Ядролық қарудың таралмауын қалай тексереміз?

ВАШИНГТОН – АҚШ пен Солтүстік Корея басшылығы Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның 12 маусымдағы саммитіне дайындалып жатқанда атом саласының ғалымдары негізгі сұраққа жауап беруі керек: Ким Чен Ын ядролық қарудан бас тартуға келіскен жағдайда әлем оның сөзінде тұратынына қалай көз жеткізеді?

Солтүстік Кореяның ядролық қаруды таратпау режиміне ерекше қатер төндіріп тұрғаны рас, бірақ ғаламдық деңгейде қарусыздануды қолдаудың саяси астары мүлде басқа. Дегенмен, ядролық оқтұмсықтардың жойылғанына көз жеткізудің техникалық жолдары барлық жерде бірдей. Жер жүзінде ядролық оқтұмсық пен қару санын азайтуға байланысты консенсусқа жетудің жолы әлі алыс болғанымен, Солтүстік Кореяда не басқа бір елде қарусыздануды қолға алу мәселесінің күн тәртібіне шығатыны анық.

Ядролық қарудан арылуды қадағалаудың халықаралық әріптестігі (IPNDV) төрт жылдан бері қаруды жою процесін жақсартуға күш салып келеді. IPNDV жұмыс тобының тең төрағасы ретінде ядролық қаруы бар және қаруы жоқ 25 елдің мамандарымен болашақтағы қарусыздану келісімдерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін формулалар мен технологияны және білімді жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Әріптестіктің басты мақсаты – ядролық қаруды көмуді бақылау әрі оның орындалғанына көз жеткізу. Осы кезге дейін жұмысымыз төрт негізгі салаға бағытталып келді.

Біріншіден, стратегиялық қаруды бақылау келісімдеріне қол қойылып, өз бетімен қарусыздану шаралары көбейгелі халықаралық қауымдастықтың қарусызданып жатырмыз деген елдің шынымен қарусызданатынына көз жеткізетіндей стандартты кепілдігі болмады. Мәселен, бұдан бұрынғы SALT және START келісімдері АҚШ пен Кеңес одағының және Ресейдің бомбалаушылар мен зымырандарға, суасты кемелеріне орналастырылған ядролық оқтұмсықтарды азайтуға бағытталған еді. Инспекторлар оқтұмсықтардың өзін емес, олардың жеткізу жүйелерін тексеретін. Қару азайып, қатаң тексеруге деген қажеттілік артқан сайын бұл олқылықтың орнын толтыруға деген қажеттілік те артып барады.

Екіншіден, қарусыздану процесіне сенімді күшейту үшін әлемге әркелкі “тексерушілер” қажет болады. Қырғиқабақ соғыстың ушыққан кезінде ядролық қаруы ең көп екі ел – АҚШ пен КСРО-ның 70 мыңдай қаруы болған. Әлемде бар 14-15 мың ядролық қарудың басым көпшілігі әлі де АҚШ пен Ресейдің қолында. Ядролық қаруы бар елдер саны артқан сайын қаруды азайту шаруасы қиындап кетті. Үшіншіден, ядролық қару қоры әлі де тым көп болғандықтан, оны азайтуға саяси тұрғыда ықпал ету үшін пәрменді тексеру режимі қажет. Қару саны азайған сайын тексеру де күшейе түспек. Қаруды мүлде жоюға жақындағанда тексерудің маңызы тіпті арта түседі.

Төртіншіден, саясаткерлер алдағы қарусыздану келіссөздерінде тексеру бойынша талаптар қоятыны анық, сондайда “алдауы мүмкін” деген күмәнді сейілту үшін техникалық дәлелге негізделген сенімді жауаптар болуы тиіс.

2014 жылғы желтоқсанда IPNDV құрылғалы біздің мүшелер қарусыздануды тексерудің ең ауыр техникалық қиындықтарын бастан өткерді. Біз үшін ең басты сұрақтардың бірі “Ядролық қаруы жоқ елдерді бұл іске қалай тартамыз?” деген сауал болды. Бұл салада жұмыс жалғасып жатыр, қазір біз ең алдымен “соқыр тексеру” жүйесін дамытуға күш салып келеміз. Бұл жүйе бойынша мемлекеттер мен инспекторлар қарусыздануға тікелей көз жеткізе алмағанымен, жұмыстың келісілген процедураға сай жүргізілгенін бақылай алады.

Біз шешуге тырысып жатқан тағы бар мәселе – басқа жаққа көшірілген не қайта жөндеуден өткен қаруларды ұзақ уақыт бақылау және қаруды жоюдың құжаттау кезеңіндегі олқылықтың орнын толтыру. Тексеру құралдары ядролық қару нысандарына қойылатын қауіпсіздік талаптарына жауап береді деп кепілдік бере аламыз ба? Ядролық қару саны нөлге жақындап қалған кезде мемлекеттердің тексеруге қатысты ең жоғары талаптарын қалай орындаймыз?

Біз вакуумда жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Ядролық қаруды таратпау келісіміне (NPT) қол қойған тараптар құжаттың тиімділігін талдау үшін әр бес жыл сайын жиналғанда ядролық қарусыздану мәселесіне тым аз көңіл бөледі. IPNDV-дің ұсыныстары ядролық қаруы бар елдермен арадағы келіссөздің орнын ешқашан алмастыра алмайды, бірақ ол Ядролық қаруды таратпау келісімінің ұзақмерзімдік денуклеаризация мүмкіндіктерін арттырады деп ойлаймыз.

Ядролық қарусызданудың аясындағы бақылау және тексеру салаларында күрделі мәселе көп, бірақ ол күрделі деп қол қусырып отыра алмаймыз. Саяси дауыл әйтеуір бір басылып, денуклеаризация қайта басталады. Ол қайта басталғанда әр елдің уәдесін орындап жатқанына кепілдік беру үшін бұл мәселені техникалық тұрғыдан шешуге әзір болуымыз керек.

Авторлар туралы

Пиет де Клерк – Нидерландының Иорданиядағы бұрынғы елшісі, 2014 жылғы Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінің бас келіссөзшісі, Нидерланды Сыртқы істер министрінің қаруды бақылау бойынша кеңесшісі.

Роберт Флойд – Австралияның Кепілдік және қаруды таратпау кеңсесінің бас директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz