«Мәңгі төраға» төңірегіндегі үш тұжырым

ЛОНДОНСоңғы апталарда Батыс ақпарат құралдары Қытай Коммунистік партиясының төраға болып сайлануға қойылған шектеуді алып тастап, сол арқылы Си Цзиньпиннің өмір бойы билікте қалуына мүмкіндік беретін шешіміне көп көңіл бөлді. Олардың бұл жаңалыққа наразылық білдіріп, Қытайдың саяси моделіне күмәнмен қарауы түсінікті. Бірақ мені «Қытай неге Батысқа ұқсауға тырысамыз деп уәде бермейді?» деген сұрақтар таңқалдырды.

Сарапшылардың көбі Қытай Батыс стиліндегі либер-демократияға әйтеуір бет бұрады деп болжаған. Қытай Компартиясының шешімі аздап ойландырғаны рас, дегенмен өз басым қазіргі Қытайды қарапайым түрде түсіндіру – ақылға сыймайтын әрекет деп ойлаймын.

Бірден басын ашып алайық: сайланбаған қатаң басшының ел басқаруы Батыс стиліндегі демократиядан жақсы дегенді дәлелдегелі тұрған жоқпын. Си Цзиньпин Қытайды 20 жылдан астам уақыт билеп-төстейтін болса, онда мен де басқа сарапшылардың күдігіне қосыламын.

Дегемен, сәл кең ауқымда талдап көрейік. Біріншіден, «Қытай кедейлік қамытынан қалай құтылды?» атты тамаша еңбегінде  Мичиган университетінің ғалымы Юн Юн Ан айтқандай, Қытай дамуға қатысты Батыстың дәстүрлі әдістерін қолданбастан жүздеген миллион адамды кедейліктен құтқарды.

Сидің жетістігі

Жақында пекиндік жас бизнесменмен кездестім. Оның айтуынша, қытайлардың 20 пайызы, яғни 250 миллион адам жылына 40 мың АҚШ долларындай табыс табады екен. Осыншама көп адам мұндай қыруар ақша табатын АҚШ-тан басқа бірде-бір ел жоқ. Батыс халқы мұны мойындай ма, жоқ па, бұл – шынымен үлкен жетістік.

Ең бастысы – мұның барлығы демократиялық емес жүйеде болды, ал елдегі жағдайға халықтың басым бөлігінің көңілі толатын сияқты. Шағын наразылық шаралары жиі болып тұратыны рас, бірақ олар әлгі өте бай 20 пайыздың ішіне байқалмай қалады.

Енді мынаны елестетіп көріңіз. Егер Қытай алдағы 15 жылда жылына 5,5-7 пайыз экономикалық өсім деңгейінде қала беретін болса, онда жылына 40 мың доллар табатын қытайлықтар саны екі есе артады. Мұндай жағдайда олардың Си Цзиньпиннің әлі де ел басқарып отырғанына онша бас ауырта қоймасы анық.

Hukou жүйесі және құқық мәселесі

Осы жерде екінші қорытындыға келеміз. Пессимистер Қытайдың ЖІӨ-сінің өсуінен көптен бері қауіп етіп жүр. Ал менің ойымша, Қытайды құрдымға кетіретін – оның hukou (тіркеу) жүйесі. Бұл жүйе ауылдық жерлерден келген қытайлардың ірі қалаларға барып жұмыс істеуіне рұқсат еткенімен, оларға қалалықтардікіндей құқықтар бермейді. Менің болжауымша, Қытайдағы табысы ең көп 20 пайыздың арасында бұлардың үлесі өте аз.

Қытай Компартиясы кішігірім қалаларды дамыту мақсатында онда hukou жүйесін алып тастап, эксперимент жасап көргенімен, ірі қалаларда мұндай батылдыққа бармады. Қытай саясаткерлерімен оңаша сұхбаттардан түйгенім: олар мұны ең басты проблема деп санайды. Бірақ олар бұған қарсы шыққысы келмейді. Басты уәждері – егер бұл жүйені түгелімен алып тастаса, онда Пекин, Шанхай сияқты ірі қалаларға өте ауыр салмақ түседі.

Менің болжауымша, ерте ме, кеш пе бірдеңе өзгеруі керек. Халықтың жартысы Батыстағыдай бақуатты өмір сүріп, екінші жартысы денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға қол жеткізе алмай, таршылықта өмір сүретін екі деңгейлі жүйе тағы 15 жыл жұмыс істей алмайды. Мен түсініп тұрған бұл жайтты Қытай басшылығы да жақсы байқап отырғаны анық.

Hukou жүйесінің қашан өзгеретінін ешкім тап басып айта алмайды. Ол реформалануы тиіс. Бірақ ол өзгерген кезде саяси басқару жүйесі де түбірімен жаңаруы әбден мүмкін. Осыны ескерсек, Қытай Компартиясының жоғарғы эшелоны алдағы жылдары биліктің ауысуына неге соншалық мұқият қарап отырғанын түсінуге болады.

Си Цзиньпин 2013 жылдың наурызында билікке келгенде партияның ұшар басындағылар ол енгізген өзгерістерге қарсыласып баққанын да ұмытпауымыз керек. Мүмкін он жыл – ұзақ мерзім шығар, бірақ бұл – елдің және партияның болашағына қатысты басты сұрақтарға жауап беруге жеткілікті уақыт емес.

Сонымен, менің соңғы, яғни үшінші тұжырымым – ҚКП элитасы Си Цзиньпиның ұзақ уақыт төраға болып қалғанынан гөрі 2023 жылы биліктің мәжбүрлі түрде ауысуының алдын алғысы келетін сияқты. Демек, Батыс сарапшыларына берер кеңесім – осы аралықта Қытай экономикасының қалай дамитынына зер салу керек. ЖІӨ-дегі жеке тұтыну көлемінің өсуін немесе hukou жүйесіне енгізілетін ықтимал өзгертістерді талдау Си Цзиньпиннің жеке басы мен амбициясын саралаудан әлдеқайда жеңілірек болмақ.

«Мәңгі төраға» төңірегіндегі үш тұжырымДжим О’Нейл – Goldman Sachs Asset Management-тің бұрынғы төрағасы, Ұлыбритания Қаржы министрлігінің коммерция жөніндегі бұрынғы хатшысы, Манчестер университетінің құрметті профессоры, Британия үкіметінің «Микробпен күрес» жобасының төрағасы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz