы айта отырып, библиографияда өзі сілтеме жасаған кітапты алға тартып отырғанын ескерткен жөн.

Расул Жұмалының кітабынан және кітап соңындағы сілтемеде көрсетілген шығыстанушы Александр Мануэльевич Родригес құрастырған оқу құралынан беттерді келтірсек:

Біздің қол жеткізген нәтижелерімізді салыстырғысы келетін және/немесе өз зерттеуін жүргізсем дейтіндер үшін ақпарат:

Қазіргі кезде кітаптың pdf-файлы ҚСЗИ сайтындағы парақшада жоқ. Алайда, ҚСЗИ сайтының мәліметтер базасында ол файл бар. Манипуляциядан қашу мақсатымен біз бұл файлды өз базамызға 2017 жылғы 30 мамырда сақтап қойғанымызды ескертеміз.
Растығы күмән тудырмайтын, талдау жасауға пайдаланылған файлдардың бәрінің сілтемесі мақала мәтінінде келтірілген.

Расул Жұмалыдан АПДЕЙТ:

Саясаттанушы Расул Жұмалы біздің материалымыздың Facebook парақшадағы талқылауына үн қатты, сол кездегі уәдемізге сай, оның комментарийін ешқандай өзгеріссіз немесе қысқартусыз жариялап отырмыз:

(Ескерту: Саясаттанушы айыптау орыс тілінде болғандықтан, орыс тілінде жауап берген).

«Плагиатор Расул Жұмалы. Арабский пасьянс» деген материалға көзім түсті. Сәлтемесі төменде. Ол материалда аты-жөні көрсетілмеген автор мені… «плагиат жасады» деп айыптайды. Жалған тезистерін дәлелдеу үшін кітаптағы үзінділерді басқа жұмыстармен салыстырады. Бұған байланысты не деуге болады?

Біріншіден, кітапта пайдаланылған әдебиеттер тізімі бар. Соның ішінде мақалада айтылатын С.Лавренов пен И.Поповтың жұмыстары да көрсетілген. Яғни, плагиат фактісі жоқ деген сөз, өйткені ол үшін дереккөздің көрсетілуі міндетті емес. Екіншіден, бұл еңбек ғылыми дәреже алу үшін жүргізілген ғылыми зерттеу емес. Бұл – саяси публицистика. Жанрдың ерекшелігіне сай, мұндай жұмыстарда әр беттің астына егжей-тегжейлі сілтеме келтіру талап етілмейді. Егер газеттегі немесе журналдағы әр мақаланың астында пайдаланылған дереккөздер тізіліп тұрса, ол көзге оғаш көрінер еді. Бұл автор өз қиялынан шабыт алатын көркем шығарма емес қой. Бұл – ғалымдар салыстыратын, түсіндіретін және қорытынды жасайтын нақты өмірлік жағдайлардың анализі. Алайда, жала авторының пікіріне сүйенсек, әр журналисті плагиаттық жасады деп айыптауға болады. Абсурд дейсіз бе? Жоқ, салмақты айыптау. Үшіншіден, «ұрланды» делінген үзінділерде (мысалы, mirznanii.com/a/333070/irak) аноним олардан алынбаған (ол жерде мүлдем басқа мәтін), менің жұмысымнан алынған мәтінді келтіреді. Бұл не, басқа адамға жазбаған дүниесін жазды дейтін плагиаттың ерекше түрі ме? Мақаладағы кейбір сілтемелер атымен жоқ, болған да емес (мысалы, middleeast.org.ua/research/kuveyt2.htm). Деректерді ашықтан-ашық бұрмалау және болмағанды болды деп көрсету ниеті байқалады.

Аты-жөні жоқ адамның менің жеке басыма осылайша қызығушылық танытуының сеебін аңдау қиын емес. Ол кітаптағы КСРО-ның, яғни қазіргі Ресейдің Араб әлеміндегі саясатын әшрекелеуге берілген қарымта жауап болуы мүмкін. Сақмақты дәйектер болмаған жерде буынсыз жерден пышақ ұрып, «өзің ақымақсың!» принципіне көшу мұндайда таң емес. Бұл өзі жібі түзу дүние жасай алмай, тасада тығылып отырып, басқаларды қаралауға құмар жандардың қызғанышы болуы да мүмкін. Жиіркенішті. Бірақ, «қара PR» да PR. Сондықтан, бұл үшін рахмет айтамын.

Айтпақшы, ең күлкілісі, осы сандырақты жариялаған сайт та – аноним! Одан да сорақысы, бұл өзі бір күндік сайт, онда мені қаралаған мақаладан басқа материал жоқ!
P.S. Тағы да қайталап айтамын – менің бұл жұмысым о бастан ғылыми дүние емес. Бұл – публицистика, ол үшін мен ешқандай ғылыми атаққа немесе басқа артықшылыққа қол жеткізген жоқпын, қаламақы да алмадым. Яғни, кітапқа академиялық нормаларды сақтау жөнінде талап қою (әр бетке сілтеме беру, нақты беттерін көрсету) орынсыз. Ол футбол матчын хоккейдің ережесімен жүргізгенмен тең, яғни футболшыларға доп емес, шайба беріп қойғандай. Мұндай көзқараспен қарайтын болсақ, тек отандық қана емес, шетелдік авторлардың да публицистикалық сарындағы кітаптарына күмәнмен қарауға болады. Ол мейлі Соловьев, Примаков, Сейпіл Мәлік, Медведев болсын, басқа да көптеген авторлар дәл мен сияқты әдіспен пайдаланылған әдебиеттер тізімін кітаптың соңында берген.

Аноним жазбаны бір мезгілде Zonakz және Factcheck сынды бірқатар салмақты интернет ресурстардың жариялауы да назар аудартпай қоймайды. Бәрі ақылдасып алғандай. Әрі аталған басылымдар материалды жариялаған бір күндік сайт екеніне, ал автордың аноним екеніне күмән да келтірмеген. Оның үстіне, олардың ешқайсысы қарсы тараптың пікірін білу үшін маған хабарласқан да жоқ, сол арқылы журналистік этика талабын бұзды. Міне, объективтілік. Адамды қаралау оңай екен!»

Редакциядан АПДЕЙТ:

Расул Жұмалыға пікірін білу үшін хабарласпаған себебіміз, тек қана мәлімдемелер мен деректерді тексерумен айналысатынымызды атап айтқымыз келеді. Егер бұл материалдың мақсаты Расул Жұмалының кітабындағы библиографияда көрсетілмеген немесе жазылмай қалған сөздерді анықтау болса, сөз жоқ, бұл сұрақты саясаттанушының өзіне қояр едік. Алайда, біздің бұл арадағы міндетіміз «Арабский пасьянс» кітабында дұрыс безендірілмеген (дұрысы, мүлдем безендірілмеген) дәйексөздерді тексеру ғана болды. Ал олардың пайда болуы туралы ештеңе айта алмаймыз, себебі, бұл Factcheck.kz сайтының қазіргі кездегі міндетіне кірмейді.

Журналист, редактор. Филолог-славист. Соавтор и составитель ряда работ по журналистике и языку вражды. Работал журналистом и редактором в различных научно-популярных, развлекательных и общественно-политических изданиях Казахстана. Главный редактор проекта «Фактчек в Казахстане» с 2017 по 2022 год. Медиатренер, создатель образовательного проекта Factcheck.Academy

Factcheck.kz