ШЫНДЫҚ | Қазақстанда жыл сайын құлдықтан 100-ден астам адам құтқарылады

Қазақстанда жыл сайын 100-ден астам адам еңбек құлдығынан құтқарылады екен. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның баяндамасына сүйене отырып, 24.kz арнасы хабарлайды. Сондай-ақ, 8 айдың қорытындысы бойынша адам саудасымен байланысты 244 қылмыстың іс тіркелгені айтылады.

Үкім: Шындық

Алайда, Қазақстандағы адам трафигі туралы бар шындық мұнымен шектелмейді. Адам саудасымен байланысты қылмыстардың үстінен қозғалған 244 қылмыстық іс – тек мәлім болғаны ғана. Ал халықаралық ұйымдар келтіретін фактілер мүлдем бөлек. Және олар жағымды емес.

2016 жылғы құлдыққа қатысты ғаламдық индексте Қазақстан 167 елдің ішінде 64-орында тұр. Бір қарағанда, аса қорқынышты емес секілді. Алайда, нақты сандарға назар аударсақ, WALK FREE FOUNDATION бағалауы бойынша, 2016 жылы Қазақстанда еңбек және жыныстық қызмет бойынша құлдықта 81 600 адам болыпты.

Бұл таңғалатын жағдай емес. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы Астана орталығының қолдауымен 2012 жылы жарық көрген «Қазақстан Республикасындағы адам саудасының құрбандарын анықтау» атты аналитикалық жинақта Қазақстанда жыл сайын 50 мыңға жуық адамның еңбегі қаналып, жыныстық эксплуатация құрбаны болатыны келтірілген. Ал әлемде заманауи құлдық құрбандарының саны 45,8 миллион адамға жетеді екен (2016 жылдың қорытындысы бойынша, олардың 25 миллионы – мәжбүрлі еңбек құрбандары).

Мигранттан құлдыққа дейін

Мәжбүрлі еңбекпен байланысты негізгі түйткілдің бірі – еңбек миграциясын реттеудің әлсіздігі.

Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның деректері бойынша, Орталық Азия аймағынан миллиондаған адам отбасын асырау үшін елден жырақта еңбек етуге мәжбүр. Ұйымның Қазақстандағы және Орталық Азия аймағындағы үйлестірушісі Деян Кесерович Жер шарының әрбір жетінші тұрғыны мигрант екенін, ал Орталық Азияда әрбір төртінші адам мигрант екенін айтады.

«Жұмыссыздықтың артуы, халық санының көбеюі және жалақының төмен болуы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан тұрғындарын сырттан жұмыс іздеуге мәжбүрлейді. Олардың еңбек құқығы бұзылып, эксплуатация және адам саудасына да тап келеді». – Ұйымның мәлімдемелерінің бірінде осындай дерек келтірілген.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының жетекшісі Айна Шорманбаева келтірген деректерге сүйенсек, ТМД елдеріне еңбек мигранттары негізінен Өзбекстаннан келеді.

ШЫНДЫҚ | Қазақстанда жыл сайын құлдықтан 100-ден астам адам құтқарылады

Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2015 жылы полицияда 1 381 681 шетелдік тіркелген, олардың 125 625-і жұмыс іздеп келгенін ресми көрсеткен (кеден қызметі беретін иммиграция картасында келу мақсаты көрсетілуі тиіс).

Мигранттардың көпшілігі статусын реттеместен Қазақстанда тұрады және жұмыс істейді. Осыған орай олар ресми органдар жүргізетін еңбек мигранттарының ресми статистикасына енбейді.

Қазіргі кезде Қазақстанда шамамен 300 мыңнан 1,5 миллионға дейін мәртебесі реттелмеген еңбек мигранты бар, олардың мәжбүрлі еңбекке тартылу қаупі жоғары.

Қазақстан еңбек инспекциясының басшысы Ақмәди Сарбасов 2016 жылдың ақпан айында жағдайы реттелмеген мигранттар санының ұдайы өсіп отырғанын айтқан болатын.

Жеке бастың қауіпсіздігіне байланысты қиындықтар

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласында орналасқан «Сана сезім» қоры 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. Ұйымға жыл сайын еңбегі қаналған мыңдаған адам хабарласып, көмек сұрайды. Factcheck.kz сауалына берген жауабында ұйым белсенділері 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары арасында ғана 274 адамға көмек көрсеткенін айтады.

Адам құқығы жөніндегі халықаралық федерация өкілдері 2016 жылдың ақпан айынан мамыр айына дейін еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқығының бұзылуына байланысты зерттеу жүргізген. ЕҚЫҰ қолдауымен осы мәселеге орай «Қазақстандағы еңбек мигранттары: мәртебесіз және құқықсыз» деген тақырыппен зерттеу қорытындысын жариялаған.

migrants

Зерттеу нәтижесінде еріксіз назар аудартатын тұстар бар: көптеген адамдар құл дәрежесінде жүріп те өздерін құл сезінбейді. Мәселен, Шахло есімді әйел (Өзбекстан) «Сана сезім» қорының қызметкерлеріне берген сұхбатында былай дейді:

Мен осында [Шымкентте] тоғыз айдан бері санитар болып жұмыс істеймін, кәрі әйелге күтім жасаймын. […]. Менің төлқұжатым сол әйелде. Солай болғаны дұрысырақ, әйтпесе ұрлатып аламын ба, жоғалтып аламын ба деп қорқасың. Онда тұрған ештеңе жоқ, бәрі сөйтеді.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры 2012-2013 жылдары адам саудасына түсу қаупі бар 1500 адам арасында әлеуметтік зерттеу жүргізген екен. Қор жетекшісі Айна Шорманбаеваның айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың ішінде тек 114-і ғана өзінің адам саудасына түскенін саналы түрде мойындаған. Ал қалғандары тіпті оны сезінбеген де. Жатын орын мен тамағы үшін ғана жалданып жұмыс істейтіндердің көпшілігі мұны құлдық деп емес, өлмеудің қамы деп есептейді.

Халықаралық міндеттемелер мен жергілікті ерекшелік

Қазақстанның адам саудасына қатысты халықаралық міндеттемелері бар. Яғни, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2000 жылдың 15 қарашасындағы 55/25 резолюциясымен қабылданған Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Конвенцияға және осы Конвенцияны толықтыратын Адам саудасының, соның ішінде әсіресе әйелдер мен балаларды саудалаудың алдын алу жөніндегі Хаттамаға сәйкес міндеттемелер.

Қазақстан Адам құқықтары саласындағы негізгі құжаттардың бірі – Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні ратификациялаған. Қазақстан Республикасы адам саудасы бойынша бұдан өзге де бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойған. Дегенмен, АҚШ Мемлекеттік департаментінің соңғы баяндамасында адам саудасына қарсы әрекеттерге қатысты ҚР заңнамалары халықаралық стандарттарға толығымен сәйкес келмейтінін айтады. Дәлірек айтқанда, «тараптардың мәмілеге келуі» деген заң талабына назар аударады. 2016 жылғы баяндамада, сондай-ақ, Қазақстан адам трафигіне «арналған ел» екені айтылған.

Қазақстан еркектер мен әйелдерді және балаларды жыныстық қызмет көрсетуге және мәжбүрлі  еңбекке тартатын елдердің қатарында, сонымен қатар кей жағдайда транзит те. Анықталған құрбандардың көпшілігі ішкі адам аудасының құрбандары, бұл да үнемі кездесетін мәселе.

Қазақстандың қыз-келіншектер Таяу Шығыс, Еуропа мен АҚШ-та жыныстық эксплуатацияға тартылады. Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның қыз-келіншектері және Қазақстанның ауылдарынан келетін әйелдер ел ішінде жыныстық қызмет көрсетуге тартылады делінген баяндамада. Баяндамада, сонымен бірге, заңнаманы өзгертуге байланысты оң өзгерістер мәжбүрлі еңбек пен жыныстық құлдыққа қатысты зерттеудің артып отырғаны да көрсетілген.

Адам құқықтары жөніндегі комиссия келтірген (мақаланың бас жағын қараңыз) 244 қылмыстық іс – 2014 жылғы көрсеткіштен екі есеге артық.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорған министрі Тамара Дүйсенованың Factcheck.kz сауалына берген жауабында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік көмек көрсету стандартын» бекіткен және ол 2016 жылы еліміздің 4 аймағында (Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалалары) сынақтан өткен.

2017 жылдан бастап «Адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік көмек көрсету стандарты» еліміздің барлық облыстарында және Астана, Алматы қалаларында қолға алынған. Стандарт аясында трафик құрбандарына тұрмыстық, медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі.

Factcheck.kz