МАНИПУЛЯЦИЯ | Қазақстанда үйрек-қаздың саны 1990 жылы 33 миллион болса, бүгінде 14 миллионға дейін азайған

23 сәуір күні Экологиялық альянс жетекшісі Азаматхан Әміртай Фейсбуктегі парақшасында «1990 жылы 33 миллиондай қазқұстың басы болса, бүгін 14 миллионға дейін азайыпты» деп жариялады. «Ал, айтыңыздаршы, аққуды атуға бола ма?» деп аяқталатын жазбаға аққу атып алған аңшының суреті берілген. Алайда, Азаматхан Әміртайдың келтіріп отырған деректері күмәнді. Ал суреттің Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ.

screen
Скриншот Азаматхан Әміртайдың Фейсбуктегі парақшасынан

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, Азаматхан мырзаның «қазқұс» деп отырғаны – үйрек-қаздар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің factcheck.kz тілшілеріне берген жауабына сүйенсек: «Салалық ғылыми ұйымдардың бағалауы бойынша, бүгінгі таңда республикамызда үйрек-қаздың жалпы саны 14 миллионнан аспайды, 1990 жылдары үйрек-қаздың жалпы саны 33,7 миллион болған көрінеді». Бұл – ресми мәлімет емес және болжам ғана.

Біз салалық министрліктен қаз, үйрек және аққудың статистикасын сұрағанбыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабы мынадай:

Жыл сайын аңшылыққа пайдаланатын үйрек-қаздың саны аңшылық шаруашылықтарында есептеліп, биологиялық негіздеме дайындалады және оған мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізіледі. Биологиялық негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған жағдайда үйрек-қаздың табиғаттан алу мөлшері белгіленеді.

2016 жылғы есептің қорытындысы бойынша, елімізде қаздың саны 6606456, үйрек –12655889, ал аққудың санын есептеу қарастырылмаған.

Сондай-ақ, АШМ мынадай кесте ұсынады:

2013-2016 жылдар аралығындағы қаздардың санының динамикасы, дарақ
 Жылдар 2013 2014 2015 2016
Қаздың жалпы саны

Алуға лимит саны

6325839

187992

7751465

162646

5430674

177481

6606456

155640

 

2013-2016 жылдар аралығындағы үйректердің санының динамикасы, дарақ
Жылдар 2013 2014 2015 2016
Үйректердің жалпы саны

Алуға лимит саны

11553175

636668

13753731

592112

10340100

598869

12655889

650078

 

Екіншіден, Азаматхан мырзаның құс атуға қатысты жазбаға Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ суретті іліп қоюы да – манипуляция. Желі пайдаланушыларының наразылығын тудырған суретті Google іздеу жүйесі арқылы тексергенде, оның 2006 жылдан бері желіде жүргенін білдік:

google
Скриншот google.kz сайтынан
guns.allzip.org
Скриншот guns.allzip.org сайтынан

Үшіншіден, Қазақстанда аққуды ататындар кемде-кем. Ауыл шаруашылығы министрлігінен соңғы бес жыл көлеміндегі аққу ату фактілері жөнінде сұрағанбыз. Министрліктің жауабы мынадай:

Соңғы бес жылда аққуды атудың 3 фактісі тіркелген, бұл оқиға Ақмола және Ақтөбе облыстарында анықталды.

Үйрек-қаз ататындардың статистикасы мен 2016 жылы қанша құс атуға рұқсат берілгенін де сұраған едік.

2016 жылы аңшылық шаруашылықтарына берілген квота  бойынша 155640 дарақ қазды олжалауға рұқсат  етіліп, оның 84082 дарағы заңды түрде табиғаттан алынды. Үйректің 650078 дарағын олжалауға рұқсат беріліп, оның 408918 дарағы заңды түрде табиғаттан алынды,

– деп жауап берді министрлік өкілдері.

Министрлік браконьерлердің бар екенін де жоққа шығармайды:

2015 жылы көктемгі аңшылық кезінде республика аумағында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 382-бабымен көзделген (Жануарлар дүниесін пайдалану және аңшылық қағидасы талаптарының бұзу) 758 әкімшілік тәртіп бұзушылық фактісі анықталса, 2016 жылы 636 тәртіп бұзушылық фактісі тіркелді.  

2017 жылғы 1 наурыздан 15 мамыр аралығында 70 заң бұзушылық анықталып, 64 заң бұзушы әкімшілік жауапқа тартылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебіне қарасақ, 2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылы үйректің де, қаздың да саны азаймаған. Оның үстіне, құс аулаудың мөлшері берілген квотадан аспағанын байқаймыз. Ал салалық ұйымдардың болжамына сүйеніп, 27 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстыру және оған елімізге мүлде қатысы жоқ суретті жариялау – манипуляция.

 

Factcheck.kz